Бас тақырыпРухани жаңғыруРуханият

Айтбек Нағызбаев: “Жонып алды” жолымды ашып, “Толағаймен” топ жардым

Дала сазын дамылсыз зерттеп, «Қазақтың 1000 ән-күйін» жинаған Александр Затаевич: «Бұл 1000 ән – қазақ өнерінің бетінен қалқып алған қаймағы ғана. Тереңдей берсең, күрделене беретін, толғауы бөлек, сарыны ерек классикалық дала сазымен ұшырасуға болады.  Оны зерттеп, хатқа түсіруге мен межелеген уақыт аздық етеді. Осынша бай қазақ музыкасының ішкі иірімдеріне бойлау арқылы мен осы бір жомарт халықты жан-тәніммен сүйіп қалдым. Әр әнінде осы халықтың дархандығы, рухы, тағдыры бар. Тарихын әнмен жазған халық» деген екен. Музыка майталманы осынша жоғары бағалап, таңдай қаққан дәстүрлі өнерімізге өзіміз неге қырын қараймыз? Төл өнерімізді төрге оздыру үшін қандай қарекет жасауымыз керек? Отандық телеарналар халықтық өнерді насихаттауға не енжар?
Белгілі әнші, Қазақ Ұлттық музыка университетінің доценті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтбек Жақсылықұлы НЫҒЫЗБАЕВПЕН болған сұхбатымызда осы сауалдарға жауап іздедік. Өнер төңірегіндегі өзекті проблеманы өз тағдырымен сабақтастыра жүйелеген әншінің әсерлі әңгімесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Айтбек аға, әңгімемізді ұрымтал сауалмен бастасақ… Осы біздің «дәстүрлі ән» деп дәріптеп жүргеніміз қазақтың классикалық музыкасы емес пе?

– Дұрыс айтасыз. Дәстүрлі ән – қазақтың бесік жыры, сыңсу, жар-жар, беташар тағы басқа секілді салтымызды салмақтап, дәстүрімізді танытатын жанрдағы өнер. Яғни, тұрмыс-салт жырларының барлығы дәстүрлі өнерге жатады. Ал, сонау жыраулық поэзиядан бастау алып, кешегі Ақан сері, Біржан салдар тұсында шырқау шегіне жеткен, Әміре әлемге танытып, Ақселеу ардақ тұтқан қазақтың ақсүйек өнері – классикалық музыка.

Қазақтың халықтық музыкасы – бәсі жоғары құдіретті өнер. Сонау 90-шы жылдардың басында ұлттық терминология мен ғылыми аударма саласы жаңғыруды басынан кешіргенін білесіздер. Сол тұста қазақтың классикалық ән өнері «традиционное пение» деген аударманың жетегінде «дәстүрлі ән» болып кетті. Сөйтіп, біздер классикалық өнердің емес, дәстүрлі әннің өкілі болып шыға келдік.
Көңіліңізге келмесін, Сіздердің әріптестеріңіз де әлгі тіркесті іліп алып, айналымға шығарып жіберді. Негізі, қазақта дәстүрлі ән деген ұғым жоқ емес, бар. Оны жоққа шығаруға
болмайды. Тек қана, ажырата білуіміз керек.

Рахмет! Өнердің айналасындағы өзекті деген мәселелерге айналып соғармыз. Әуелі өзіңіздің дара жолыңызды шиырлап көрсек… Өнерге қалай келдіңіз?
– Журналистер тарапынан осы сауал жиі қойылады ғой. Мен қалжыңдап «өнерге пойызбен келдім» деймін. Қалжың болғанымен, астарында ақиқат бар. Басынан бастап баяндайын.
Туған ауылымдағы орта мектепті ойдағыдай бітіріп,
арман қуып Алматыға сапарға шықтым. Ата-анам «өнер жолын қуамын» дегеніме қарсы болған. Ол кезде әншілік өнерге «жынның кәсібі» деген көзқарас бар еді ғой. Мен болсам, үйдің ішін Алматы ауыл шаруашылығы институтына барамын деп алдарқатып кеткенмін. Жалпы, қандай оқуға құжат тапсырсам да, ұялмайтындай едім. Аттестатымда екі сабақтан ғана «төрт» бар, қалғаны – «бес». Сонымен, пойыздамын. Жезқазған облысы Қарағандыға қосылмаған, Жаңаарқа ауданы – Жезқазған облысының құрамында. «Жарық» станциясынан өткеннен  кейін вагонымызда дүбір басталды. Домбыраның үні, оған қосылған әншілер үні… Мен елеңдеп қалдым. Ақыры, бұл дүбірдің жөн-жосығын білгенше тыншымадым. Сөйтсем, Қарағанды облысының өнерпаздары екен. Алматыда «Жас таланттарды іздейміз» атты үлкен байқау өткелі жатыр. 25 өнерпаз бақ сынауға барады. Жетекшілері Байзақ деген (фамилиясы есімде жоқ) жігіт екен. Шүйіркелесе кеттік. Ән айтатынымды білген соң, бір ән орындауымды өтініп, қолқа салды. 
Мен Біржанның «Жонып алдысын» орындап бердім. Ол риза болып, маған Қарағанды облысының атынан осы байқауға қатысуымды өтінді. Егер, келісім берсем, тура қазір іс-сапар шығыны ретінде 80 сом берілетінін және жеткізді. Үлкен қалаға бара жатқан ауыл баласы үшін 80 сом аз ақша емес. Келістім. Алматыға келіп, сол қарағандылық делегациядан ажырамай, солар орналасқан жатақханаға орналастым. Байқауда маңдайым жарқырап, лауреат атандым. Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк студиясына жолдама алдым. Бірақ, емтихансыз қабылдау деген жоқ екен. Сол байқауда қазылар алқасының құрамында болған қазақтың аймаңдай әншісі марқұм Жәнібек Кәрменов менің аттестатымды көрді де: «Бізге келіп, бағыңды сынап көр. Түсе алмасаң, кез келген оқуға өзім түсіремін. Аттестатың да тамаша екен» деді.

Жол бойы «ақыл – алтау, ой – жетеу» жағдайда келе жатыр едім. Әке-шешемді алдағым келмеді. Басқа мамандықты жаным қалап тұрған жоқ. Бір жыл бұрын Қайрат ағаның  (Байбосынов) алдында ән орындап, бағасы мен батасын алып қойғанмын. Ол кісі болашақта жақсы әнші болатынымды болжап-ақ тастаған. Енді қалай СХИ-да оқымақпын. Бірақ, ата-
ананы ренжітуге мүлде болмайды. Осылай әрі-сәрі күйде келе жатқанымда пойыздағы әкем айтқан «жын-бақсылар» алдымнан шықты емес пе?! Соларға ілесіп, әлгі байқауға қатыспағанда, әке-шешеме берген уәдем бойынша СХИ-ға құжат тапсырып жіберуім мүмкін еді. Әйтеуір, пойыздағы өнерпаздарға жолығуым сеп болды да, өнер әлемінен бір-ақ шықтым. «Өнерге пойызбен келдім» дейтінім – сондықтан. Пойызбен келіп, байқауға қатыстым. Байқауда жеңіп, студияға оқуға түстім.

– Қайрат ағамен қашан жолығып жүрсіз?
– 9 сыныпта оқитын жылым. Ауыл клубында, мектеп сахнасында ән салып жүрген ауыл баласымын. Ауылға «Қайрат Байбосынов келіп жатыр» дегенді естіп, әкей марқұмға маза бермедім. «Барып, сәлем берейік» деймін. Әттең, Қайрат аға концертпен келіп жатқан жоқ. Онда ешкімге жалынбай-ақ, өзім барып, сахнаға шығып: «Аға, мен де ән айтамын. Тыңдап көріңізші» дейтін едім. Обалы нешік, әкем ертіп барды. Сәлем бердім. Ән айттым. Біржан салдың «Жонып алдысын» орындадым. Ағай риза болды. Тағы бірнеше ән айтқызды. Сол жолы батасын беріп, мені оқуға шақырып кетті. Міне, сол кездесуден бері Қайрат ағаның жанындамын.
– Қайрат ағаға бір көргенде ұнау оңай шаруа емес. Яғни, үлкен сахнаға шықпағаны болмаса, өз деңгейінде қалыптасқан әнші ғана Қайрат ағаны елең еткізуі мүмкін. Бұған дейін кім баптады?
– Кәкімбек аға үнемі «Әннің киесі Көкшетаудан ауып, Жаңаарқаға қонған» деп отырушы еді. Мен – сол ән киесі қонған Жаңаарқаның ұлымын. Оның ішінде, біздің ауыл – бұрынғы
К.Маркс совхозы, қазіргі Ералиев ауылы сауықшыл ауыл болатын-ды. Біз Көлмағанбет Нұрмағанбетов, Шәйза Үдебаева, Аманбай Сарымсақов, Байзақ Сейілов, Абылай Шуланбаев, Есенғали Төкебаев сынды ауыл әншілерін тыңдап өстік. Осылардың барлығы арнайы білімі мен атағы жоқ демесеңіз, нағыз даланың дүлдүлдері еді. Әрқайсының орындау мәнері, дауыс ырғағы бөлек болатын. Ол кезде телевизор ауылдағы санаулы үйде ғана болатын. Оның өзі дұрыс көрсетпейді. Мені әншілікке әуестендіріп, тәрбиелеген осы ағаларым мен радио.
…Домбыраны бала күнімнен тарттым. Бесінші сыныпта оқитын кезім. Көктем мезгілі. Шешейдің жайған етін күзету кезегінде (кезекпен күзетеміз ғой) домбыра шертіп отырғанмын. Көлмағанбет (ауыл халқы еркелетіп Коля дейтін) марқұммен бір көшенің бойында тұратын едік. Сол кісі өтіп бара жатып, менің домбыра шертіп отырғанымды аңғарып қалды да, жалт бұрылып: «Әй, сен домбыра тартады екенсің ғой. Жүр менімен» деп, «жауапты постымды» тастатып, үйіне ертіп кетті. Әкемнің нағашысы еді марқұм. Қатты қалжыңдасатын. «Қара бұларды. Талантты әншіге ет күзеттіріп қойып» деп сөйлеп келеді. Үйіне алып келді де, ән үйретті. Сол күні Сәкеннің «Біздің жақта» әнін екі рет құйқылжыта орындап берді де, өзі шығып кетті. Мен  әлгі әннің әуенін Коля ағай қайтып келгенше домбыраға сала қойдым. Марқұм балаша мәз
болып, менің әуенді қабылдау қабілетіме риза болып: «Енді бұдан былай Жақсылық жейтін етті күзеткенді қоясың. Жейтін етін өзі қорысын. Мүлде үй шаруасына араласпай, ән үйрен» деді. Сөйтіп, мені балапан кезімнен баптаған ұстазым – Көлмағанбет Нұрмағанбетов.
Одан кейін, Игілік Омаровты бір түн тыңдадым. Ауылда сынықшы Мұстафа деген кісі болды. Елге сыйлы, сондай қадірлі азамат еді. Сол кісінің үйіне Игілік аға түстеніп жатыр дегенді естіп, бардық. Гауһар тәтеміз де қонақжай, мейірімді кісі еді. Үйдің жабығынан сығалатпай: «Ән тыңдауға келдіңдер ме?» деп төрге оздырды. Сол күні Икең таң бозарғанша ән айтты. Керемет кеш болды. 
Ұмытылмас рухани ләззәтқа  бөлендім.Тағы бір ұстазым – Арзымхан апай. Жолдасы соғыстан оралмаған, жалғызбасты әжемен көрші тұрдық. Қолында жалғыз қызының балалары – жиендері тұрды. Сол Арзымхан әже сүт тартып отырып, ыңылдап ескі әуендерді айтып отырады. Қызығушылығым артып, әжені әңгімеге тартамын. Баласынуды білмейді-ау, жарықтық. Бейнебір өнер зерттеушісіне сұхбат бергендей көсіледі. Осы әжейдің өзінен көп ән үйрендім. Қазір репертуарымда жүрген Сапалайдың әндерін мен Арзымхан әжеден алғанмын.
Ұстаздың көптігінен зиян шеккенім жоқ. Студияның өзінде бір жыл Жәнібек ағайдың класында оқыдым. Ол кезде Қайрат аға студияда сабақ бергені болмаса, арнайы класы жоқ екен. Негізгі жұмысы мемлекеттік «Гәкку» ансамблі болды да, ол кісі үнемі маңызды концерттер мен ұзақ мерзімді гастрольдерде жүрді. Бірінші курстан кейін мен әскерге кеттім де, екі жылдан кейін келсем, Қайрат ағаның класы ашылыпты. Мені өзіне алып, дипломды Қайрат ағаның класымен алдым.
– Кәкімбек, Ақселеу, Ілия ағалармен рухани-шығармашылық байланыста болғаныңызды білеміз. Олардан не үйрендіңіз? 
– Иә, ұлт руханиятының үш алыбы ғой бұл кісілер. Үшеуімен де тығыз шығармашылық қарым-қатынаста болдым. Ақселеу ағадан әннің ішкі иірімдерін ән мәтініне лайықтап орындауды үйрендім. Әннің табиғатына тура Ақаңдай терең бойлайтын сұңғыланы кездестіргенім жоқ. Ал, Кәкімбек ағадан көп әннің шығу тарихы туралы деректер алдым. Ол кісі ән тарихын ғажап білуші еді. Өзі де шебер орындаушы болды. Кейбір ән иірімдерінің сирек мәнерін мен Кәкеңнен үйрендім. Ілия ағадан лекция-концерттің қыр-сырын үйрендім. Бұл кісі де Кәкімбек аға секілді ән тарихына өте жүйрік зерделі адам ғой. Сонымен қатар, Ілия ағаның «Толағай» әні менің бағымды ашқан ән. Мен де шамам келгенше осы әннің  бағын аштым деп ойлаймын. Әйтеуір, Ілекеңнің «Толағайы» екеуміз бір-бірімізді толықтырып келеміз.
– Қазақтың ән өнерін «Арқа», «Жетісу», «Сыр», «Батыс» секілді өңірлік мектептерге бөліп жүрміз. Осы дұрыс па?
– Дұрыс емес. Әрине, дәстүрі мен мәнеріне қарай жіктелгені дұрыс. Бірақ, мектеп емес, сарын болып жіктелуі керек еді. Мәселен, «Жетісу сарыны», «Арқа сарыны» деген сияқты. Ал, мектеп сол сарынның ішіндегі жеке орындаушының мәнеріне қарай бөлінеді. Мысалы, «Арқа сарынындағы Қайрат Байбосынов мектебі» деген секілді.

– «Арқа сарынынан» Қарағанды ән мектебін тарқатсақ… Қазыналы Қарағандыдағы әннің деңгейі қандай?
– Қарағанды – Қали Байжановтың ән мектебі. Осы Қали Байжановтан кейін Қарағандыда дәстүр үзілгендей, ұзақ уақыт үзіліс болған. Осы мектепті қайта жаңғыртқан Жақсыкелді Кемалов пен Мейірхан Адамбеков. Қазір осы екі әріптес ағамның екеуі де – өз алдына бір-бір мектеп. Өз ауылым болған соң мақтанып отыр демеңіздер, Қарағандыдағы әннің деңгейі – Қазақстан бойынша көш басында. Осындағы Тәттімбет колледжінде Мейірхан, Жақсыкелді ағаларым мен Сержан, Дәуренбек бауырларымнан бітіріп келген талапкерлер біздің университетке жүз пайыз дайын келеді. Дауыс да, қолы да қойылған. Университеттің басшылары Қайрат аға екеумізге «өз жерлестеріңді ала бересіңдер» деген сын-ескертпе де жасап
жүр. Қалай алмаймыз? Дайын келген баладан кім қашады? Қалай болғанда да, біздің топыраққа кие қонып, ән сіңген. 
– Репертуарыңызда неше ән бар?
– 350-400-дің мұғдарында. 350 деп отырғаным – сөзін жатқа білетіндерім. Ал, 400 деп отырғаным – жалпы сарынын білетінім.
– Қазақтың халықтық сипаттағы классикалық өнерінің насихатталуына көңіліңіз тола ма?
– Толмайды. Отандық телеарналардың барлығы комерциялық жобаларға көшіп кетті. Эфирді сатып алғандар салтанат құрып жатыр. Ал, ұлттық рух сатылмайды ғой. Ол – әлгі телеарнаның әлем-жәлем эфирі емес қой. Өзіңіз ойлаңызшы, ұлттық сипаты жоқ «Ұлттық арна» деген бола ма? Сонымен қатар, халық әндері мамандығын бітірген мамандарға деген сұраныс азайып кетті. Жабайы арифметикамен-ақ есептейік, жылына Консерваторияны – 10 бала, Жүргенов атындағы академияны – 10 бала, Ұлттық университетті – 10 бала бітірді делік. Осы 30 балаға жұмыс тауып бере алмаймыз. Өңірлердегі филармониялар мен концерттік бірлестіктерде бос орын жоқ. Мектеп, колледждерде де тура солай. Сонан кейін, әлгі халық әндері мамандығын бітірген бала тойға бармағанда, қайда барады? Тойға сіздің домбырамен қосылып салған әніңіз қажет емес. Амал жоқ,  бұл баланың алтын даусы эстрадаға қор болады.
Осының барлығын есепке алып, мемлекеттік тұрғыдан бір кешенді бағдарлама қабылданбаса, ұлттық өнер бүгін-ертең ұшпаққа жетеді деп айта алмаймыз.
– Шәкірт тәрбиелеудегі негізгі қағидаңыз…
– Әуелі ән үйретемін. Жоғары курстарға жетіп, қабілет-қарымы танылғанда екі топқа бөліп оқытамын. Бірінші топ – сахнаға баратын әншілер, екінші топ – мектептер мен басқа да оқу орындарының мұғалімі болатындар. Бірінші топпен тәулік бойы жұмыс істеуім бар, сахна саңлағы боларлықтай деңгейге жеткізгенше жұмыс істеймін. Жылына менің класымнан бес бала бітірсе, соның екеуі ғана сахнаға барады. Менің қағидам да, ұстаным-талғамым да – осы.
– Рахмет! Мерейтойыңыз құтты болып, туған ел құшағына алып келген «Ән жайлауым – Сарыарқа» атты концертіңіз сәтті
өтсін!

Сұхбаттасқан Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button