Алаш жүректі ақын
Биыл Алаш жүректі ақын Дәуітәлі СТАМБЕКОВ жетпіске келеді екен, тірі болса. «Артына өлмес сөз қалдырған, өлді деп тағы айта алмайсың» (Абай). Анығы, Дәуітәлідей жыр ғұмырдың шын ғұмыры енді басталды.
Қазір қазақ даласында Дәуітәлі Стамбековтің 70 жылдығын атап өту басталып кетті. Қасым дүниеге «дауылдатып» келсе, бұл ақын (қаңтардың 26-сы) борандатып келген екен. Ақынның туған күнін Қарағанды гуманитарлық колледжі өз деңгейінде атап өтті. Қарағанды ғана емес, Қазақстан көлемінде бірінші болып арнаулы әдеби кеш ұйымдастырған колледждің көреген басшысы Есжан Әміров пен оның ұжымының еңбегін айрықша атап өткен жөн. Астана бізден кейін ертесіне бильярдтан Д.Стамбеков атындағы бәйге өткізді. Мана қазақ даласында ақынның 70 жылдығы басталып кетті деуімнің мәнісі сол.
Ақын мерейтойына арналған кеш оның өлеңдерімен ашылды.
«Кіп-кішкене бөлтірікті ұрадан,
Алып келді біздің үйге бір адам.
Сыйға тартты шын қызықты біздерге,
Сол сыйлығы бәрімізге ұнаған.
Бірте-бірте бөлтірік те өзінің,
Кетті ұмытып бөрілік бір сезімін.
Шөп қорада ойнап жүріп бір күні
Көзі түсті жанарына қозының.
О, ғажап-ай, тұрып қалды таңданып,
Есі кетіп, көзі жанып, жанданып!
Содан кейін жалт бұрылып, жоқ болды,
Бұл қорада жүргеніне арланып». «Бөлтірік» атты бұл өлеңі біздің ойда бір оқығанда-ақ жатталып қалған. Жақсы өлең есте бір оқығанда қалады. Ақынның ақындығы осыдан-ақ белгілі.
Шара барысында колледждің топ-топ студенттері ақынның отты да ойлы жырларын бірнеше рет дүркін-дүркін оқыды. Бірінен бірі өтеді. Өзі туған Ақтоғайын жырға қосқанда, Әлихан, Әлімхан, Жақыптар жайында тебіреніп, «Бір еңкейткен секілді көкті жерге», – депті. Алаш арыстарына берілген баға – бұл.
Уақыт көшінен озып жырлаған ақын өлеңдеріне қайран қаласың. Кеңес үкіметінің кезінде «Армысың, ақырзаман!» деп бастапты бір өлеңін. Алматыда студент кезінің өзінде мінбеден айтып жүреді екен: «Егер күндердің күні Кеңес үкіметі құласа, қазір оқылып жүрген Маяковскидің азаматтық лирикалары өзінен-өзі керексіз болып қалады. Сол кезде ел тек адам жаны мен сезім сырларына үңілген Есенинге, бірыңғай лирикаға бас қояды», – дегенін замандастары естеліктерінде жазады. Алаш жүректі ақынның азаттықты көксеген арманы осыдан аңғарылады.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Дәуітәлі Стамбековтің бірнеше жыр жинақтары шыққан кезінде. Поэмалары қаншама. Қазақ поэзиясындағы Мұқағали Мақатаевтан кейінгі қуатты толқынның басында осы Дәуітәлі Стамбеков, Кеңшілік Мырзабеков, Жарасқан Әбдірашевтар бар. Мұқағали атамыз Дәукеңді «Батыр бала Болатбек» атап, ерекше жақсы көрсе керек. Небары 52 жас жасаған ақын дүниеден өткен соң, топтастырылған кітабы – «Жұмағым мен тамұғым».
Дәукеңнің атақты шығармаларының бірі – оның сөзіне жазылған «Таңғы тілек» әні. Әнді алғаш сахнаға алып шығып, орындаған Нұрлан Өнербаев. «Сен дегенде, сен дегенде таңмен бірге ояндым, Сен дегенде, сен дегенде күн нұрына бояндым. Екеумізге ауысса екен, аяулым, Адалдығы, адалдығы Қозы менен Баянның» деген ән мәтіні ел есінде болса керек. Кеш барысында колледж студентінің орындауында бұл да шырқалды.
Әдеби кеш аясында ақын өмірі мен шығармаларына қатысты деректер айтылып, фотосуреттері көрсетілді. Арқада туып, Алматыда ғұмыр кешкен ақынның өлең оқып тұрған бейнебаяны сақталыпты. Оны да тамашаладық. Кешті ақынның алдын көріп, соңынан ерген ізбасары Серік Ақсұңқарұлы қорытындылады. Ақын Руслан Нұрбай былтыр нәрестесінің есімін ақын құрметіне Дәуітәлі қойыпты. Соны тілге тиек еткен ол Дәуітәлінің «Көл жағалай бір бала жүгіреді» өлеңін оқыды. Аталған колледж директоры Есжан Әміров сөз сөйледі. Ақын Ілияс Мұқай ақпан айының 28 жұлдызында Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында Дәуітәлі Стамбековті еске алу кеші өтетінін хабарлады. Сондай-ақ, Дәуітәлі Стамбеков атындағы сыйлықтың иегері, жас ақын Жанат Жаңқашұлы өлең оқыды.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ:
– Батырлар жыры, жыраулар поэзиясы, одан беріде Абай, Мағжан, Қасымдары бар қазақ поэзиясының есігінен кірмек түгілі, табалдырығынан аттап басу – ақылға сыймайтын құбылыс. Қазақ жырына Мұқағалидан кейін келген қуатты толқын өкілі Дәуітәлі Стамбеков соның төрінен орын алған ақын. Егер алдымда Дәуітәлідей ағам жүрмесе, дүниеде Серік Ақсұңқарұлы деген басы жұмыр пенде болғанымен, ақын болмас еді…
Жәнібек ӘЛИМАН