Жаңалықтар

«Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі…»

ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ САНАЛАТЫН КЕЛЕШЕК ҰЛ-ҚЫЗДАРҒА АЛҒАШ РЕТ ӘРІП ТАНЫТЫП, АДАМ БОЙЫНДАҒЫ КІСІЛІК ҚАСИЕТТІ ҮЙРЕТЕТІН ҰСТАЗДАР ҰЛТТЫҢ ҰСТЫНЫ БОЛУҒА ӘБДЕН ЛАЙЫҚ. «АҒАРТУШЫНЫҢ АЛДЫН КӨРМЕГЕННІҢ АДАМГЕРШІЛІГІ ДЕ АРЗАН ТҰРАДЫ», – ДЕЙДІ АҚЫН МИРАС АСАН.
ҚАЙ ДӘУІРДІҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАРЫ БОЛСА ДА, ОЛАРДЫҢ ӨЗІМЕН БІРГЕ ҰЛЫҚ ҰСТАЗДАРЫНЫҢ ЕСІМІ ҚОСА АТАЛАДЫ. ТҰЛҒА ДА ҰСТАЗҒА БАС ИЕДІ. ПАРАСАТ БИІГІНЕ ЖОЛ СІЛТЕГЕН ҰЛЫ ҰСТАЗДЫҢ ЕСІМІ ЕШ УАҚЫТ ӨШПЕК ЕМЕС. ҰСТАЗ ДЕГЕН ҰЛЫ АТТЫ ЕСТІГЕНДЕ ТҰЛҒАЛАР ДА ӨЗІН ШӘКІРТТЕЙ СЕЗІНЕДІ ЕКЕН.


Тарихты парақтасақ, тұтас әлемге әмір еткен атақты қолбасшылардың өзі мемлекет басқаруда ұстаздарынан ұзақ уақыт ілім алғаны айтылады. Александр Македонский «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін: әкемнен өмір алсам, Аристотель ұстазымнан өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым», – депті. Сондай-ақ, «Патша қанша жерден ақымақ болса да баласының ұстазының алдын кеспейді» деген тәмсіл ежелгі грек ғұламаларынан қалса керек. Ал, адамзаттың екінші ұстазы саналатын Әбу Насыр әл-Фара- би бабамыз: «Жаратылысынан жадысы мықты, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің ешқайсысын ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі мұғалім жұртқа әділ, ізгілікке жақын, қорқыныш пен жасқануды білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» деп баға береді.
Ұстаз дегенде ұлт руханиятының жаршысы, жазушы, қазақтың Шерхан Мұртазасы туралы айтып өткен орынды. Кешегі руханиятқа еңбегі сіңген алдыңғы толқын ағалардың «Шерханның шекпенінен шыққанбыз» деп айтуы тегін емес. Ұлы жазушы Оралхан Бөкейдің өзі Шерханды ұстаз тұтты. Мына бір мысалға назар аударсақ (1992 жылы жазылған):
«Аға! Мен Сізді ешқашанда аты-жөніңізбен атаған емеспін. Ең алғаш көргеннен бастап «Аға» деп амандастым және сол 1967 жылдан бері туған ағадай шыншыл көңілмен сыйлап, құрмет тұтып келемін. Бәлкім, осынау алдымен арты айырбастала беретін алдамшы өмірде, сынаптай толқыған әрі айнығыш заманда туған ағайынымен де aт құйрығын кесісердей дүрдараздық болар да, бірақ Сіз бен біздің арамызда ширек ғасырдан бері ағалық-інілік жарастыққа жарықшақ түскен жоқ (тіл-көзден сақтасын). Мен Сізді, Аға, жаһандағы жалғыз ұстазымдеп, жар сала айтудан ұялмас едім, әрі осының өзін мақтан тұтар едім», – дейді.
Шерхан Мұртаза 60 жасқа толғанда ұстазына құттықтау жазған Оралхан: «Міне, Сіз 60 деген асуға шықтыңыз. Төменге қараңызшы, Аға, мен көрінем бе екен?» деген сөзді оқығанда бойың шымырлайды. Ұстазын биіктеткен жазушының өзі сол биікке шығып келе жатқанын білді ме екен сол кезде?.. Бір күнде туған қос қаламгердің рухани байланысы осы бір жазбаларда анық көрінеді. Ұстазын үлгі тұтқан нағыз парасат иесі осындай болса керек…
Ұстаз аты – күннің құдіретті сәулесі секілді. Шартарапқа сәуле шашқан шуағынан мың-миллион адам жылынады. Демек, күн секілді ұстаздың орны қашан да биікте болуы керек.
Мұғалім – қоғамның тамыршысы, бағыт-бағдар беруші тұлғасы. Әлі күнге дейін мұғалім көрсек, именіп тұратынымыз, мектеп табалдырығын аттаған сайын сол бала күнгідей көңіл-күй мен толқуды бастан кешіретініміз жасырын емес. Ал мектеп – ұлт рухын тербеп тұрған киелі бесік. Отбасы мен мектептен алған тәрбие мен тағылым әр адамның өміріне берілген ең алғашқы жолдама іспеттес.
Осындайдан Алаштың күн келбетті ақыны Мағжан атамыздың «Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деген сөзі ойға оралады. Сауат аштырып, хат танытқан, сыртқы пайым мен ішкі парасатты үйлестіріп бере білген ұлағатты ұстазға талайлардың бас иіп, төрденорын беруі – құптарлық іс. Біз бүгінде мұғалім мен ұстаз атына сол сөз биігінен қарауымыз керек.
Ел болып еңсеміз көтеріліп, дамыған елдің қатарына қосылуға қам жасауда бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру – мұғалімнің еншісіндегі іс екені анық. Мемлекеттің жарқын болашағын мұғалімдерсіз елестету қиын. Бүгінде педагог мәртебесін көтеру жұмыстары өз жалғасын табуда. Бұл істің былтырдан бері заң жүзінде қолға алынғаны көпшілікті қуантты.
Біздің мемлекетіміз әрбір ұстаздың еліміздің дамуына қосқан үлесін аса жоғары бағалайды. Мемлекет басшысының ұстаздар қауымына әрқашан қолдау көрсетуі – осының айғағы болса керек.
Демек, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде «бала жанының бағбаны» саналатын мұғалімдерге артылатын жауапкершіліктің де өз салмағы бар. «Оларға тамаша қызмет тапсырылған, күн астында одан жоғары еш нәрсе болмақ емес», – дейді чех ұстазы Я.Коменский. Сол секілді тамаша қызмет иесі саналатын ұстаздардың балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруі тынымсыз еңбекті, қажырлы қайрат пен үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Қоғамдағы тәрбиелік дәстүрді жалғастырып, биік адамгершілікке бастайтын қасиеттерге баулу – мұғалімнің басты міндеті болмақ.
Ұстаздық – тағылымы мол мамандық иесі. Бүкіл саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған мұғалім қашан да құрмет-қошеметке бөленуі тиіс!

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button