Тұлға

Адалдық

Дүниеде адал адамдар болады дегенге өзім сенемін.

Сондай болмысынан адал адамдар қатарына Мақсым Омарбековты жатқызар едім.

Ол кісі Отанына адал болды.

Ол кісі ұлтына адал болды.

Ол кісі мамандығына адал болды.

Ол кісі қаламына адал болды.

♦ ♦ ♦

Мақсым Омарбеков отырған деген әңгімені бала жастан естідік. Кісі өлтірмеген, біреудің мұрынын қанатпаған, біреудің соңынан тас лақтырмаған, біреудің сиырын ұрлап жемеген. Сонда не үшін?!

Әрине, не үшін отырғанын ішіміз сезеді. Бірақ дөптеп айта алмаймыз. Тоғызыншы сынып оқып жүргенімізде әжептәуір ақындығы бар, Нарманбет ақынның шығармашылығы бойынша дипломдық жұмысын қорғаған Сәбит Адамин деген ағамыз қазақ әдебиетінен сабақ берді. Екінің біріне айта бермейтін сауалымызды сол кісіге қойған едік.

Қазақ болғысы келгені үшін сотталды, – десін.

Біраз уақыт бұл қалай деп күпті болып жүргеніміз рас.

Бір күні бұл дүдама­лы­мыздың да ұшығына жеткенбіз. Көңіл-күйі болғанда баяғы Сәбит ағамыз шешілсін. Сөйтсек…

1964 жылдың сегізінші мамырында Қарағанды педа­гогикалық институтының акт залында тарих-филология, фи­зика-математика және нақты ғылымдар факультеттерінің комсомол активтерімен үлкен жабық жиналыс өтіпті. Сол жиында студент-комсомолдар Мақсым Омарбековтың, Кәрім Сауғабаевтың, Аманжол Спаин­ның жеке істері қара­лыпты.

Сол жиында алғашқы екеуін комсомол қатарынан шығарыпты. Комсомолдан шық­ты деген сөз оқудан да шықты деген сөз. Әбдікәрімов пен Спаин қатаң ескертумен құтылыпты.

Сонда осы есімдері атал­ғандардың ішінде соңғы сөзінде Мақсым ағамыз қасқиып тұрып:

Мен ұлтымды сүйгенім үшін кешірім сұрай алмаймын, – депті-мыс.

Сол күні біздер Мақаңның осы сөзін іштей мың мәрте қайталаған шығармыз.

Біздер іштей ұлтымызды Мақаңша сүюге серт бердік.

Аталмыш жиынға қатысқан біраз кісілерді білемін.

Сол кісілер Мақаңның осы сөзін әртүрлі қылып айтады. Сол жиында Мақаңдарды қорғап сөз сөйлеген үш студент қыздың бірі Мараш Қайыпова апайымыздан да жөн сұрағанбыз.

Мен Отанымды сүйгенім үшін кешірім сұрай алмаймын, – деп айтты деді.

Қалай айтса да бұл қарсылық еді! Кеңестік жүйеге деген қарсылық болатын.

Сол қарсылық өзінің жал­ғасын тапты. Барып-барып Жел­тоқсан оқиғасына ұласты. Ба­рып-барып тәуелсіздігімізге ұласты.

Еліміздің тәуелсіздігі ешқашан бейбіт жолмен келмеген.

Құрмалдықсыз болмаған. Соның бірі – айтып отырған Мақсым ағамыз.

Үш әріптілер ол кісіні кетер кеткенше бақты. Көз алдарында ұстады. Сонда не тапты екен дейсіз…

Мақаңның адалдығы…

Кейде, бәлкім, олардың іздегені айтып отырған адалдығымыз шығар деген ой келеді.

Біздің ұрпақ, менің замандастарым Отанды сүюді, ұлтымызды сүюді осы Мақаңдардан үйренді.

Біз ауылымызда жатып осы Мақаң арқылы Отанымызды, ұлтымызды сүйдік. Өскенде Мақаң болу әрқайсымыздың бір бүйрегімізде жүрді. Үлкенді-кішілі сондай тірлікті біздер де бастан өткердік.

Біз де Мақаңа еліктеп адал болуға тырыстық. Қаншалықты адал бола алдық. Оны ертеңгі күніміз – ақыретіміз айтар.

Сол Мақаңмен өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жолығыстық. Бірден ағалы-інілідей араласып кеттік. Содан бері қалам қайратымызды Отанымызды, ұлтымызды сүюге арнадық. Не жазсақ та осы тұрғыдан жазуға ұмтылдық.

Алайда, кеңестік цензор аяғымызды тұсаулады да отырды. Тәуелсіздік алған жылдарда әрқайсымыз өз цензорларымызды таптық. Қазаннан қақпақ кетсе еттің піспейтіні белгілі. Ішкі цензорың да солай. Екі ауыз сөз жазсақ та халыққа жетсе екен дедік. Әйкәпір атанбайық дедік. Өйткені ертеңгі ұрпақтың да біз арқылы Отанын, ұлтын сүюі әбден мүмкін еді ғой.

Мақаң өзін «Орталығының» ұлымын деп санады. Соған орай әрекет жасады. Ай аралатпай келіп тұратын. Келген сайын жан дүниемізді байытып кететін.

Жан дүниесінің тазалығымен.

Сыртымыздан қамқоршы болып жүретін.

Ол қамқорлығын сезініп ғана қоймай бастан да өткердік.

Біздің де басымызға қара бұлт үйірілген. Осы екі мыңыншы жылдардың басында бізді де ұлтшыл деп, рушыл деп қудалаған. Тіпті, трайболист деуге дейін барғандар бар. Жершілдік дегенді де бізге жабыстырған. Содан құтыла алсақ, кәне?! Әрқайсымыздың қалтамызда бір-бір арыз жүретін хәлге жеткенбіз. Жұмыстан өз еркімізбен шығу туралы. Тіпті, ұжымдық арыздың да жобасын жасап қойғанбыз. Жаппай жұмыстан шығу туралы…

Содан бізді Қасымбек Медиев ағамыз құтқарсын. Халықтың сөзін сөйлейсіңдер ғой, халыққа шығыңдар деген. Бастықтарың депутат болсын дегенді тұспалдап тұр ағамыз. Енді біз қиналайық. Бос тұрған округ жоқ. Ал депутат болып өткендердің сорлысы жоқ. Бәрі де елге танымал, ел басқарған, болмаса елге сөзін өткізе алатын азаматтар. Оларға алдағы сайлауда орныңды босат деп қалай айтарсың?!

Бастығымыз боса-болмаса – Мағау Сембай. Қалам қайратымен белгілі азамат. Өткір жазады. Жеріне жеткізе жазады. Өзгенің емес, өзінің цензорына сенеді. Содан да барып ақ үйдегілерге жақпайды. Халықтың сөзін сөйлегісі бар. Қарашасының сөзін жеткізгісі бар. Алайда, жоғарғы жақтың құлағы – таскерең.

Осыдан барып бастығымыз да қитығады. Олардың сөзін жүре тың­дайды.

Депутаттыққа түссе Мағау тек Қарқаралы арқылы ғана өтеді. Ал ондағы округ бос деп кім айтты?! Ондағы депутатымызды депутаттардың депутаты десе болады. Ол – Мақсым аға болатын. Сырт қараған адамға туа депутат болып көрінуші еді.

Сол ағамыздың алдына бара алдық. Ағамыз ақжарма көңілімен қарсы алды.

Газет басына төнген қара бұлтты жасырмай айттық.

Біздің алдымызда ол кісінің алдын Тоқтар ағамыз көрген. Тоқтар ағамыз да жол сұраған. Бірақ, ағамыз бермеді. Енді «Орталығы» сұраған…

Берді!

Мағау бауыры үшін берген жоқ!

«Орталығы» үшін берді!

Бұл асыл ағамыздың «Орталығына» деген адалдығы еді.

Мақсым аға барынша талантты және барша жағдайда талантты болатын. Журналистикада қалай болса қара сөзде де солай болды. Ағамыздың қара сөзбен жазылған екі-үш шығармасы бар. Сол шығармаларымен-ақ Жазушылар одағына өтуге болатын еді. Жоқ, ағамыз өтініш бермеді.

Бұл ағамыздың мамандығына деген адалдығы еді.

Мақаң кетер кеткенше қаламын тастамады.

Бұл ағамыздың қаламына деген адалдығы еді…

Міне, сол адалдығы ағамызды өлтірмей отыр!

Осы Отанына деген, ұлтына деген, мамандығына деген, қаламына деген адалдығы ол кісін өлтіре қоймас…

Қаламдас әріптесіміз Мақсат бас­таған Мақаң балалары ағамыздың ақыреттік үйін көтерген екен. Мақсаттың сұрауымен бірауыз сөз жазып едім. Оным мынау: Қастерлейді ел-жұртың,

Артыңда қалған сөзіңді.

Қабірге сыймаған рухың,

Өлтірмейді өзіңді.

♦ ♦ ♦

Бүгін асыл ағамыздың бақилық болғанына да қырық күн толыпты. Бұл пәниде жаны бір тыншу көрмеп еді. Енді бақилық өмірі тыныш болғай.

Төрехан МАЙБАС

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button