Экология

Кім кінәлі?

«Қоқысты сен тазалауың керек», «Мен емес, сен кінәлісің»… Дәл осындай жағдай болып тұр. Олай деуге басты себеп Қарағанды облысы бойынша экология департаменті мен Қазыбек би атындағы аудан әкімдігі Таугүл шағынауданында пайда болған қоқыс полигонын кім жою керектігін сотта анықтап жатыр. Аудан әкімінің орынбасары Мақсұт ҚОЖАНОВ қоқысты үйіп қойған құрылысты салушы компания тазалауы керек десе, экология департаменті бұл тұрмыстық полигонды әкімдік жинастыруы тиіс дейді.

Айта кетейік, Таугүл шағынауданының сыртындағы Тәттімбет көшесі қоқыс орнына айналған. Қарағанды облысы бойынша экология департаменті Қазыбек би атындағы аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Қожановқа «санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарды бұзу» бабы бойынша айыппұл салып, қоқысты шығаруды міндеттеген.

Мақсұт Қожанов мұндай шешіммен келіспей департаментті сотқа берді. Әкімнің орынбасары қоқыс «Баспана» ТК құрылысынан кейін пайда болғанына сенімді. Ал, Экология департаменті болса:

«Полигон орналасқан аумақта құрылыстық емес, қағаз, картон, пластик және шыны бөтелке, пластмасса, тоқыма, қаптама сынды тұрмыстық қалдықтар» дегенді айтады.

Сонымен қатар, экология департаменті қалдықтарды шығару талабымен Қазыбек би атындағы аудан әкімінің аппаратына бірнеше рет хат жолданғанын айтады. Алайда жауап болмаған. Осыдан кейін экологтар мәселені шешуге көмектесу үшін Қарағанды қаласының әкімі Ермағамбет Бөлекпаевқа хат жолдады.

«Жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша Қазыбек би атындағы аудан әкімінің аппараты аумақты тазартпайтыны, сондай-ақ Таугүл шағын ауданының аумағындағы рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісін жою бойынша ешқандай шаралар қабылдамайтыны анықталды. Осыған байланысты ҚР ӘҚБтК – нің 324-бабының 1-бөлігі бойынша М.Қожановқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылды», – деп толықтырды экология департаменті.

Енді бұл қоқыс полигоның кім тазарту керектігін сот анықтамақ.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button