Бас тақырыпРесми

Қайтарымсыз грант берілді

Қарағанды облысында бірегей 15 жоба қайтарымсыз грантқа ие болды. Қазақстанда БҰҰ даму бағдарламасы және «Экоцентр» қоғамдық бірлестігі жастардың әлжуаз тобына арналған жұмыспен қамтуға қатысты жобаны жүзеге асыруда. Осыған орай, облыс орталығы – Қарағандыда қайтарымсыз 3 млн. теңгеге дейін грант жас кәсіпкерлерге табысталды. Жобалар сан саланы қамтиды. Мәселен, Балқаш қаласындағы жастардың жеке тапсырыспен киім үлгілерін тігетін шағын тігін цехы, жаяу жүргіншілер жолына арналған төсемтастар өндіретін цехты кеңейту, жиһаз салонын дамыту сынды жобалары бар.

– Бұл іргелі бағдарлама Қазақстанда ғана емес, Түркіменстанда, Тәжікстанда, Қырғызстанда да қолға алынған. Бағдарлама 2018 жылы басталып, Жапония үкіметінің қолдауымен іске асып келеді. Алдағы уақытта бағдарламаның Орталық Азия елдерінде де жүзеге асуы жөнінде жұмыстар жүргізудеміз, – дейді Қазақстандағы БҰҰ ДБ жобасының менеджері Дана Ораз.

Грантты жеңіп алған бірегей жобалар Жезқазған, Сәтбаев қалаларында да бастау алады. Құзырлы орындардың айтуынша, жас кәсіпкерлер жобасының барлығы да бүгінгі таңда өзекті. «Жобалардың моноқалаларда іске асуы да кездейсоқ емес. Өйткені, осы шағын қалаларда жастардың шоғырлануы басым» дейді жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Нұржан Жетпісбаев.

Жеңімпаздарды таңдау үшін арнайы қазылар құрамы жасақталған. Соның нәтижесінде, үздіктері грант иегерлері атанды.

– Жеңімпаздарды анықтау оңайға соқпады, себебі, жас кәсіпкерлердің барлығы өз идеяларымен, жобаларымен қазыларды қайран қалдырды. Жастарымыздың осындай жанжақтылығы қуантты. Сонымен қатар, аймағымызда 20 жылдан астам уақыт жұмыс атқарып отырған «Экоцентр» ҚБ ерекше атағым келеді. Бұл қоғамдық бірлестік өкілдері түрлі бастамаларды қолдап, халық игілігіне қызмет етуде, – дейді облыстық мәслихат депутаты Айман Түкбаева.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button