Қарқабат ана

Ерте көктемнің жылы лебімен қуанышты хабар келіп жетті. Алдыңғы үлкен ағаларымыз ұлы анамыз Қарқабатқа еңселі ескерткіш орнатсақ деген ниетте екен. Қайырымен болсын. Қасиетті қазақ даласы қашанда ұлылардан кенде болмаған және сол ардақтыларын қадірлей білген.

Қазақ баласы атақты аталары мен аналарын қатар атап ұлықтаған. Есте қалған ұлы аналарымыздың өзі қаншама. Домалақ ана, Қызай ана, Болған ана сияқты аналардың қатарында біздің ұлы анамыз Қарқабат та аталады. Біздің аталарымыз анасының атын ұранға қосты. Естеріңізде болар, Жанайдар мен Ботақанды жазалапты дегенде Бекболат би есік алдына шығып, үш қайтара «Қарқабат» деп айқайлап, үйіне кіріп жатып қалыпты. Түс ауа үш мың адам атқа қонған. Атақты Абылай хан «Бұл бес Мейрамнан (біреуі Қаракесек) пайғамбар мен шадияр шықпады демесең, басқаның бәрі бар» деген екен. Айтса айтқандай-ақ. Анамыздан тараған ұрпақтары Қаздауысты Қазыбек би, Сеңкібай би, Шабанбай би, Кенже би бастаған билер; Кемпірбай, Қамбар, Жанақ, Әсет, Мәди, Қасым бастаған ақындар; Әлімхан, Жақып бастаған көсемдер; Тәттімбеттей күйшілер, Жалаңтөс, Жарылғап, Жидебай, Ағыбай батырлар; Айтбай, Жүсіпбек, Бибігүл бастаған әншілер, Сопы, Әлжаппар, Қапан, Жаппар бастаған жазушылар ата-баба даңқына дақ түсірген жоқ. Көк Түрік баласынан тұңғыш болып көкке көтерілген Тоқтар ағамның өзі не тұрады?! Ендігі кезек біздің замандастарымызда. Біз анамызды қалай ұлықтап келешекке жеткіземіз, солай жалғасын табары сөзсіз.

Осы орайда өзімнің білген-түйгенімді ортаға салсам деп едім. Қазақ әңгімесі қашанда шындық пен аңыз аралас болып келеді. Алдыға шыққанды артқа тартып, көреалмаушылықпен өсек-аяң тарату – еріккен қазақ әдеті. Бүгінде кеше әлем аспанына жарқырап шыққан Димаш бауырымызды да әлдекімдер аяқтан шалғысы келеді. Сондай өсектің бірі – Қарқабат анамызды күң деуі. Әрине, бұған намыстанған ұрпақты да түсінуге болар, олар анамызды Арыстанбаб ұрпағы немесе қазірет Әлі ұрпағы деп шығарды. Басына күн туса кім құл, кім күң болмас. Бірақ, анамыз күң емес еді.

Аңыз бойынша Мейрам бабамыздың қайын жұрты Кіші жүз Алшын елі. Мұны Мәшһүр Жүсіп те қуаттайды. Нұрфая анамыздың шешесі қайтқан болса керек, бикешті жалғыз жібермеймін деп жеңгесі Нұржамал бастап шыққан.

Және Нұрфаяның сыйлас құрбысы Қарқабат қоса келген. Егер Нұрфая анамыз Алшын қызы болса, Қарқабат анамыз сол Алшынның Қаракесегінен шығуы әбден мүмкін. Бұған дәлел бабамыз Болаттың нағашы жұртының атымен Қаракесек атануы. Қазақ арасында баланы нағашысының атымен атау әлі күнге жалғасып келеді. Мысалға:

қалмақтан туғанды қалмақ деп, қарақалпақтан туғанды қарақалпақ деп атау біздің Оразғұл ұрпақтарында әлі бар. Қисын солай дейді, ал қисынсыз дүние жоқ. Ал, бабамызды ағаларынан шым кесекпен қорғанып, содан Қаракесек атанды деу – мейлі кім айтсада қисынға келмейді.

Қарқабат анамыз бабамыз Мейрамның табанынан сыз өтпесін деп құрғақ көде төсеп, дәрет алар суын қойында ұстап жылытып қояды екен. Риза болған бабамыз «Ұрпағың өссін», – деп батасын береді екен. Бабамыздың батасы қабыл болып, өсіп-өнген ұрпақпыз. Тек Құдай көп көрмесін. Бірлігімізден айырмасын. Аруақты Сеңкібай би «Қуаңшылық кетер, жер қалар, бектер кетер, ел қалар, берекең кетсе нең қалар?» деген екен. Ынтымақ берекеміз кетпесін. Бастаған ісімізді Аллам оңдап, аруақ қолдасын! Және бір айта кетер мәселе, шежірешілер – үйде отырып ата тарататындарға, шежірешінің мақсаты: елдің арасын ашу емес, тумағанды туыстыру, елмен елді қауыштыру болып табылады. Тарих басқа – оны білу керек, іріткі салуға жол беруге болмайды. Анамыздың тәрбиесінде болған бабамыздың бауырлары бәрі бір Қаракесек руынан болып табылады.

Ұлы аналарымыздың бірі Домалақ ана Нұрилә – Бәйдібек бидің үшінші әйелі. Домалақ ананың жалғыз ұлы Тілеуберліден Жарықшақ үш рулы ел Албан, Суан, Дулат тарайды. Соған қарамастан бүкіл қазақ елі, қала берді Ұлы жүз балалары анамыз деп біледі. Біздің Қарқабат анамызда исі Арғын, тіпті, Орта жүзге ұран болған. Атақты Біржан-Сара айтысында: «Қарқабат, Қарақожа ата-бабам, осындай ерегісте қолдайтұғын» – деп руы керей Біржан сал Қарқабаттап ұран салады. Арғынның түп атасы саналатын Қарақожа бабамен анамыздың аты қатар аталуының өзі ол кісінің қадір-қасиетін көрсетеді. Демек, бір заманда Орта жүзге ұран болған анамыздың аруағын ендігі жерде төмендетпей, сол дәрежесіне қайта көтерейік десек, егер анамыздың аты Домалақ анамен қатар аталсын десек, ескерткішті Нұр-Сұлтанға, болмаса Қарағанды шаһарына орнату керек. Ескерткіш орны әлі анықталмаған. Осы ретте ескерткішті ана мыздың біраз ұрпақтары жайлаған Ақтоғай, Шет емес, Қарқаралыға қою жөніне келейік. Қарқаралыда елдімекен орныққанына екі жүз жылдай уақыт өтіпті. Қарқаралы дуан болып тұрғанда осы екеуі де

Қарқаралы дуанына қараған. Тіпті, Қарқаралы осы өңір азаматтарының бәріне ортақ мақтанышымыз емес пе? Ендігі жерде анамыздың ұрпақтарының жерге бөлінгенінен сақтасын. Және орны әлі белгіленбеген. Тек ортаға тастар ойым – ескерткіш қоятын жер ашық алаң болса, келешекте маңына жиналар ел үшін көлік тұрағы сыятындай және естелік суретке түсем деушілер үшін артында табиғаттың әсем көрінісі болса деймін. Бұл, әрине бір кісі шешер шаруа емес, көпшілік болып ақылға салсақ оң шешімі табылар. Тек орынсыз ренішке барып, көпшіліктің мазағына айналып, ұлы анамыздың аруағын назаландырмайық. Егер ескерткіш Қарқаралыға орнар болса, онда Қарқаралы мен Тасбұлақ аралығындағы киіз үй тіккен ашық алаң, немесе келешекте Семейге өтер үлкен жол бойынан қарастырса. Және биіктеу жер болса деген өтініш. Қалай болғанда да бес ғасыр ұмытылмаған анамыздың есімін енді бір бес ғасырға апарар ізгі шаруа басталды. Жаратушы Ием іс басындағы бауырларымызға күш-қуат беріп, Анамыздың аруағы қолдасын.

Жұмажан НҰРТАЙҰЛЫ,

Сеңкібай-Биата мазарының шырақшысы.