Алпауыт кәсіпорын өзгерістер алдында
Жұмыс сапарымен облысқа келген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевпен бірге Qarmet-ті жаңғырту жоспарларымен танысты. Себебі, бұдан былай кәсіпорынның тағдырына тікелей жауапты ұлттық инвестор Андрей Лаврентьев Qarmet-ті сатып алғаннан кейін қысқа мерзім ішінде бірқатар шараларды атқаруға уәде берген еді. Олардың қатарында жұмыс барысында ұжымдық келісімшарт пен кәсіпорын жұмысшыларының еңбекақысын төлеу жүйесінің сақталуын, өндіріс орнының қауіпсіздігін және экологиялық ахуалын одан әрі жақсарту бар. Одан бөлек, өндірісті жаңғырту және қайта ұйымдастыру, шығарылатын өнім көлемін, номенклатурасын және түрлерін ұлғайту да бар. Тіпті, болашақта қанша қаржы құятынын да айтты инвестор. Андрей Лаврентьев уәде еткен 3 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі инвестицияның 2,3 млрд. доллары келесі жылдың еншісінде.

Кездесу басында Роман Скляр «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын марапаттау рәсімінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарағанды металлургия комбинатының қазақстандық компания меншігіне өту мәселесінің сәтті аяқталғанын атап өткеніне тоқталды.
– Сонымен бірге, Мемлекет басшысы кәсіпорынның одан әрі тағдыры үшін Qarmet пен Үкіметтің жауапкершілік дәрежесі туралы нақты түсінік берді. Тапсырманы орындау үшін бүгін біз дамудың ең оңтайлы жолдарын бірлесіп, зерттеп жатырмыз, – деді Роман Скляр.
Марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы жаңа меншік иесіне сұраныс жоғары болатынын ескерткен.
– Менің тапсырмам бойынша Қарағанды металлургия комбинатының қазақстандық компанияның меншігіне өту мәселесі ойдағыдай шешілді. Енді Үкіметтің міндеті – оған, әсіресе, жұмыстың бастапқы кезеңінде көмек көрсету. Содан кейін жаңа меншік иесінен сұраныс өте қатал болады, – деген еді Қасым- Жомарт Тоқаев.
Т.Күзембаев атындағы шахтада болған делегацияға атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Оның қатарында жерасты позициялау және радиобайланыс жүйесі бар. Аталған жүйе бұл күні барлық нысандарға енгізілген.
Жүйенің көмегімен диспетчер шахта ішіндегі персоналдың орналасқан жерін және қозғалысын бақылайды. Бұл жағдайды дұрыс бағалауға және қажет болған жағдайда қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді.
Мәселен, 2008 жылғы 11 қаңтарда «Абай» шахтасында болған апаттан 30 кенші қаза тапты. Сол уақытта 9 адамның мәйітін ғана жер үстіне шығаруға мүмкіндік туған. Себеп – дәл осы позициялау жүйесінің жоқтығы. Кеншілер көз жұмды деген жерге бүгінде ескерткіш орнатылды.
Сапар барысында Qarmet басшылығы шахталар мен комбинатты техникалық жарақтандырудағы күрделі проблемалар, сондай-ақ, заманауи өндірістік технологияларды енгізу перспективалары туралы баяндады. Кездесуді қорытындылай келе, Роман Скляр Үкімет тарапынан жоғары сенім жүктегенін атап өтіп, өнеркәсіптік қауіпсіздік стандарттарын арттыруда барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
Естеріңізде сала кетейік, келісімшарт бойынша кәсіпкер Андрей Лаврентьев «АрселорМиттал Теміртау» активтерін 286 млн. АҚШ долларына сатып алған. Одан бөлек жыл сайын 4 рет тең жарнамен 450 млн. АҚШ доллары мөлшерінде кейінге қалдырылған кепілді төлемді төлейді. Сонымен қатар, келісім жабылған кезде «АрселорМиттал Теміртаудың» өтелмеген топішілік қарызы ретінде 250 млн. АҚШ долларын өтейді.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz