Бас тақырыпЭкология

Қоқыс та қордалы мәселе

Күн тәртібіндегі өткір тұрған басты мәселе – өңірдің экологиялық ахуалы. Жезқазған, Балқаш пен Теміртаудағы зауыттардың мұржасынан шыққан будақ-будақ түтіні мен газын былай қойғанда, рұқсат етілмеген қоқыс орындарының саны артып келеді. Ғарыштық мониторинг нәтижесінде өңірден 202 полигон анықталған. Іс жүзінде 52-сі заңдастырылған, 150-і заңдастырылмаған көрінеді. Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің былтырғы дерегіне сүйенсек, полигондар мен үйінділерде жинақталған қоқыс қалдықтарының көлемі 10 мың тоннадан асып кеткен. Ал, осыдан-ақ бағамдай беріңіз…

Жалпы, полигон дегеніміз не? Жиналған қоқыс қалдықтарын қала сыртына апарып, қалай болса солай төгу – заңға қайшы. Экологиялық кодекске сәйкес қоқыс полигоны біріншіден, қаладан 50 шақырым қашықтықта болуы шарт. Екіншіден, өзіндік құрылыс нормаларына сәйкес жерге, жер асты суларына зияны тарап кетпеуі үшін арнайы оқшаулағыш экран орнатылуы керек. 2007 жылы Экологиялық кодекс қабылданып, осы талаптар бекіген болатын. Алайда, биылға дейін тек 52 полигон ғана заңдастырылған.

– Заң талабы бойынша Заңға, нормаға сай келмейтін полигондарды жойып, жаңа полигондар салу керек. Осы тұрғыда орасан жұмыс атқарылуда. Бұларды қалыпқа келтіру – жергілікті атқару органдардың құзыретінде. Аймақтағы біршама қала, аудан әкімдіктерін тексерген болатынбыз. Заң бұзушылық та анықталып, әкімшілік істер қозғалды. Қазір істің бәрін сот тексеріп жатыр, – деді Қарағанды облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Дархан Исжанов.

Аймақ бойынша ірі қоқыс полигоны – Қарағанды қаласына тиесілі. Сонымен қатар, Бұқар жырау ауданы мен Жезқазған қаласында да ірі полигондар тіркелген. Облыс бойынша космомониторинг арқылы барлығы 1360 қоқыс орны анықталыпты. Бүгінде оның 1340-ы жойылған. Алайда, Қарағандыдағы Қазыбек би ауданында – 10, Ә.Бөкейхан ауданы мен Жезқазған қаласында 8 заңсыз қоқыс орны жойылмай тұр.

– Әркім өзінен бастауы қажет. Мысалы, біреулер үй құрылысын жүргізіп жатыр дейік. Құрылыстан қалған қалдықтарды полигонға апарып төккісі келмейді. Былайша айтқанда, ақша шығарғысы жоқ. Сөйтеді де көлігіне тиеп, қала сыртына апарып төге салады. Бұл адамның мәдениетіне байланысты. Қазірдің өзінде қала ішінде де қоқыс қалдықтары төгілген үйінділер көп. Бүгінде қала ішіндегі үйінділердің біразы жойылды. Қазір тұрғындар арасында насихат жұмыстары жүргізілуде, – деді Дархан Ерғалиұлы.

Қарағанды облыстық экологиялық музейінің директоры Айгүл Маликова ауылдағы полигондарға мониторинг жүргізілмейтінін, экологиялық құжаттамалары мүлдем жасалмайтынын айтты. Сайып келгенде, кез келген полигонға экологиялық шешім қабылдау үшін сол полигон құрылысының жобасы қажет. Әуелі, осы жер учаскесінде пайдалы қазбалар, ауыз су көздері жоқ екенін растау, сонымен қатар, жер асты суларының пайда болу деңгейін, топырақтың сапасын және қасиеттерін білу үшін инженерлік, гидрогеологиялық зерттеулер жүргізілуі тиіс.

– Ауылдық полигондар – бұл елді мекеннен тысқары жерде орналасқан шатқал немесе шұңқыр. Тұрғындар қалдықтарын әкеліп, үйіп тастай береді. Экология мен санитарлық нормалар тұрғысынан қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны деп атауға болмайды, – деді Айгүл Маликова.

Бүгінгі таңда аймақта тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өндейтін кәсіпорындар – баршылық. Жиналған қоқыс қалдықтары – 22%-ға дейін өндіріледі. Басқа аймақтармен салыстыратын болсақ – алдыңғы қатардамыз. Облыста 2022-2024 жылдарға арналған Табиғатты қорғау шаралары қабылданып, бюджет есебінен ақша бөлінбек. Ал, бұл дегеніміз, бастама аясында тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге, жаңа қоқыс полигондардың саны артады деген сөз.

– Алысқа бармай-ақ, Қарағандыны алайық. Контейнерлерді қою – қала әкімшілігінің құзыретінде. Бүгінгі таңда қаланы сұрыптау контейнерімен қамтуда қаржы жағынан қиыншылықтар бар. Былтыр әкімдікте осы мәселені көтерген едік. Биыл жоспарға еніп, қаланың біраз жеріне сұрыптау контейнері қойылатын болды. Егер, сұрыптау болса – кәсіпкерлер пайда болатыны сөзсіз. Өңірде қоқыстарды өңдейтін шағын жекеменшік кәсіпорындар бар. Олардың айналымы жылына 10-15 тонна, – деді Дархан Ерғалиұлы.

Ал, бұл жөнінде Айгүл Маликова:

– Халықты қалдықтарды сұрыптап тапсыруға ынталандыру керек. Сонда кәсіпорындарға қалдықты қабылдау тиімді әрі утилизациялау оңай болады. Мәселен, қайта өңдейтін кәсіпорындар салықтан босатылса немесе төмен пайызбен несие берілсе, проблема шешілер еді. Бізге заңның барлық талаптарына сәйкес келетін жаңа полигондар қажет. Бірінші кезекте салықтық, экологиялық, әкімшілік заңнамаларға өзгеріс енгізілуі тиіс. Бұған қоса қоқыс орындары анықталған жағдайда салынатын айыппұл санкцияларын қатаңдату. Жұмыстың ауқымы кең, оны іске асыру ақшаға, инвестицияға келіп тіреледі, – деді.

Суретте: аймақтағы полигондардың көрінісі.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button