Бас тақырып

“Адалдық дүкені” – тәрбие мекені

Жуырда Қарағандының жоғары оқу орнында сатушысы жоқ дүкен ашылды. Онда қызмет көрсететін көпшіліктің көзі үйренген сатушы да, автомат құрылғысы да жоқ. Аты айтып тұрғандай «Адалдық дүкеніне» талап бойынша кез келген тауарды сатып алғысы келген адам оның ақысын арнайы жәшікке тастап кетуі тиіс. Сауда орнының басты ерекшелігі де осында.

Мамандардың айтуынша, аталмыш дүкен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті» қалыптастыруға тікелей әсер етеді. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев облысқа жасаған іссапары барысында тоқталып өтті. Тіпті, ерекше дүкенде Алик Шпекбаев маркер, ал облыс әкімі Ерлан Қошанов қаламсап сатып алды.

Айта кетейік, Алик Шпекбаев Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде және Қарағанды мемлекеттік медициналық университетіне атбасын тіреп, «Адалдық дүкені» мен Студенттерге қызмет көрсету орталығының жұмысын жоғары бағалаған болатын. Білім ордасында ашылған дүкен сатушысыз және күзетшілерсіз жұмыс істейді. Мұнда дәптерлер, блокноттар, папкалар және басқа да кеңсе заттары сатылады. Сатып алушы өзіне керек затты алып, арнайы кассаға ақшасын қалдырып, қажет болса қайтарым ақшасын ала алады. Осылайша, бұл мекен студенттердің әлеуметтік жауапкершілігін шыңдайтын орынға айналмақ.

Сондай-ақ, ҚарМУ-дегі студенттерге қызмет көрсету орталығы осы жылдың мамырында ашылды. Сол уақыттан бері бұл жерде 14 мың студентке қызмет көрсетілген. Атап айтқанда, ең үлкен сұранысқа оқу орнынан қажетті анықтама алу, жатақханадан орын беру, сондай-ақ, жоғары білім туралы дипломның төлнұсқасы сынды қызмет түрлеріне ие болған. Бүгінде орталық штатында екі қызметкер жұмыс істейді. Бұл білім беру мекемесінің әкімшілік жүйесіндегі бөлек құрылым көрінеді.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button