Бас тақырып

Аймақ басшысы Азия және әлем чемпиондары мен жүлдегерлерін қабылдады

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бокстан және ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионатында жүлде иеленген спортшылар мен жаттықтырушыларын қабылдап, сый-құрмет көрсетті.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Өңір басшысы өз сөзінде жүлде алған спортшыларды құттықтады. Сонымен қатар жеке бапкерлерінің де еңбегін атап өтті.

– Біз спорт инфрақұрылымын дамыту үшін қарағандылықтарды спортқа барынша көп тартуымыз қажет. Оларды халықаралық жарыстарға дайындап, жағдайын жасау үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Облыстың спорт мектебінен шыққан әр спортшыдан жоғарғы нәтиже күтеміз, – деді.

Бокстан Таиландта өткен Азия чемпионатында қарағандылықтар үздік нәтижелер көрсетті. Алғашқы қола медальді Саран қаласының тумасы Милана Сафронова жеңіп алған болатын. Сонымен қатар, 63 келіге дейінгі салмақта Аида Әбікеева қарсылас шақ келтірмей, үздік атанды.

71 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіпов ақтық кезеңде өзбек боксшысы Хавасбек Асадуллаевпен жұдырықтасқан болатын. Алайда, жерлесіміз төрешілердің шешімімен жеңілді. Турнир соңында Қазақстан бокс федерациясы осы жекпе-жектің әділетсіз өткендігін айтып, шағым түсіреді. Ал, IBA және ASBC ұйымдары өзбек боксшысының өрескел ереже бұзғандығын анықтап, алтынды жерлесімізге берді.

Ауыр атлетикадан әлем чемпионатының алтын медалін 102 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Артем Антропов иеленеді. 24 жастағы спортшы бұған дейін допинг дауына ілігіп, 16 ай спорттан шеттетілген болатын. Бірақ, соған қарамастан араға уақыт салып, алтын медаль иеленді.

– Мені допинг дауына байланысты спорттан шеттеткен болатын. Алайда, жаттығуымды үзбей, бар күшімді салып дайындалдым. Өзімнің кінәсіз екенімді дәлелдегім келді. Нәтижесінде, төккен терім ақталып, Әлем чемпионы атандым. Ауыр атлетикадан Әлем чемпионатынан алтын алып тұрған алғашқы қарағандылықпын. Ендігі мақсатым – Олимпиада алтынын алу, – деді 24 жастағы спортшы.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button