Қанат ИСЛАМҒА

Уа, Алтайдың бет қаратпас дауылы,
Қарағайды тамырымен қопарған.
Тауда қалай жүреді енді тау ұлы,

Таудай рухы оталған.

 

Қоншым қарға толады,
Түлкі тымақ – түте-түте болғанда
Уа, Алтайдың бет қаратпас бораны,
Мен де жүргем сол маңда.

Екеуміз де Өр Алтайда түледік,
Сауырында сен тудың,
Екеуміз де найзағайдың ұлы едік,
Бауырыңда мен тудым.

Уа, Оспанның семсері,
Алты Алаштың уысында жарқылда.
Өр Алтайдан көріп қалдым мен сені,
Қанға бөккен қалпыңда.

Алаш неге сойқан дауыл кешеді?
Еңкеймесін өр тұлғаң.
Сен Оспанның сынығысың кешегі,
Балтабайдан мен туғам.

Қаламымды жұдырықша сермедім,
Алтай асып түстім де,
Рингтегі көшірмемсің сен менің,
Шаршы алаңның үстінде.

Ақын деген ар-мұңы ғой халқының,
Батыры да сол ақын.
…Жұматаймен кездесер ме ең алтыным,
Ол да өзіңдей болатын.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.