Біздің сұхбат

Айдын АБЗАЛБЕКҰЛЫ: “Әр қойылымның өз көрермені бар…”

«Жас келсе, іске» демекші, бір рухани ұжымға жас жетекші келсе, әңгімелескіміз келеді. Арман-мақсатын салмақтап, жоспарымен танысуды қалаймыз. Өйткені, тепсе темір үзетін жігерлі жастық тау қопаратын құдіретке ие. Биыл 90-шы мерейтойлық маусымын ашқан Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының жаңадан тағайындалған көркемдік жетекшісі Айдын АБЗАЛБЕКҰЛЫ да көзінде от жанып тұрған, өз айтары бар талантты азамат екен. Оған маусымашар қойылымға барып, аз-кем әңгімелескенде көзіміз жетті.

– Айдын Абзалбекұлы, Қарағандыға қош келдіңіз…

– Қош көрдік. Мұнда келем деп үш ұйықтасам, түсіме кірмеген. Осындай ұсыныс түсіп, Құрман Қалымовтай білікті де білімді ағамыз шақырған соң, «Шақырған жерден қалмайын» деп қасиетті Қарағандыға тартып отырдым. Бұл да бір мүмкіндік шығар өз қабілетімді көрсетуге. Театрдың тарихы бай, актерлары тәжірибелі, басшысы жас, іске құлшынып тұр. Неге келмеске? Алматыдағы белгілі театр сыншыларының ақыл-кеңесін тыңдадым. Барлығы менің осында келгенімді қалады. Өнерді бағалайтын өлке екенін айтты. Солай Қарағандыдан бір-ақ шықтым. Барымды салып, театр өнеріне үлес қосамын.

– Ал, жалпы, театр өнеріне қалай келдіңіз?

– Марқұм Рүстем Есдәулет деген керемет режиссер ағам болды. Бала кезден бірге ойнап өстік. Оны «театр саласына оқуға түсті» дегенде қуанғанмын. Кейін Өскемен тетарына өзі режиссер болып келді. «Әй, бауырым, театрға келесің бе? Арманыңның орындалғаны осы дей бер. Келсең, екі күннен кейін жұмысқа шық» деді. Екі күн ойланып, жедел жәрдемнен жұмыстан шығып, театрға келдім. Сол жылы өзі оқуға түсірді. Қырғызстандағы Б.Бейшеналиева атындағы Мемлекеттік мәдениет және өнер университетінің театр режиссері мамандығын алып шықтым. Театрға келу тарихым қысқаша осылай. Рүстем ағам өмірден өтіп кетті. Өскемен театрында актер, кейін режиссер болдым. Одан бас режиссер, кейін жылы өскеменде ашылған Жастар театрына көркемдік жетекші болып келдім. Кейін денсаулығыма байланысты Семейге ауыстым. Семей театрында режиссерлік қылып, бірсыпыра спектакль қойып, еңбек еттім.

– Жедел жәрдем жайлы айтып қалдыңыз…

– Иә, бірінші мамандығым фельдшер. Медицина саласында бір жылдай жұмыс істедім. Бірақ, жаным театрды аңсап тұратын. Өзім мектепте жүргенде ән айтып, өлең оқитынмын. Актер болуды армандайтынмын. Осы арманыма жетуіме көмектесіп, өмірден өз орнымды табуыма жол ашқан, бағыт-бағдар берген Рүстем Есдәулет ағамның жақсылығын ешқашан ұмытпаймын. Жанашыр ағаларымыз аман болсын!

– Өзіңіз қолға қалам ұстамайсыз ба?

– Негізі алып тұрамын. Өз қаламымнан туған туындылар бар. 2010 жылдан бастап, 3-4 ертегі жаздым. Қазір еліміздің түпкір-түпкірінде жүріп жатыр. «Ойыншықтар», «Күнделік», «Төрт қауырсын, бәйтерек, мыстан» сынды балаларға арналғандарымен қатар, «Шоубизнес – махаббат», «Сүйіңдерші адамдар» сынды поэтикалық-музыкалық драмаларым бар. Кейін инсенировкамен де біраз айналыстым. Ұлықбек Есдәулеттің «Қара пима» поэмасын Өскемендегі қазақ театрында сахналадым. Павлодарда өткен фестивальде сол қойылыммен жүлде алдық. Әлі де жарияланбаған, көңілім толмайтын дүниелерім бар. Арасында өлең де жазамын…

– Кітап оқу, іздену жағы қалай?

– Кітапты оқимын үнемі. Онсыз болмайды. Өз салам бойынша үнемі дамуды құптаймын. YouTube желісінде еліміздегі және шет елдердегі театр майталмандарының түрлі шеберлік сағаттарын тыңдаймын. Электронды кітаптарды ақтарамын. Мүмкіндігінше, классикаға баруға тырысамын. Антикалық театр тарихы қызықтырады. Сол дәуірмен қазіргі қоғамды салыстырамын. Көбіне «Адамгершіліктің Кодексі» аталған Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін сіңіріп оқимын. Адам жанына терең үңілу үшін Абай шығармалары ауадай қажет. Әр қазақтың жұмыс үстелінде Абай кітаптары жатуы керек деп ойлаймын. Таппай жүрген өмірлік сұрақтарға жауапты Абайдан кездестіремін.

– Сынды қалай қабылдайсыз?

– Дұрыс қабылдаймын. Қабылдаймын, ойлаймын, қорытамын. Нәтижесін жұмысыммен көрсетемін. Кейде «Мына жерде қабілетімді дұрыс бағалаған жоқ» дейсің ғой. Сондайда марқұм Рүстем Есдәулеттің: «Мінді ешқашан өзгеден іздеме. Болам десең, өзіңнен ізде» деп шегелеп айтқаны бар. Құранда да «Адамның жауы – өзінде. Өмірлік соғыс адамның ішінде жүреді» демей ме? Өйткені, өмірдегі басқа соғыстар бір күні аяқталады. Ал, адамның ішіндегі соғыс өле-өлгенше тоқтамайды екен. Сондықтан, даму үшін, өсу үшін сынды жақсы қабылдаймын. Жаман әдеттермен, өз мініммен күресемін.

– Ал, театрға көрерменді қайтару үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Біз кейде көрермен азайып жатыр дейміз. Өз басым егер көрермен келмей жатса, олардың көңілінен шығатын дүние бере алмай жатырмыз ба деп ойлаймын. Әрине, қоғамның жетегінде кетуге болмайды. Бірақ, өз жетегіңе де тарта берген дұрыс емес. Дегенмен, біз көрерменді ойлануға жетелеуге міндеттіміз. Жабырқап келсе, жұбатып, қуанып келсе көңілін түсірмеуге тырысумыз керек. «Тәнің ауырса, дәрігерге бар, жаның ауырса, театрға кел» демекші, көрерменге қажетті рухани азықты беруіміз тиіс. Рухани

азық іздеген жан театрға өзі-ақ келеді.

– Театрдың көрермені азайған жоқ дейсіз ғой…

– Көрермен азаймаған сияқты. Өйткені, әр қойылымның өз көрермені бар. Қазір фильмдер жиі шығады. Мысалы, бір айда қаншама жаңа фильм көрерменге жол тартады. Ал, театрда бір айда санаулы қойылым қойылады. Мұнда бәрі жанды. Киноны кез келген жерден көре саласыз. Спектакльді тек театрдан көріп, санаңмен қорытып, жүрегіңмен қабылдап, керегін аласыз. Жер бетіндегі жалғыз тірі өнер – театр өнері. Театр әртістерінің еңбегін жоғары бағалаймын. Өйткені, нағыз табиғи өнер иелері – солар. Фонограмма жазбайды, ешқандай дубль жоқ. Қалай бар, солай көрсетеді.

– Жас буынның аяқ алысына көңіліңіз тола ма?

– Жастарды кінәлаудан аулақпын. Өзім жас болғандықтан емес. Сәкен театрында талантты жастар баршылық. Басқа театрларға қарағанда саны һәм сапасы жағынан жас актерлер құрамы мықты. Тек жұмыс істеп, әлі де ысыла түсу керек. Режиссер деген мамандық сол әртістерді биікке жетелеу үшін пайда болды емес пе? Актер да, режиссер де бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Илейтіні бір терінің пұшпағы, тек міндеттері әр түрлі.

– Мықты актер болу үшін не істеу керек?

– Адам болу керек. Қайғыны, қуанышты, мұңды, күлкіні шынайы жеткізіп, адамша жүрекпен айта білу керек. Өмірдің шын бейнесін шебер жеткізуі қажет. Жүрегін таза ұстап, көп ізденуі ләзім. Қазір театр актерлерімен қызу жұмыс жүріп жатыр. Бұйырса, алда Қасым Аманжоловтың шығармашылығына арналған және басқа да премьералар бар. Әшірбек Сығай атындағы республикалық театрлар фестивалі өтеді. Театр көрермендерін бізбен бірге болуға шақырамыз.

– Уақыт тауып, тұщымды әңгіме өрбіткеніңізге рахмет!

Әңгімелескен Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button