Қайдасың, Қарағанды радиосы?

Әуе толқынында әңгімесін «Қарағандыдан сөйлеп тұрмыз» деп бастайтын Қарағанды облыстық радиосы қайда қазір? «Қарағандыдан сөйлеп тұрмыз. Қарағанды бойынша уақыт бәлен сағат, бәлен минут» – деп аймақ жаңалықтарымен таныстыра бастайтын ол радионы естімегелі қайда? Аймақтағы аға газет «Орталық Қазақстан», «Қазақстан-Қарағанды» арнасы, тағы басқа ақпарат құралдары бар. Қарағанды радиосы жоқ» дейді үлкендер. Жасы жағынан газеттің тетелесі, теледидардың ағасы радиомызды қайда қалдырдық?

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Байланыс және ақпарат саласының қызметкерлері күні ара-тұра ардагер журналистермен кездесе қалсаң, баяғы «Қарағанды» радиосын жырдың күйіндей әңгімелейді. Жетпіс жыл коммунистік партияның құрсауында тұншығып келгеніміз аздай, айналайын азаттыққа жеткесін оны да құрдымға жіберіппіз. Өзгенің емес, өз қолы аузына жетіп, етек-жеңін жия бастаған ел қолда барын өшірмей, өсірмеуші ме еді, керісінше? Мынандай ақпарат ғасырына жұтылмай, барымызды базарлы етіп, жоғымызды түгендейміз десек, ойланатын-ақ қарекет!

Бұқаралық ақпарат құралдарының міндеті не? Қоғамдық сананы оятып, халықтың рухын көтеру. Біздің «Орталықпен» бір туған (1931 жыл) Қарағанды радиосы да осы үдеден шығып баққан деседі кезінде. Сағат сайын жаңалық таратумен қатар, мұндағы авторлық бағдарламалар мен радиоочерктер тыңдарманның тынысын кеңітіп қана қоймаған. Жергілікті еңбек адамдары мен өнер майталмандарын, білікті мамандардың ақыл-кеңестерін де жариялай білген. Осындағы ақын-жазушылар мен өнерпаздардың жарқ еткен жаңа дүниелерін де алғаш әйгілеп отырған. Әуе толқынынан түспейтін сатиралары ше? Жергілікті жұрттың жатып атарларының шымшыма оспақтары да жиі берілетін. Газетке мақала жазып, теледидар түсіріп, монтаждап болғанша, радио ақпаратты қызу күйінде қаны тамып тұрғанда хабарлайды. Безбенге салса, ғаламтор да, басқа да емес, нағыз журналистика деген – осы!

Мен байбаламға басқанға, Қарағандыда жергілікті радио жоқ деп ойламаңыз. Коммерциялық бағыттағы әуе толқындары жетерлік. Бірақ, олар облыстың түпкір-түпкіріне жетіп жатқан жоқ. Екіншіден, ел ішінің исін шығаратын ұлттық келбеттен ада, ауыл тақырыбынан алыс. Қашан қоссаңыз, шет тілде шатылып жатады. Қазақшасы болса да, жарытары шамалы. Нағыз қазақ ортасына форматы келіңкіремейді.

Алғашында осы тақырыпты алғанда, ғаламторға байланған мына заманда радионың тыңдарманы қалды ма деп сауалнама жүргізіп те көрдік. Оның үстіне, «Қазақ» радиосы мен «Шалқар» бар, үй ішінен үй тігіп не көрінді дегенбіз. Олай емес екен. Таңертеңнен кешке шейін жұмыста компьютерге шұқшиған соң, егде жастағылар «кешке қалта телефонға қарағың да келмей қалады. Одан қалаған дүниеңді таппай жүйкеңді ауыртқанша, радио қосып демалған мың есе артық» дейді. «Газет пен теледидарға қарағандай байланып отырмайсың, қосып қой да шаруаңды жайғай бер» деп тағы бір артықшылығын айқындайды. Ал, жастар жағы көлікте болмаса, радионы қажет деп таппайды. Бәрі – «қалтафонда» (смартфон) деп біледі. Жеткіншектерді ғана ойлай бермей, үлкендерді де ескерейік, ендеше.

Мәселеге түрен саларда, біз осыдан біраз бұрын Қазақ радиосының Қарағанды аймағында тілшілік қызмет атқарған Сейтқали Әшімов ағамызға хабарласқанбыз. Бәлен жыл журналистикада жүргенде, көрген жалғыз радиожурналисіміз сол кісі. Қазір Қазақ радиосының Қарағанды облысындағы филиалы да жабылып қалған. Ол кісі кезінде Қарағанды радиосы 75 жылдық мерейтойын тойлағалы отырғанда жабылып қалғанын өкінішпен жеткізді. Осынша тарихы бар шаңырақты жаба ма? Заманында аталған радионың «Алтын қорында» дауылпаз Қасым атамыздың даусы да сақтаулы тұрыпты. Радио жабылған соң, шашылып, көрінген жерде қалған. Сондай-ақ, мұнда Сырбай Мәуленов, Жұбан Молдағалиев, Әбділдә Тәжібаев, Сәбит Мұқановтың сөйлеген сөздерімен қатар, Жақсыкелді Сейілов, Қасымхан Асанов сынды сол кездегі жергілікті сазгерлердің даусы болғанын кезінде радиода істеген Әли Тойжігіт еске алды. Мұрағатқа өтпегеніне таңмын?! Бәрінен де радио жабылғанда қайран Қасым Асанжоловтың даусы қоса кеткені – орны толмас өкініш.

Сейітқали Әшімовке хабарласу арқылы біз Қарағанды радиосында қызмет істеген біраз ардагер журналистерді тауып алып, хабарластық. Жоғарыда үлкендер дей бергеніміз содан. Атап айтқанда, осы газеттің де ардагері Тілеуқабыл Байтұрсын, Нұрғайын Әліпбекова, Сәуле Мұстафина, Раушан Бәстеми, Сағат Батырханова, Әли Тойжігіт сынды журналистиканың тарландары екен. Зейнеткер Нұрғайын апа бұл радиода кезінде Ескендір Тиышмағанбет сынды талантты журналистің болғанын айтса, Әли Тойжігіт аға ақын әрі журналист Базар Мамырдың «Зерде» бағдарламасын айрықша атады.

Мынау көнені көксеп, бүйректен сирақ шығарып отыр демеңіз. Қарағандыдан басқа облыстардың біразында аймақтық радиолар әлі күнге жұмыс жасап тұр. Мәселен, Алматы, Түркістан, Павлодар облыстық радиоларын жергілікті жұртшылығы сүйіп тыңдайтын көрінеді. Әсіресе, мына тұрған Кереку аймағында әуе толқынынан берілетін әдеби-сазды бағдарламалар мен лирикалық сағаттардың тұрақты тыңдармандары қалыптасқан. Ал, біздің аймақ пұшайман болып отыр

Кеше ғана журналистерге Қарағанды обылысы әкімінің сыйлығы «Алтын сұңқар» табысталды. Сыйлық иегерлерінің арасында газет пен теледидар қызметкерлерімен қатар, сайт тілшілері де бар. Тамыры терең, тарихы кемел радио қызметкерлері жоқ. Интернет журналистерді кемітуден аулақпыз, бірақ, сол ғаламтор айдыны қазаққа радиодан көп қызмет етті ме деген ой мазалайды… Қайдасың, Қарағанды радиосы?

 

Жәнібек ӘЛИМАН,

«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.