Бас тақырыпЖаңалықтар

Агрокешен: қаржыдан қаталап тұр

Ауылдық жерде халықтың жартысына жуығы тұрады – 44 пайыз. Ал, ауыл шаруашылығының өнімі жалпы ішкі өнімнің тек 5 пайызын құрайды. Өндірісте, құрылыста, саудада істейтін қалада тұратын халық 92 пайыздан түскен табысқа, ал, ауылда тұратын халық, егерде ауыл шаруашылығына бюджеттің қаржылай дотациясы болмаса, 5 пайыздан түскен табысқа күн көрер еді. Егерде Үкімет айтылған міндеттермен айналыспай отыр десек, ол шындыққа жанаспайды. Экономиканы қаржыландыру жылдан-жылға өсіп келеді. Ірі-ірі жобалар іске қосылуда. Дегенмен, қазақ елінің экономикалық, қаржылық мүмкіндіктері мен әлемнің ауыл шаруашылық өнімдеріне деген сұраныс көлемін ескерсек, онда экономиканы, оның ішінде, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді жеделдетіп әрі еселеп өсіру қажеттігін көреміз. Бұл қаржыландыруды да еселей өсіру керектігін көрсетеді.

Елбасының тапсырмасымен Үкімет ауыл шаруашылық жер көлемін 1,4 млн. гектардан 3,5 млн. гектарға ұлғайтуды көздеп отыр. Тек ғана ескі су арналарын қалпына келтіріп, жаңа арналарды салу үшін ғана 1,2 трлн. теңге қаражат керек. Бұдан бөлек суармалы жерлерде шаруашылық құрып өнім алу үшін 15000 трактор /300 млн. доллар/, 43000 ауыл шаруашылық техникасы /430 млн. дол/, 7800 мелиорация техникасы /1,1 млрд доллар/, 19000 су қондырғылары, қоймалар және тағы басқалар қажет деп танылған. Яғни, бұлар мал басы, мал қора, сауын аппараттары мен қоспа жем дайындау зауыттары. Бұған қыруар қаржы керек. Тек кәсіпкердің немесе тек ғана кәсіпкерлердің қаражатымен мұндай ауқымды істі қысқа мерзімде атқару мүмкін емес. Сол себептен, қосымша қаражат көзі мен қаржыландыру технологиясын қарастыру керек.

Суландыру жүйесі іске қосылған бетте жер өңделіп, тұқым себіліп, суландырылып, алынған өнім сол аумақта орналасқан зауыт, фабрикаларда өңделіп, дайын өнім тұтынушыларға кетіп жатуы тиіс. Бұл арада тек суландыру жүйесін ғана қаржыландырумен шектелуге әсте болмайды. Бұған қоса, сол жерді кешенді түрде дамыту жоспарын жасап, ол жобалар жеткілікті көлемде қаржыландыруды қажет етеді.

Мәселен, бүгінде 80 пайыз ауыл шаруашылық техникасының тозығы жеткен. Қазіргі таңда деректерге сүйенсек, жылына 2 пайыз трактор паркі жаңарады. Бұл нені көрсетеді? Демек, біз жыл сайын істен шыққан техниканы жаңартып үлгере алмаймыз. Сөйтіп, техника саны жыл сайын азаяды. Оның үстіне, бізге 3,5 млн.га суармалы жерге жаңа техника қажет көрінеді мәліметтер бойынша.

Елбасы Үкіметке 2023 жылға дейін ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін 2,5 есеге көтеруді тапсырды. Бұл тапсырманы орындаудың бірденбір алғышарты – ол техниканы жаңалау. Егер техниканы бүгінгі 2 пайызбен жаңалар болсақ, онда еңбек өнімділігі жөніндегі тапсырманың орындалуы неғайбыл.

Сонда мәселе неде? Меніңше, қаржыландырудың жеткіліксіздігінде. Осы күнгі қаржыландыру қысқа көрпе сияқты. Басқа тартсаң, аяққа жетпейді, аяққа тартсаң басқа жетпейді. Деректерге жүгінсек, 2016-2017 жылдары банк тарапынан берілген барлық несиенің тек 5 пайызы ғана ауыл шаруашылығына бұйырған. Банктердің ауыл шаруашылығы өндірісін қаржыландыруға келгенде құлықсыздығы бұған дейін де Үкіметте талай сөз болған.

Ал, бізге дәл осы кезде ауыл шаруашылығын өркендету мақсатына жету үшін жобалық мақсатты қаржыландыру қағидасын пайдалану аса қажет. Бұл дегеніміз – мақсатты өндірістік көрсеткіштерге неғұрлым қысқа мерзімде жету үшін қанша қаражат керек болса, кәсіпорын сонша қаражат алады деген сөз.

Осы үлкен істі жүзеге асырарда Кеңес үкіметінің іс-тәжірибесін еске алсақ, артық болмас.

Мысалы, 1964-1965 жалдары совхоздарды құру процессінде жобалық қаржыландыру қағидалары пайдаланылған. Айталық, егерде жаңа ұйымдастырылған совхоз 50 мың қой ұстаса, сол шаруашылыққа қанша мал қора, қанша трактор, қанша шөп шалғы, тырнауыш, мал дәрігері, зоотехник, оларға қанша үй керек, бәрі жоспарланған. Соған лайықты қаржы бөлінген. Осындай жоспарлы қаржыландыру мен жабдықтау көмегімен совхоздар 4-5 жылда жобалық көрсеткіштерге қол жеткізген.

Мәселен, СССР 1928-1932 жылдары, алғашқы 5 жылдықта, 1500 жаңа завод, фабрика іске қосылып, 1926-1928 жылдары 800 завод, фабрика қалпына келтірілген. Нәтижесінде, Совет экономикасы алғашқы бесжылдықта 256%, яғни, жылына 51% өскен. Бұндай өсім мақсатты жобалық қаржыландыру қағидасын пайдалану есебінен мүмкін болған.

Қытай экономикасының өсу құпиясы да – жобалық қаржыландыру қағидасында. Басқасын айтпағанда, Қытай қала салу үшін 700 тауды тегістеуге, (тек ғана тегістеуге) 2,2 млрд. доллар қаржы бөліп отыр. 2019 жылғы экономиканың даму қарқынын одан әрі көтеру үшін 84 млрд. доллар қаражат қосымша және бөлді.

Мақсатты қаржыландыруды Ресей де қолға алды. ВнешЭкономБанк /ВЭБ/ «Жобалық қаржыландыру фабрикасы» деген атпен ірі жобаларды қаржыландыруды бастады.

Мақсатты жобалық қаржыландырудың инфлияцияның өсуіне еш ықпалы жоқ. Керісінше, тауар өндірушілер саны көбейіп, өнім көлемі мен бәсеке артып, бұл факторлар бағаның түсуіне әкеледі. Сондықтан, несие көлемін ұлғайту инфлияцияны қамшылайды деп тұжырымдау – негізсіз. Иә, қаражатты банкілерге шартсыз, мақсатсыз берсек, олар қолма-қол теңгені долларға айырбастайды. Доллар көтерілген соң тауардың, қызметтің шыны бар, өтірігі бар, бағасы өседі. Қайталап айтайық, мақсатты жобалық қаржыландырудың инфлияцияның өсуіне еш ықпалы жоқ.

Елбасы тапсырмасымен Үкіметтің қабылдаған ауыл шаруашылық өндірісін дамыту бағдарламаларының дер кезінде үлкен абыроймен жүзе асуының бірденбір алғышарты ол мақсатты жобалық қаржыландыру қағидаларын пайдалану.

Нәтижесінде, АШМ жобалағандай, 800 мың жұмыс орны ашылып, 4,3 трлн. теңгенің өнімін өндіруге қол жеткізуге болар еді. (Егер де мақсатты жобалық қаржыландыруға көшсек, онда нәтижесі бұдан асып түсері даусыз).

Мақсатты жобалық қаржыландыру қағидаларының бүгінгі қаржыландыру қағидаларынан айырмашылығы – жермен көктей. Бүгінде қолдағы басы бос қаражаттың көлемінде ғана қаржыландырылуда. Өнімге, құрылғыға қажеттілік бар, оларды өндіруге, жасап шығаруға мүмкіндік те бар. Бірақ, жасалмайды. Себебі, Үкіметтің қаржы блогы «қаражат не жоқ дейді, не жетпейді» дейді. Мақсатты жобалық қаржыландыруда қажеттілік пен мүмкіндік болса, онда қаржы міндетті түрде табылады.

Жобалық қаржыландыру Қазақ елін бұрын-соңды болмаған биіктерге көтеріп, халқымыздың абыройын асқақтатар еді.

Рымбек ЖҮНІСОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Серік АЛПЫСОВ,

заңгер.

 

Басқа материалдар

Back to top button