Аманат арқалаған азамат

Өмір-мұрат, өлім-ақиқат деген қағидаға ден қойсақ, адам «…өлмек үшін туғансың…» (Абай) дегендейін, ерте ме, кеш пе, бақиға аттанары анық. Артында қандай ізі қалды? Сірә, қандай танымал тұлға болса да, сол ізімен дараланатын болса керек… Осыдан бір айдан астам бұрын дүниеден өткен Серік Смайылұлы ҚИРАБАЕВ аға шын мәнінде ұлт руханиятының жанды шежірешісі еді, ұлттық мүдденің жоқшысы еді, әдебиеттанудың білгір, білімпаз абызы еді. Бұндай бағаға ие болуының өзі соңындағы сайрап жатқан ізінің ірілігінен туындаса керек…

Аса күрделі ХХ ғасырдың қазақ әдебиетінің алтын ғасыры деп дәйектелуі бүкіл ұлттық өнер, мәдениет, руханиятқа да тікелей қатысы бар. Ұлттық идеологияның жаһанға жар салмаса да рөлін атқарған қазақ әдебиеті бір жағынан осынау ұлы миссияны атқарса, екінші жағынан, тоталитарлық тәртіптің қатаң бақылауында болды, ендеше, оның қандай да болсын мадақ, марапатқа ие екендігін айтып жату артық. Дәл сол санаға бодандық қамыты киілген сәтте де, өнерді, оның ішінде әдебиетті жасаушылардың аса ірілері «Алыптар тобы» (Ғ.Мүсіреповтің бағасы) деген атауға ие болуы да тегін болмаса керек. Енді өз тарапымыздан айтайық. Әдебиет бар жерде оны зерттейтін ғылым болады. Әдебиеттану ғылымы. Біз жоғарыда айтқан алтын ғасырды, сол алтын ғасырдағы алыптар тобын айрықша зерттеген сол әдебиеттану ілімінің өкілдері еді. Әсіресе, даңғайыр ғалымдар С.Қирабаев, Р.Бердібаев, З.Қабдолов, Т.Кәкішев, М.Базарбаев, Н.Ғабдуллиндер еді. Бұлар 1927 жылы, яғни бір жылы туған құрдастар еді. Оларды «жиырма жетінші жылғылар» деп атау дәстүрге айнала бастады. Олар өздерінің алдындағы М.Қаратаев, Т.Нұртазин, Е.Ысмайлов, С.Талжанов, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиев, т.б. ғалымдардың қолға алып, зерттеген нысандарын одан әрмен өз уақыттары тұрғысынан жандандыра зерделеді, олар үлгермеген ғылыми проблемаларды аяқтауға тырысты. Бұлардан соң әдебиеттану іліміне аздаған ғана жас айырмашылығы бар З.Ахметов, Ш.Елеукенов, Ә.Нарымбетовтер, сәл кейініректеу М.Жолдасбеков, Р.Нұрғали, М.Мағауин т.б. келді. Ең бастысы, «жиырма жетінші жылғылар» қазақ тарихында, тіпті әлем халықтары тарихында ерекше феномендік құбылысқа айналған Алаш қайраткерлерінің білім мен ғылымға қатысты аманатын қабылдап алды, өздері тірі жүргенде сол эстафетаны берік ұстады, олардың аманатына адал боп қана қоймай, соны жүзеге асыруға бар ғұмырларын арнады. Осынау «жиырма жетінші жылғылар» өкілдерінің бірі ғана емес, бірегейі, көшбасшысы Серік аға Қирабаев еді.

Бұл кісі могикандардың соңғы тұяғы (Купер романы) іспеттес еді. Өзі де, құрдастары да барша адамдар сияқты пенде атына ие еді, періште емес еді. Сол пенделіктің арқасында жекелеген кемістіктері болған шығар, алайда ғылымға баулуда, білімге адалдықтарында періштедей пәктік «мен мұндалап» тұратын. Тіпті, бұлардың ортасында ағайынға іш тарту, пікірлестерді жинау, топ құру, жерлестік, руластық ауруға шалдығу элементтері де жоқ болатын. Ғылымдағы алған бағыт, идеялары бойынша бір-бірімен келіспеген тұстары, дауласуы жауласуға ұласқан емес-ті. Олар бір-бірін қатты құрметтеді. Жеке бас мүддесіне емес, шығармашылық бәсекеге арналған жарыс болатын, ол сайыс әлдеқайда таза, кіршіксіз, әділ сайыс еді. «Жиырма жетінші жылғылар» өзара келісіп, уәделеспесе де, бәрі де Серағаны үлгі тұтатын. Оны қадірлеп, сыйлайтын. З.Қабдоловтың «Секең табиғаты таза, санасы сара жан», Т.Кәкішевтің «…осы Серіктің өзгені сәл де болса имендіріп тұратын өзіндік сұсы білім мен ғылымға деген кіршіксіз тазалығынан, соған ерекше берілгенінен деп білуіміз керек», Р.Бердібаевтың «Бір басында қоғам тынысын тез аңғарар сұңғылалық, ғылымға деген адалдық, бәрінен бұрын турашылдық бар», Н.Ғабдуллиннің «Серікпен бірге ұзақ қызметтес болған мен оны көбірек білетінім рас. Табиғатында біреуге жағымпаздану, кімнің тарысы көп болса, соның тауығы болу дегенді ол білмейтін. Саясаткерлігі басым жан, өз ісінің дұрыстығына көзі жетіп тұрған жан ешуақытта өз пікірін өзгертпейтін» деуі… – бәрі де осынау танымал тұлғаны асқақтатып тұратыны ақиқат еді.

Бірден айтайық, алыптар тобын түбегейлі зерттеген, алтын ғасыр тұлғаларын індете зерделеген С.Қирабаев пен оның құрдастары еш уақытта өздерінің әдебиеттанудағы алыптар тобына айналғанын мойындамай кеткен жандар еді. Олардың ұлылығы да, ірілігі де осынау қасиеттерінде болса керек.

С.Қирабаев республикалық газет-журналдарда қызмет істеді, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, Төралқа мүшесі болды. Республика Педагогика қоғамы Кеңесінің төрағасы, ҚР ҰҒА М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры, кейінірек бөлім меңгерушісі қызметтерінде болды. КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы ЖАК-тың Қазақстаннан филология мен өнертану саласы бойынша эксперттік комиссия мүшесі болды. Реті келгенде айта кетейік, ұстамды, сақ, қандай әрекетке барса да заң шеңберінде болуына аса айрықша мән беретін Секең эксперттік міндетін атқару барысында Мәскеудегі жауапты отырыстарда Ә.Дербісәлин, З.Қабдолов, М.Базарбаевтардың диссертациялық жұмыстарының бекуіне тікелей жәрдем көрсетсе, Ш.Сәтбаева, Т.Кәкішев, Н.Ғабдуллин, М.Дүйсенов, Ә.Қоңыратбаев, М.Бөжеев, Х.Әдібаевтардың диссертацияларын оң пікір беретін сарапшыларға жіберіп, көмектесуі – бәрі де ғылымнан ұлттық кадрлардың өсуіне алғышарттар жасаған еді. Ал, ешкімге айтпай жұмысын басқа республикада қорғаған бір ғалым азаматқа ренжісе де, сыйлас досы К.Ахановтың сөзін қимай, үш жылға созылған сергелдеңнен соң, дипломын алуына сіңірген еңбегі өз алдына жеке бір әңгімеге лайық. Бірден айтайық, бұл жайттарды біз Секеңнің өз аузынан емес, жоғарыдағы аттары аталған ғалымдардың өздерінен естіп ек. Серік аға «Өмір тағылымдары» атты естелігіне 2007 жылы кіргізіпті. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде істеп жүргенімізде бір отырыста Рымғали Нұрғали жаңағы ғалым ағамызға «…елдің бәрі Секеңнің тигізген көмегін айтады, Сіз ғана айтпайсыз, оныңыз қалай?» деп әзілдей сұрақ қойғанда, әлгі кісі сөзді басқа жаққа аударып, сырғақтап еді. Журналист кадрларын әзірлеуде ерекше орны бар деп аталатын, қазірде бақилық боп кеткен адамды мұқату үшін айтып отырған жоқпыз бұл жайттарды. Тек сол уақыттың сырына, адамдардың мінезі мен іс-әрекетіне бүгінгі күн тұрғысынан үңілу мақсатында сөз еттік.

Серағаның ғұмырының басым бөлшегі тұңғыш білім ордасы Қазақтың Абай атындағы пединститутымен тығыз байланысты. Егер газет-журналдарда, Жазушылар одағында қызмет істеуі қаламы жүйрік журналистер мен алуан түрлі мінез иелері қаламгерлермен жете танысуына, адамтану ілімінің алғашқы басқышы болса, КСРО астанасындағы ауқымды басқосуларға қатысуы өз елі мен Орталықтың нақты хал-ахуалына, империялық пиғыл мен прогресшіл көзқарастар сырына үңілуіне мүмкіндіктер бергенін айтқан ләзім. Ол жағдай таным көкжиегінің кеңеюіне, саяси тұрғыдан белгілі бір дәрежеде шыңдалуына бастағаны мәлім. Соның нәтижесінде өзін ғылыми шыңға шығара алған Сәкен Сейфуллин сияқты (Серағаңның докторлық диссертациясы сұңқар ақынның шығармашылығына арналған) ол кісі де өз дәуірінің адал, турашыл, әділетті перзенті бола алды. Сол дәуірдің сырына қаныққысы келген жан С.Қирабаевтың ізі түскен жерлерге үңілер еді, ғалым мен кеңестік қоғамның арақатынасын бағамдар еді, тұтас бір дәуірдің толыққанды шежіресіне, бүкпесі жоқ ақиқат шындығына көз жеткізер еді. Әлемдегі бірден-бір әділетті қоғам болса, онда әділетсіздік неге орын алады, міне, мәселеге осы тұрғыдан үңілген жан ғана Қирабаев феноменіне бойлай алар еді. Лауазымды басшы болса да, титтей-ақ дейікші, қылдан таюы, көмекшісінің өз жақын адамын бұрын сотталған жан болса да, Мемлекеттік сыйлық әпермек боп тырысуы, ол адамға бір академик, бір классик қаламгердің тілектес болуы, ештеңеге қарамай С.Қирабаевтың қарсы шығуы, әлгі адамның сыйлықтан қағылуы – бәрі де сол заманның шынайы ахуалынан ғана емес, Серік аға Қирабаев болмысынан да хабардар етсе керек. Тіпті, қудалауға ұшырауы, жоғарғы жақтың өзі ректорлыққа ұсынып, кейін сөзден таюы, Әлия жеңгейімізге жаңа келген ректордың Ғылыми Кеңесте қысым көрсетіп, конкурстан өткізбей тастауы, ақыры, қысым күшейген соң бірінші басшыға сәті түсіп кіруі, сол адамның араласуы, осының бәрі «кемелденге социализмді» қалыптастырып, «коммунизмге» бет алған қоғамға лайық па еді? Бір қараған адамға осының бәрі Секеңнің өз басында ғана болған ұсақтау жайт боп көрінетін шығар?! Жоқ, олай емес, жеке адам мен қоғам қарым-қатынасынан хабардар ететін жайттар. Кейбіреулердей шындық үшін шырылдаған адам боп көрініп, патриоттығы үшін жазықсыз жапа шеккен жанның рөлін ойнағандай болуы ұлылардың аманатын арқалаған осынау жанның табиғатына мүлдем жат еді. Бұл – біздің ғана емес, қалың жұртшылықтың пікірі десек, ешкім қарсы бола қоймас деген ойдамыз. Секеңді ұнатпаған, оның бойынан кінә іздеген жандар, сірә, абзал азаматтың әділетсіздікке төзбейтін қайсарлығынан, принципшілдігінен тоқтау көріп, тайсақтаған шығар?! Әділеттілік дегеннен шығады, өзімен дос-жар, етене жақын, тіпті жекжаттығы да бар біраз жандардың оң іс-әрекетіне әділ баға бере келіп, теріс мінез, пиғылдарына өткір сын айтуы жеке басын асқақтатуы, көсемсуі емес, адам табиғатына, адам мен қоғам қарым-қатынасына үңілуі деп пайымдағанымыз абзал. Адам, жоғарыда айтқанымыздай, періште емес, пенде. Аса танымал деген жанның онда да аппақ қағазбен жұмыс істейтін, өзгеге үлгі боп, аңызға айналған адамның оғаш істерін, ағат әрекеттерін айтуы ұсақ-түйекке жатпаса керек. Ғ.Мүсірепов, С.Имашев, Н.Жанділдин т.б., сондай-ақ жазушылар арасындағы пендешілік күйкі әрекеттер, күлкілі әңгімелер, басқа да жайттар автордың шынайы өмірде көрген, көкейіне түйген жайттарынан туындаған, бір ғажабы, сынға ұшыраған сол азаматтардың іштей болса да мойындағаны шығар, авторға бір ауыз қарсы сөз айтпауы?…

Серік аға Алаш қайраткерлерінің аманатын арқалап, абыроймен іске асырған тұлға еді. Адам адам боп жаратылғалы еш мәнін жоймай келе жатқан сала болса, ол білім саласы ғой. Білім беру орындарында әдебиеттің орны ерекше. Педагог ғалымның қаламынан 9-10 және 10-11-сыныптарға арналған «Қазақ әдебиеті» оқулықтары ұзақ жылдар бойы бірнеше рет басылып, талай буын оқушылардың игілігіне жарағанын, жоғарғы мектепке арналған оқулығының да (басқа авторлармен бірігіп) көп жылдар бойы талай жасты біліммен сусындатқанын еске алғанда, көп жағдайға қанығасың. Қазіргі таңдағы реформаларға, оқулықтардың сиқына қарайсың. Шетелде шығатын ғылыми басылымдарда мақаласы жоқ ғалымдарды көргенде, әл-Фараби, А.Байтұрсынов, сәл бұрынырақтағы Ы.Алтынсариндердің ертеде ғұмыр кешкеніне тәубе дейсің, әйтпесе, мақалаң жоқ деп оларды да шеттетіп, ұятқа қалар ма едік, қайтер едік?! Ғалым Серік ағаның қаламынан он беске тарта монография, жүзге жуық мақала, отыздан астам сын-зерттеу дүниелері, оқу-әдістемелік құралдары, семинарий т.б. туған екен. Даңғайыр ғалым он бес ғылым докторы мен отыз бес ғылым кандидатының жұмыстарына кеңесшілік, жетекшілік жасаған-ды.

Ал, бұл жайттар республикадағы білім мен ғылым саласына сіңірген еңбегінен хабардар етіп қана қоймай, кезінде Қазақстанның әлемде, Одақта білім-ғылым әлеуеті бойынша алдыңғы үштікте болғанына тағы да назар аудартады.

Тегеурінді ғалым осы саланы мейлінше нығайту үшін КСРО ПҒА-ғы корреспондент-мүше атағын да, республикадағы педагогика қоғамын басқарған лауазымын да ұтымды пайдалана алды. Асылы, аманат арқалаған абзал ағаның ұлты үшін сіңірген еңбегін зерделегенде, білім-ғылым саласындағы істері, аса ірі қайраткерлік тұлғасы, дәуір руханиятының, саяси, әлеуметтік, тарихи жайттардың куәгері, шежірешісі екендігіне ден қоя білген жөн. Кеңестік дәуір әдебиетінде ол қалам тартпаған кезең, уақыт, ақын-жазушы жоқ шығар? Бірі тікелей зерттелсе, бірі қоғам келбетінің сырын ашу мақсатында шолу жазбаларында қамтылды. Сыншы ғалым өз жазбаларында өзін күстаналаған кейбір жайттарға түсінік береді. Бірі – Б.Тілегеновтің «Тұйық өмірдің құпиясы» естелігіндегі Ғ.Мүсіреповтің «Менің ЦК-м Қирабаев» деген сөзіне қатысты. Сол тұста Одақ бойынша сыншылар кітабы жарық көре бастағандықтан, бізде неге шықпайды деген Секеңнің жазушылар съезінде атақты Ғ.Мүсіреповке ашына айтқан сөзі сондай мағынада елге тараған. Әділдіктен алыстамайтын Ғабең әу басында туласа да, кейіннен жас сыншыны өзі татуласуға шақырғаны да біраз жайттан хабар берсе керек. Екіншісі – елуінші жылдардың басындағы репрессияның екінші толқынында сыншының Қ.Аманжолов шығармашылығына қатысты албырттықпен қасаң мақала жариялауы. Билік орындары ұйымдастырып, Қасымның тағдыры шешілер ресми мәжілісте алдындағы қателігіне опынған Серік ағаның Қасымды ақтап, қатерден алып қалуы, кейіннен риза болған классик ақынның өз алғысын Е.Ысмайылов арқылы жеткізуі бұрынырақтағы Ж.Аймауытовтың Мағжан туралы баяндамасын еске түсіреді. Серағаның бертіндегі Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясы, республика Жазушылар одағының басына түскен қиындықтар, соның бәріне кімдер айрықша атсалысты т.б. туралы өткір ойлары қара басын мадақтау емес, елдік мүддемен ұштасқан пікірлер дер едік. Жекелеген танымал тұлғалар туралы сын-пікірлері де сол жандарды мансұқтау емес, сол бір тұтас дәуірдің жанды картинасы еді дегеніміз орынды. Ол арзан атақ қуған жоқ. Ешкімге жағымпазданып, аярлық көрсеткен жоқ. Нендей жетістікке жетсе де, өзі де, Әлия жеңгей де өз еңбектерімен жетті. Алланың ақ жолынан ауытқымауға тырысты. Тәңірі ол кісілерге тамаша ұрпақ сыйлады. Осылардың бәрі де Серік ағаның артында қалған ізін, рухани шүйгіндікті байқатса керек.

Мәуен ХАМЗИН, филология ғылымдарының докторы, профессор.