Экология

Аймақта заңсыз 402 қоқыс айлағы бар

Тыйым салынғанына қарамастан әр жерге қоқыс тастайтын қала тұрғындары тыйылмай тұр. Қала сыртындағы қараусыз ғимарат, гараж, басы қылтиған тобылғы қоқыс алаңына айналған. Осыған байланысты облыстық экология департаменті рейд жүргізді. Рейдке департамент басшысы Қанат МҰСАПАРБЕКОВ арнайы қатысты.

2018 жылы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК АҚ-мен бірлесіп, рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді қашықтықтан зондтайтын ғарыштық түсірімдерді ұсыну бойынша келісімшарт жасаған болатын. Биыл ғарыштық мониторинг нәтижесінде облыс аумағында қоқыс тастауға рұқсат етілмеген 402 қоқыс алаңы анықталды. Мәлімет осыдан 10 күн бұрын шыққан. Дегенмен, бүгінге дейін жергілікті атқарушы орган 86-дан астам заңсыз полигонды жойған. Оның басым бөлігі Қарағанды қаласы, Бұқар жырау, Осакаров, Қарқаралы аудандарында екен. Сондай-ақ, жыл басынан бері экология министрлігінің жедел желісіне 23 шағым келіп түсіпті. Бүгінгі таңда оның 17-сі қарастырылып, шешімін тапқан.

– Жыл сайын мониторинг жүргіземіз. Қоқыс жиналған орындармен жергілікті атқарушы орган айналысады. Бір айдың ішінде қоқыстан тазартып, кейін сол жерді бақылауға аламыз. Қала тұрғындары тыйым салынған жерге қоқыс қалдықтарын төкпеуі керек. Шығаратын арнайы орындар бар. Және осы мақсатта көпшілікке түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Оқиға орнында ұсталғандарға әуелі айыппұл салып, соңынан тазалаттырамыз, – дейді Қанат Мұсапарбеков.

Былтыр спутник арқылы облыс көлемінде осындай 1081 полигон анықталған. Жергілікті полиция оқиға орнында ұсталғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 55-ші, 344-ші бабы бойынша айыппұл салған.

– Қала тұрындары әлеуметтік желі, телефон арқылы, қоқыс қалдықтарының шашылғаны жайлы ақпарат беріп отырады. Тіпті, бейнетаспаға түсіріп, жолдағандары да бар. Сол арқылы айтқанымен тексеріс жүргізіп, бірнеше істің бетін ашқан едік, – дейді Қанат Жантұяқұлы.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button