Алаш рухы – «Алтын тақта»

Тақ таласы да, бақ тала­ сы да емес, Aлтын таққа жетіп барып көз жұмған Керей ханның көкейін тес­ кен елдік мұрат еді. Алып империя Алтын орда құ­ лаған соң, Әбілхайыр ханның ақылға сыйым­ сыз әрекеттерін көріп, «қазақ кеткен» Керей мен Жәнібек сұлтандардың соңындағы ел хандық құрып, іргесін бекітуге кіріскен тұс. «ел қайда, есіл қайда?» демеуші ме еді төңірекке қаранған қа­ зақ баласы. Ақ орданың тікелей мирасқорлары ата жолын ұстанып, бұрынғы дешті қыпшақ – бүгінгі Ұлы даланы құтты қоныс етіп, алтын таққа отырмаған­ да ше?!

Қарағанды кинотеатрларына «Алтын тақ» фильмі келді деген соң бармай қалсын ба ел? Бұған дейін біз тамашалаған «Алмас қылыш» – «Қазақ хандығы» киноэпопеясының алғашқы бөлімі ғана екен. Мына «Қазақ хандығы. Алтын тақ» – соның жалғасы (екінші бөлім) әрі жеке фильм ретінде де тамаша туынды дерлік дүние. «Сарыжайлау» кинотеатрындағы осы жолғы көрсетілімінде көрермендер тарихи көркем фильмді түсіруші шығармашылық топ пен әртістерді «қолға түсірді». Аталған кинотеатрда бір апта бұрын көрсетіле бастаған туындыға қатысты авторлар мен әртістер сұрақтарға жауап беріп, әсерлерімен бөлісті.

Төрт жыл бұрын түсіре бастап, осы күнге дейін екі бөлімі аяқталған фильмнің режиссері Рүстем Әбдірашев «бұл жобаны қолға алғалы Қазақ хандығын қайта құрып жатқандай күй кештік» – дейді. «Арба-шананы өгізге жегіп, атқа мініп, көшіп-қонудан қол үзген заманда өгіздерді арбаға үйрететін адамның өзі жоққа тән. Сондықтан, бұған ата кәсіпті суытпаған қазақтармен қатар, дүниенің шартарабынан шетелдегі қандастарымыз да жұмылдырылды. Әсіресе, өгіздерді арба-шанаға үйрету қиынның қиыны болды. Кинода оны көрсетпесең, тағы болмайды» – дейді режиссер.

Расында, қазір өңіміз түгілі түсімізге кірмейтін Хан ордасын құру, аттың құлағында ойнап, ескілікті тұрмыс кейпіне бірден бойлап кету кімге болсын оңай емес. Әсіресе, қалада жүріп ақсаусаққа айналған әртістер қауымына. Дегенмен, қанда бар қасиет. Елдің тарихи санасын жаңғырту үшін қайрат қылмағанда, мұндай дүние туар ма еді?!

Рүстем Әбдірашев сөз арасында Керей ханды сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әртіс Қайрат Кемалов ағасына алғыс айту арқылы қарағандылықтарды бір көтеріп тастады. «Қазақ хандығын түсіру барысында әртістер арасынан тапқан ең үлкен олжам – осы Қайрат аға Кемалов» – деп мағмұрланды режиссер. «Қазақ хандығы» жобасының бел ортасында жүрген тағы бір қарағандылық – аталған кино мәтіндерінің авторы, белгілі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай бар боса-болмаса. «Осыдан 500 жыл бұрын өмір сүрген тұлғалар жайындағы фильм. Солардың тұрмыс-тіршілігі былай тұрсын, тағдырын түйсініп, кейпіне ену – қиыншылық тудырып қана қоймай, қыруар еңбекті талап етеді. Олар туралы оқиды, ізденеді, естиді дегендей. Сол дәуірде бұл далада қандай маңызды оқиғалар өтті? Ел тағдырына байланысты үлкен оқиғалардағы алып жүректі ақылман адамдардың қандай әрекетке барғанын түйсіну керек қой. Оқып, білген өз алдына, күллі ақыл, сезіммен байыбына бармай шынайы дүние жоқ. Бұл екі арада қоюшы режиссердің көкірек көзіндегі сол кеййіпкердің тұлғасы және бар. Режиссер қиял әлемінде көріп тұрған кейіпкерді әртіс те әуелі өз әлемінде тудырып, тұлғасына сіңіреді. Кейіпкерді сомдау барысында екеуінің ойы бір жерден шықса – кино үшін, жалпы өнер үшін үлкен бақыт. Кино түсіргендегі біздің бір бақытымыз – режиссер мен әртістердің көкірек көзіндегі елес, ұғым, түсінік, қиял – бәрі бір жерден шығып жатты. Киноны халықтың жақсы қабылдап жатқаны да содан болу керек» – дейді Қайрат Кемалов.

Облыс әкімдігінің қолдауымен мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен «Сарыжайлау» кинотеатры ұйымдастырған кездесуге аталған тұлғалардан бөлек, фильмнің бас продюсері, Қобыланды батыр рөлін сомдаушы әртіс Арман Асенов, Шах-Мұхаммед бейнесін кейіптеуші жас әртіс Ниязбек Шайсұлтанов, Қызданай актриса Ғазиза таңшолпан Тілеубай кезі келген сұрақтарға жауап беріп, әсерлерімен бөлісті. Осындай сәл ғана жауаптасудан кейін көрерменді көп күттірмей, кино да басталып кетті.

* * *

Осыдан екі жыл бұрын көрсетілген «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмінде Әбілхайыр хандығынан бөлінген қазақ рулары жеке мемлекет құрып, Керейді хан көтеруші еді. Мына «Алтын тақта» жаңадан құрылған Қазақ ордасының көрші Моғолстан, Ойрат елдерімен қарым-қатынасы, іргесін бекіту барысындағы түрлі тартыстар Әбілхайыр ханның жақтастарымен Қазақ ордасына жорығы көрсетіледі. Сол қарсаңда Дешті Қыпшақ даласында шашырап жатқан қазақ рулары бір жеңнен бас шығарып, Созақ пен Иассыны (Түркістан) бағындырады.

Қазақ ордасы мен Әбілхайыр әскері соғысқалы тұрғанда, бұрын Әбілхайыр ханнан оңбай алданып, көңілі қалған Қобыланды батыр әскерімен қазақтар жағына шығып кетеді. Мысы басылған Әбілхайыр әскері аңтарылып тұрғанда, немересі Шах-Мұхаммед Жәнібектің баласы Қасым сұлтанды жекпе-жекке шақырады. Киноның алғашқы бөлімінен білетініміздей, екеуі – бөле. Шешелерінің көзінше бір-біріне қылыш көтермеуге серт берген. Сол сертті бұзған Шах-Мұхаммедті жеңген Қасым сұлтан оны өлтірген болып, қанжарын дәл тамақ тұсына – жерге қадағанда, онсызда Қобыланды қарсылас жағына өтіп, жүні жығылып тұрған Әбілхайыр жүрегі тоқтап өледі. Арада бітім болғанымен, көп ұзамай Керей мен Жәнібек бастаған Қазақ рулары Әбілхайыр отырған бұрынғы Ақ Орданың орталығы Сығанақты соғыссыз басып алады. Мұндағы тақ мұрагері Шах-Мұхаммед бұқпантайлап жүріп, Керей ханды көздеп жүрегінен атып түсіреді. Өліп бара жатқан Керей бұрынғы Ақ Орданың алтын тағына інісі Жәнібекті отырғызып кетеді. Бұл фильм мазмұнының өте қысқа нұсқасы ғана. Аталған ірі оқиғалардың арасында түрлі ұрыстар мен жорықтар, жекпе-жектер мен талас-тартыстар, сол кездегі әртүрлі саяси ойындар ұтымды қиюластырылған. Жалғыз-ақ мысал, ойраттардың ханы Өзтемірдің бас қолбасшысы Зеңгінің басын жекпе-жекте Жәнібектің баласы Қасым алып, Моғолстан ханына апарып береді. Сол сияқты, дала төсіндегі көшпелі елдер арасындағы қақтығыстар мен шиеленістер барынша қамтылған. Бастысы, Алаш рухы алтын тақта жаңғырғанда, арқаң қозып, тіпті, қуаныштан қаның тасып шығуы тағы мүмкін ғой? Қазақ хандығы дәуірінің басы кино тілінде келісті өрілген-ақ екен. Барып көрмеген қазақ – қазақ емес, меніңше. Біз бұдан кейінгі жалға- сы қашан түсіріліп бітер екен деген ойда қайттық.

Жәнібек ӘЛИМАН.