Алаш арысы ардақталды

Қазақ халқы үшін жоғын іздеу, барын түгендеу – бабалар қалыптастырған баға жетпес қастерлі қағида. Ұлт ұлағатын ұлықтауды мұрат тұтқан бүгінгі ұрпақ осынау ұстанымнан әсте, тайқып көрген емес. Жаңаарқа ауданына қарасты Түгіскен орта мектебіне Алаш арысы, қазақтың қайсар ұлы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жанайдар СӘДУАҚАСОВТЫҢ есімі берілуіне орай өткізілген салтанатты рәсім – жоғарыдағы тұжырымның тиянақты бір дәлелі. ҚР Үкіметінің қаулысы аясында атқарылған іс-шараға әрісі – Алматы, берісі – Астана, Қарағанды қалаларынан арнайы келген мәртебелі меймандар қатысты.

Әрине, «Қазақтың болашағы – білімді қазақ жастарында» деген тағылымды тәмсілді айтып кеткен жарықтық Жанайдардың есімі туған жеріндегі білім ошағына телінуі – аса құптарлық һәм қуанышты жайт. Таным-өресі биік Ұлт ұланы 1928 жылы Жаңаарқа ауданы аумағында алғаш рет өзінің кіндік қаны тамған Төссазда мектеп салдырып, ауыл балаларын оқытқан екен. Мемлекеттік деңгейдегі жоғары лауазымды қызметтердің тізгінін ұстай жүріп, мектептер ашуға, білім беру жүйесін дамыту мен оның сапасын арттыруға жіті назар аударып, үнемі қолдау көрсетіп отырған. Қазақстанның қоғамдық-сая­си өмірінде маңызды орын алған оқиға – Ғылым Академиясының филиалы мен ауыл шаруашылық академиясын ұйымдастыру мәселесінде де Алаш арысының қосқан айтарлықтай үлесі бар.

Салтанатты рәсім барысында ыстық лебіздерін білдірушілер қатары қаншалықты қалың болса, олар біртуар тұлғаның ел мүддесі жолындағы ерен істеріне нақты мысалдарға негізделген соншалықты дәйекті сипаттама бере білді. Өзінің құттықтау лебізінде аудан әкімі Ғабдрахман Омаров жағалай жұрттың ақжарма қуанышының астарындағы таза ниетті атап өте келіп, жалпы халықтың ұсынысын қапысыз қолдаған жоғары деңгейлі ел билігі мен облыс әкімдігіне ризашылығын жарасымды жеткізді. Қарағанды облысы әкімінің ресми өкілі, облыс­тық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова көңіл шаттығы арнасынан асып-төгілген ағайынның мерейлі сәттері толастамауына тілек қосты. Ардақты тұлғаның немересі Бекзат Сәдуақасова Түгіскеннің тумасы, ақиық ақын Ғалым Жайлыбайдың Жанайдар Сәдуақасовқа арнаған өлеңін өзгеше мәнермен оқып берсе, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, белгілі ақын Бауыржан Қарағызұлы өзінің «Арыс» атты туындысын зор шабытпен толғады.

Білімнің бастауы – мектепте. Ал, мектепке елін ерекше сүйген ерлердің есімі берілуі – жас ұрпақтың бойына сіңірілер тәлім мен тәрбиені тереңдете түсудің таптырмас тәсілі. Осы ерекшеліктің мәні мен маңызы ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жолдаған құттықтау мәтінінде айшықты көрініс тапты. Құттықтауды министрліктің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаменті директорының орынбасары Гүлзат Көбенова оқып берді. Ұлт ұланының ұлы мұраттарды көздеген ұмытылмас істеріне, әдебиет пен мәдениетті дамытуға қосқан қомақты үлесіне, жалпы қоғамдық-әлеуметтік бағыттағы қызметіне құрмет ретінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жолдаған жеделхаттағы жүрекке жылы тиер лебізбен есімі елеулі азаматтың төл ұрпағы Бағлан Сәдуақасова таныстырды.

Шырайлы жиында қазақтың қастерлі қара сөзі мен жауһар жырлары өзара үндесіп, әдемі қабысып жатты. Тарлан тұлға рухына ұрпақ тағзымы ретінде ұсынылған өрелі өлең туындыларына жұртшылық қызыға құ­лақ түрді. Халқына қадірі артқан азаматтың немересі, жанайдартанушы-зерттеуші, тарихшы, ақын-журналист Перизат Сәдуақастың атасына арнау өлеңін Астана қаласындағы №66 мектеп-гимназияның 3-сынып оқушысы, республикалық көркемсөз оқу байқауларының бірнеше мәрте жүлдегері Ақылбек Медеу нәшіне келтіре оқыды. Жиылған қауым ауыл мектебінің 4-сынып оқушысы Салтанат Амангелдина мен 11-сынып оқушысы Сабина Игіліктің жүрекжарды жырларына да риза пейілмен қол соқты.

Қоғам қайраткері, тіл жанашыры Бақытқали Мұсабеков өзіне тән дара бітімді шешен сөйлеу мәнерімен ортаға оралымды ой-пікірлерін тастады. Қалың қауымның қуанышын бөлісе отырып, мектеп кітапханасына өз туындылары – «Шешендік өнер әліпбиі», «Көшбасшы болуға үйренейік», «Бақытты болғыңыз келсе» және басқа да кітаптарын табыс етті. Сонымен қатар, баталы тілектерді Жанайдар Сәдуақасовтың туған қарындасы, «Білім беру ісінің үздігі», Қаражал қаласының Құрметті азаматы Оңал Сәдуақасова, Түгіскен ауылы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сәбит Көпбайұлы және ардагер ұстаз Шады Есболовтың парасатты пайымға тұнған сөздері одан әрі байыта түсті.

«Жақсыдан – шапағат» демекші, атаулы рәсім үстінде облыс әкімінің қолдауымен облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жергілікті дәрігерлік емханаға судай жаңа «Жедел жәрдем» көлігінің бөлінгені хабарланып, оның кілтін аудан әкімінің Түгіскен ауылдық округінің әкімі Өмірғали Кенжетаевқа тапсыруы халықтың көзайым қуанышын үстемелеуге дәнекерлік етті.

Мектеп алаңына орнатылған қажырлы қайраткердің мүсінін ашу рәсімі көңіл толқытар сәттердің бірегейіне айналды. Лентаны аудан әкімі Ғабдрахман Омаров, Сәбит Көпбайұлы және Оңал Сәдуақасова салтанатты жағдайда қиып, шымылдығын түсірді. Жаратылысы асыл тұлғаның мүсіні ел көзіне түскендегі мерейлі сәтті сөзбен әспеттеудің қажеті жоқ та шығар!.. Шаттық құшағындағы жұртшылықтың жанарлары жасқа шыланған, шашу шашылған, есіл ердің еңселі мүсінінің іргесіне сансыз гүл шоқтары қойылған…

Келісті басқосуды аудандық мәдениет үйі өнерпаздары орындаған әсем ән түйіндеп берді.

Мектептегі Жанайдар Сәдуақасовтың мұ­ражайында оқиғаға орайлас арнайы жа­сақ­талған көрменің таныстырылымы тағы­лым­ды ерекшеліктерімен есте қалғанын айта кету ләзім.

Мағыналы жиыннан кейін жасындай жарқылдап ғұмыр кешкен, аз тірлікте көп іс тындырған, сұрқия саясаттың кесірінен жазықсыз жалалы болып, тағдыры оққа байланған ардақты тұлғаның рухына арналып, ауыл мешітінің асханасында ас берілді.

Сол күні ауыл іргесінде құнан бәйгесі ұйымдастырылып, бәсекелі көкпар сайысы өткізілді. Спорттық додалар қортындысында жеңімпаз атанғандар мен жүлделі орындарға табан тірегендерге жүлделер тапсырылып, лайықты сый-сияпат жасалды.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТҰЛЫ

ЖАҢААРҚА ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.