Рухани жаңғыру

Алаш идеясымен – асқақ арманға

Қарағанды облыстық соты Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Қарағанды облыстық Н.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кі­тапханасында «Алаш идеясы – азаттық, адамдық, адалдық» атты ғылыми-практикалық семинар өткізді. Шараға Қарағанды облыстық соттың төрағасы Мұсабек Әлімбеков, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Асқар Тұрысбеков, облыстық сот судьялары, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Cотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің Қарағанды облысы бойынша Соттар әкімшісі мекемесінің басшысы Бақдәулет Нұрпейісов, аудандық және оған теңестірілген соттардың судьялары, мемлекеттік органдар өкілдері, білім беру мекемелерінің өкілдері мен адвокаттар қатысты.

Айта кетері, шара барысында Октябрь аудандық сотының төрағасы Әлия Марданова мен Әлихан Бөкейхан атындағы №76 жалпы білім беретін орта мектебінің директоры Абылай Жәлелов меморандумға қол қойды. Меморандум аясында тараптар әр тоқсан сайын кездесу өткізіп, құқықтық жұмыстар, кеңес берулер, семинарларды бірлесе өткізетін болады.

Семинар барысында баяндама оқыған Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Тұлғатану» ғылыми зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенованың «Алаш идеясы – Тәуел­сіздік» тақырыбындағы баяндамасы сот саласы  қызметкерлерінің қызығушылығын тудырды. Н.Бейсенова да өз тарапынан Алаш идеясын көтеріп, мектеппен меморандумға қол қойған сот жүйесі қызметкерлеріне өзінің алғысын білдірді.

Заң қай кезеңде болсын заң. Кезінде қазақ қоғамы «Жеті жарғыны» басшылыққа алса, қазір Конституциямыз бар. Билік айтатын соттар бар. Ал, егер соттар елінің болашағы үшін осындай семинарлар өткізер болса, ол елдің ілгері басқан қадамының дұрыстығы.

Қарағанды облыстық сотының судьясы Марат Азбанбаев «Алаш заңгерлері, қолдаушылары, қорғаушылары» атты баяндамасында «Алаш» партиясына, Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановқа қатысты тың деректер келтірді. Сот реформасының шығу тарихына тоқталды.

Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Сүйіндік Жанысбайдың «Тәуелсіздік түп тамыры», ҚарМУ-дың тарих факультетінің деканы Гүлнар Смағұлова «Алаш қозғалысының дүниежүзілік маңызы», тарих факультетінің доценті Ләззат Шотбаеваның «Алаш тарихының деректері», Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының №2 аудандық сотының судьясы Бақытбек Шайзадаевтың «Билер сотының Алаш идеясындағы көрінісі» тақырыптарындағы баяндамалары тыңдалып, өзара пікірлер алмасты, талқылау жасалды.

Шара Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті студенттерінің жырларымен жалғасты.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button