Анық Абайдың Толық адамы

   Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Л.Гумилев атындағы қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Омар ЖӘЛЕЛДІҢ «Харекет» кітабы қарағандылық оқырмандарымен қауышты. Ақпан айының алғашқы күні.

Аталған кітапханадағы «БОТА» әдеби-интеллектуалдық орталығының ұйымдастыруымен өткен кітаптың тұсаукесерінде автор ғылыми еңбегінің ішкі мазмұнына шолу жасап, келелі кеңес, өрелі әңгіме өрбітті. Қарағанды, жалпы Арқадағы көзі ашық, көкірегі ояу оқырман бұған дейін де ойшылдығымен танылып жүрген Нұраның тумасы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі Омар Жәлел есімін жақсы білсе керек. Абай, Шәкәрім, Мәшһүр ілімдерінен қанып ішкен ойшыл, «БОТАНЫҢ» негізін құрушылардың бірі, танымал философ, бір сөзбен айтқанда, Абайдың толық адамы. Осы жолы да оқырмандарына орасан ойдың тиегін ағытты. «Харекет» сөзін Абай шығармашылығынан алыпты. Әрекет – іс-қимыл (мақсатты-мақсатсыз, тіпті, зиянды-зиянсыз) болса, харекет – ақыл мен ойдың ісі. Жалпақ тілінде қазақ мұны қам-қарекет атайды. Яғни, сары уайымға салынбай, харекет қылу – белгілі бір кәсіп ашып, игілік жолында жұмыс жасауға саяды. Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңіндегі «Адам бол, мал тап» дегені толық аша түседі. Бүгінгі тілмен айт­қанда, үкіметке жаутаңдай бермей, өзің болып мал табу. Ол үшін алдымен ниетің түзу болуы керек. Содан кейін амал, харекет – сізден, берекет – Алладан. Көшпелі қазақ қоғамындағы осы үрдісті Кеңес үкіметі құрдымға жіберіп, үкіметке телміртіп қойған елді. Үкіметке телміріп, «жұмыс жоқ» деп сар уайымға салынып отыра берсең, «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, – аздырар адам баласын» (Абай) содан туындайды. Осындай арсыздықтың тамырына балта шабу үшін адам әуелі ойы мен ниетін түземек керек. Сана солай болған соң, харекет те түзік болмақ. Анық Абайдың толық адамы – Омар Жәлелдің айтпағы – осы.

«Ердің жасы елуге» шыққан автор диссертациясының тақырыбы «XIX ғасыр­дың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиетін­дегі еңбек құндылығының зерделенуі» (Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп шы­ғармашылығының негізінде). «Харекетке» автордың аталған диссертация­сынан басқа бүгінге дейін жазған ғы­лыми-танымдық мақалалары да топтас­тырылыпты. Оны құрастырып, оқырман олжасына ұсынушы – автордың промоутері Ернат Қашқынов. Омар ағаның шығармашылығын зерделеп жүрген оның айтуынша, бұл кісінің бүгінге дейін жазған шығармалары бес томға жүк болатынын өзі білмейді екен. «Омар аға, елуге толдыңыз, осы жасыңызға дейін жазған-сызғандарыңызды жинақтап кітап шығарайық» десе, Омкең: «менің жазғандарым кітапқа толмайды», – деп безек қағатын көрінеді. Кейін промоутері еңбектерін тақырыптық тұрғыда жинақтап келіп жіберсе, жазған мақалалары бес кітапқа жүк болып шығыпты.

«Бүгінде көптеген адамдар «ақша жоқ, кедеймін» деп айтады. Себебін мемлекеттен, басқа адамдардан іздейді. Ол – ақшаның жоқтығынан емес. Шын мәнісінде, барлық мін адамның өзінде жатқанын сезбейді. Себебі, олар харекеттің жағдайын білмейді. Егер харекет жағдайын білсең, тым құрығанда, ниеттеніп, жүріп-тұруың керек. «Жүргенге жөргем ілігеді» дейді қазақ. Яғни, амалын тауып, кәсіп қылуың керек» дейді автор.

Жәнібек ӘЛИМАН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.