АймақБалқашРуханият

«Ғалам» театры ашылды

Балқаш қаласында «Ғалам» тәуелсіз жастар театры ашылды. Балалар өнер мектебінің актерлік бөлім мұғалімдері Жанбатыр Жанғазұлы, Сұңқар Айдос және өнерлі жастардан құралған жаңа ұжым Болат Бекжановтың «Өмір» қойылымын сахналады.

Өнер ұжымы өскелең ұрпаққа рухани құндылықтарды дәріптеп, отандық және әлемдік қойылымдарды сахналауға, мәдени-эстетикалық таным-тағылымын, шығармашылық әлеуетін жетілдіруге күш салмақ. Алдағы уақытта жас артистер білікті мамандардан сабақ алуды жоспарлап отыр.

– Театрдың бағасын ең бірінші беретін кім? Ол – көрермен. Қазір әр қаладағы театрдың өз көрермені бар. Біз Балқаш қаласынан жастар театрын ашып, тұрғындардың рухани танымын арттырғымыз келді. Бұған дейін де Балалар өнер мектебінде қойылымдар қойдық. «Өмір» – театр ретінде тұңғыш сахналап отырған еңбегіміз. Сахнада ойнаған актерлер Сұңқар Айдосқа, Сара Берекеқызына, Қарлығаш Сәулебекқызына, Ғайни Рахметоллақызына және жарық беруші Жасұлан Жәкеновке, музыка қойған Есім Жайдарұлына алғысым шексіз. Сонымен қатар, қолдау білдірген Балқаш қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөліміне, Мағауия Хамзин атындағы мәдениет сарайына, Балалар өнер мектебіне, Шашубай кентінің Жеңіс мәдениет үйінің ұжымдарына рахмет айтамын, – дейді «Ғалам» тәуелсіз жастар театрының жетекшісі Жанбатыр Жанғазұлы.

Айта кетейік, жастар театры болғаннан кейін, театр саясаты жастар тақырыбына ден қоймақ. Сол мақсатта премьераға Болат Бекжановтың «Өмір» қойылымын таңдап алған. Спектакльде қазіргі қоғамдағы әлеуметтік мәселе шынайы бейнеленген. «Өмір» көрерменнің жанарына жас ұялатпай қоймады. Балқаштықтар жаңадан құрылған театрдың жұмысына сәттілік тілеп, өнер жолында көп жетістікке жететініне сенім білдірді.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button