Аграршылардың айы оңынан туа ма?
Биылғы көктемгі егіс науқаны алдындағы кезекті облыстық агрокеңес Бұқар жырау ауданында өтіп, оған Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, аудандар әкімдері мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, фермерлер, қаржы институттары мен агробизнес өкілдері, аграршы ғалымдар қатысты.
Ол басталмас бұрын жиынға қатысушылар қаз-қатар тізілген жаңа техникалармен танысты. Олардың арасында Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданындағы «Казкиоти» ЖШС қытайлық қосалқы бөлшектерден құрастырып, жинаған доңғалақты, күші 90 аттық 3 «DONG TEVC-904» және 140 аттың күшіне ие 2 «Wuzheng 1400» тракторлары бар. Аталған серіктестіктің маркетологы Мария Нұрмаханның айтуынша, бұлардың бағалары 10 миллион 200 мың теңге мен 14 миллион 700 мың теңгенің аралығында қолжетімді болғандықтан жыл басынан бері қарағандылық фермерлер 60-ын сатып алған көрінеді. Бұл жерде өзімізге бұрыннан таныс «Беларусь» тракторлары мен ресейлік жаткалар, тіркемелі жаңбырлатқыштар да ұсынылған. Әрі қарай жайма сөрелерге жергілікті қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар мен шаруашылықтар өндірген азықтүлік өнімдері қойылыпты.
Бұдан кейін аудандық Мәдениет үйінде жалғасқан пленарлық мәжілістің тізгінін облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қолына алып, ең бірінші сөйлеген Ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаров еліміз бойынша алдағы көктемгі егіс науқанына дайындықтың барысына тоқталып, мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкіметіміз бен министрлік тарапынан енгізілген өзгерістер мен жаңалықтарды, қабылданған шараларды сөз етті. Атап айтқанда, біріншіден, фермерлерге 5 пайызбен несие беру мәселесі шешімін тапқан екен. Бұрын егіс жұмыстарына қаражат мамыр айында ол орталаған немесе аяқталған кезде түсіп, ол өнім бағасына әсер етіп, қымбаттап кететін. Өйткені бәрі қарызға алынып, соның 40-50 пайызын қайтаруға тура келуші еді. Ал, осы маусымда жеңілдетілген несие алу үшін өтінімдер қараша айында қабылдана бастаған. Себебі, уақытында келіп түскен қаржы барлық негізгі құралдар – тұқым мен тыңайтқыш, техниканы, тағы басқаларын тиісті бағасына сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл арада жеткізушілер төлем қабілеті бар сатып алушы үшін бәсекеге түседі.
Көктемгі дала және егіс жұмыстарына берілетін жеңілдетілген несие бағдарламасы биыл да жалғасын тауып, оның сомасы былтырғы 580 миллиард теңгеден 700 миллиард теңгеге дейін жеткенін айтты министр.
Енді, бұл несиелерді шаруалар Аграрлық несие корпорациясынан, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, коммерциялық банктер, несиелік серіктестіктер, өңірлік инвестициялық орталықтар микроқаржы ұйымдары арқылы алуына болады. Соның ішінде оны әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларынан алудың тиімділігін көрсеткен министр Ермағанбет Бөлекпаевтан бұл істі Қарағанды облысында да бастауды сұрады.
Қарыз алудағы кепіл тапшылығы негізінен ауыл шаруашылығына тән екені белгілі. Соны болдырмауға арналған мемлекеттік кепілдік оның 85 пайызын жабатын болса, қалған 15 пайызын қарызданушы толтырады.
Қазірде сенімді, өнімділігі жоғары техникасыз мол өнім алу мүмкін емес. Өкінішке орай, біздегі ескірген техника паркін жаңартудың қарқыны бәсең. Сол себепті, көпшілік үшін сапалы техника қолжетімсіз болып қалған. Осыдан былай техника алуға да 5 пайызбен жеңілдікті несие бағдарламасы іске қосылған. Оның көлемі өткен жылғы 120 миллиард теңгеден 200 миллиард теңгеге дейін көбейтілген. Бұрын шаруа мемлекеттен субсидия күтіп, оны 23-25 пайыз толық мөлшерлемемен төлеп келсе, енді оның шарттары әлдеқайда жақсарды: жеңілдікті лизинг, техниканы кепілге қою, бастапқы жарна –инвестициялық субсидия. Бүгінгі таңда соған Қарағанды облысы бойынша 5,4 миллиард теңге сомасына 2,8 мың өтінім жасалыпты.
Тағы бір қолдау шарасы – Азықтүлік корпорациясынан форвардтық сатып алу. Ағымдағы жылы бұл сатып алуға 30 миллиард теңге бөлініп, 2025 жылғы форвардтық сатып алу шарттарын Азықтүлік корпорациясы бекіткен. Жалпы алғанда бұл шарттардың өткен жылғы шарттардан ерекшелігі жоқ. Алайда, майлы дақылдар өндірісіне несие беру лимитін ұлғайту көзделген және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің құжаттарды электронды түрде беруі мен қабылдау тетігі алғаш рет сынақтан өткізілмек. Егер 2024 жылы облысымыздағы бір ғана тауар өндірушіден 7 миллион теңгеге жалғыз өтінім түсіп, 112 тоннаға келісімшарт жасалса, 2025 жылы ешқандай өтінім түспеген. Бұл құралды қарағандылық шаруалар пайдаланбай отырғанына қынжылыс білдірді министр.
Айдарбек Сейпілұлы өз сөзінде агробизнестің тиімділігін арттыру үшін агротехниканы сақтаудың маңыздылығын да атап өтті. Мысалы, минералды тыңайтқыштарды 30 пайызға енгізу егістік алқаптарының нәтижесін жақсартып, агробизнестің кірістілігіне әсер етеді. Республика бойынша міндет егістікке 1,9 миллион тонна тыңайтқыш енгізу болса, біздің облыстың жоспарлағаны – 93 мың тонна. Қарағанды облысына 17 сәуірге дейін соның 11 мың тоннасы тиеп-жөнелтіліп, оның көлемін ұлғайту қажет болады. Өйткені тыңайтқыштарға қолданылатын субсидия 60 пайызға дейін көтеріліп отыр. Осы мақсаттарға жергілікті бюджеттерде 2025 жылы 35 миллиард теңге, соның ішінде Қарағанды облысында 985,2 миллион теңге бөлінсе, Үкімет резервінен қосымша бөлінгені – 48,4 миллиард теңге де, ал, облысымыз бойынша – 1 миллард теңге.
Бүгінде тұқым материалының сапасын арттыру да маңызды. Оған сараптама бюджет қаржысы есебінен жүргізілгеніне қарамастан сол бұрынғы шаруашылықтар тексеріске тұқымдық емес, тауарлы астықты тапсырады. Сондықтан, әкімдік тұқымдардың сараптамадан толық өтуін қамтамасыз етуі керектігін де министр еске салды.
Айдарбек Сапаров айтқаннан тағы бір аңғарған жаңалығымыз – жеңілдікті несиенің мал шаруашылығын дамытуға да берілетіні. Ол әр кәсіпорынның өз мал шаруашылығы болуын көздейді. Сонда ауыл тұрғындарының жыл бойы тұрақты жұмыс істеуіне жол ашылады. Сол мақсатта бастапқы кезеңде ірі қара мен ұсақ малды бордақылау алаңдары үшін 50 миллиард теңге сомасында қарыз беру қарастырылған.
Сол сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласына да 2024 жылдан бастап 35 миллиард теңге бағытталса, биыл осы мақсаттарға 48 миллиард теңге көзделіп отыр.
Сөзінің соңында министр субсидиялау бойынша қарыздарды өтеуге тоқталып, оны шешудің жолдарын да айтып өтті.
Келесі кезекте облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов өткен жылғы күзгі жиын-терімінің қорытындыларына тоқталып, биылғы көктемгі егіске дайындық барысы жайлы баяндады. Облыс диқандары 2024 жылы 1,3 миллион тонна астық, 373 мың тонна картоп, 71,9 мың тонна көкөніс, 32,4 тонна майлы дақылдар өнімін жинап, еліміздің азықтүлік қорын жасауға мол үлес қосқан. Енді олар 2025 жылы 1,2 миллион гектарға (2024 жылғыдан 32,7 мың гектардай артық) егін егу мен 16 мың гектарға картоп отырғызуды жоспарлаған. Облыс бойынша суармалы егістікті 46 мың гектарға жеткізу көзделген.
Қазір алдағы науқанға қажет техникалар сапқа қойылып, 109 мың тонна тұқымның 90 пайызы сараптамадан өткізіліп, облысқа бөлінген 13,3 мың тонна дизель отынының әр литрі фермерлерге 250 теңгеден босатылуда. Сонымен, бұл жауапты кезеңді мамыр айының 10-30 күндері өткізіп, аяқтап шығу міндеті тұрғанын мәлімдеді Бауыржан Асанов.
Агрокеңес өтіп отырған Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын осы көктемде жергілікті диқандар 146 мың гектарға (2024 жылғыдан 11,8 мың га.артық) дәнді, 8 мың гектарға майлы, 14 мың гектарға жем-шөп дақылдарының тұқымы себіліп, 2500 гектарға картоп, 200 гектарға көкөніс отырғызылатынын мәлім етті. Осыған қажет 18 мың тонна дәнді дақылдар, 8 мың тонна картоп тұқымы әзірленіп, 14,5 мың тоннасы сараптамаға тапсырылған. Сондай-ақ, 3,5 мың тоннадан астам тыңайтқыш және 33 мың литр пестицид сатып алынса, бұл қажеттіліктің 82 пайызын құрайды.
Аудан бойынша бұл науқанға 300-ден аса агроқұрылым қатысып, олардағы 1318 трактор 226 тұқымсепкіш, 36 егістік кешенінің дайындығы 96 пайызды құрайды.
Егер жыл басынан бері ауданға 12 ауыл шаруашылығы техникасы мен құрал-жабдықтары сатып алынса, тағы да 8 шаруашылық 250 миллион теңгеге 13 техника сатып алуға өтінім жасаған.
«Кең дала» бағдарламасы аясында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу мақсатында ауданның 26 шаруашылығы жалпы 841 миллион теңге қаржылай қолдауға ие болған.
Кешеге дейін аудандағы 131 агроқұрылымға 2,5 мың тонна дизель отыны бөлініп, қазіргі уақытта оператор «RetaLi Trade OiL» ЖШС-мен келісімшарт жасалуда.
Баяндамасын аяқтай келе, Ерлан Құсайын аудан бойынша көктемгі егіс науқанына толық дайын екенін мәлімдеп, оны облыста белгіленген мерзімде аяқтайтындарына сендірді.
Жарыссөзге шығып сөйлеген «Қазгидромет» АҚ облыстық филиалының директоры Нұрлан Шахарбаев өздерінің мамандары жасаған көктемгі ауа райының, жауын-шашын мөлшерінің, топырақ қабатының ылғал қорының болжамдарына сүйеніп, мамыр айының екінші, үшінші онкүндіктері егін салуға өте қолайлы мерзім екенін жария қылды.
Ал, «Майлы дақылдар тәжірибе шаруашылығы» ЖШС директоры Фарид Әбітаев Орталық Қазақстан өңірінде, соның ішінде, майлы дақылдардан күнбағыс егудің тиімділігін ғылыми тілмен дәлелдеп берді. «Агросақтандыру» компаниясының өкілі Салтанат Сатыбалды фермерлерді табиғи және басқа да апаттардан қорғану үшін өз активтерін сақтандыруға шақырды. «Агронесие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының директоры Асқар Рахимов қаражат пен лизинг несиелерін алған шаруалардың ісі алға басып отырғанын айтып, өткен жылы 109 агроқұрылымға 7,5 миллиард теңгенің несиесі берілгенін, оны филиалдың 7 аудандағы 10 қаржы серіктестігі жүзеге асыратынын хабарлады.
«Слайборкер» фирмасының Қазақстандағы ресми өкілдігінің директоры Нұрлан Танкимов елімізде, соның ішінде Қарағанды облысында агродрондарды ауыл шаруашылығы жұмыстарына кеңінен қолдануды ұсынды. Олардың тиімділігі сонда, адами ресурстарды қажет етпей, қолайсыз ауа райы мен ыңғайсыз жер бедеріне қарамай, егістікті бақылап, тіпті минералды тыңайтқыштарды себуге де қабілетті.
Агрокеңес соңында Қазақстанның Еңбек Ері, Нұра ауданындағы «Шахтер» ЖШС директоры Георгий Прокопқа сөз беріліп, ол өзі басқаратын шаруашылықтың диқандары биыл 42 мың гектарға егін салатынын, оған техникасы мен тұқымы, жанар-жағар майы да 100 пайыз дайын екенін жеткізді.
«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, агрокеңесте бас қосып, ақылдасқан аймақ аграршылары алдағы науқанды абыроймен атқарарына сенім зор.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Бұқар жырау ауданы
Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым