Абзал БӨКЕН: «Бұл өмірдің соңы – сойқан, басы – ойын»

АЛЛЕГОРИЯ

Жайраң қағып жүрсем де ішінде мен,

Жұмбағы көп өмірдің түсінбеген.

Беті адам болғанмен,

Әр пенденің

аң-құсы бар бойға шақ мүсіндеген.

Бірі барыс олардың, бірі арыстан,

Құзырына қалғаны құрақ ұшқан.

Патша арыстан болғанда, барыс уәзір,

Зәреңді алар жеткенде зілі алыстан.

Қасқыр-әкім қысқанда қоян-халық

ұқсамайды, әрине, ноянға анық.

Мөрі маймақ министр бал қуалап,

Танытпады тақауда тояр қалып.

Мықтыларды жағалап түлкі мыстан,

Көтереді миығын күлкі қысқан.

Жымиғанда сұр жылан,

Көзіңді арбар

жаралғандай іші алтын, сырты мыстан.

Сайын дала сасыса сайғақ құрып,

Қоймағаны адамға ай бақтырып.

Пілге мінді маймылдар.

Алыптарда

ақыл тапшы,- дегенге айғақ қылып.

Қашқан торғай ішінен жыңғыл-үйдің

дейтін сынды қырғиға,- құр қыдидың.

Мықтылары әлсізін майып етіп,

Жүріп жатыр жұмысы джунглидің.

Іздемеген азығын адалынан,

Ілбісіңнің тырнақ пен табаны қан.

Өзгермейді-ау жуықта,

«Аң-құстарым»

келе жатқан Крылов заманынан. 

ӨЛМЕ…

Өлме, өлме!

Шамаң келсе өлмеңіз,

Өшпейтұғын өмір оты мол,- деңіз;

Аңырасын,- демесеңіз,- үйіңіз,

Қаңырасын,- демесеңіз,- бөлмеңіз.

 

Өлме, өлме!

Қайқаң бел мен қара шың

сен өтті,- деп шыққа малмас шарасын.

Егесіп кеп өскен еңсең еңкейіп,

Төбешік боп қу далада қаласың.

 

Өлме, өлме!

Әкеткенді көр қойны

әкім емес, Мүңкір-Нәңкір тергейді.

Зор балаған нұсқаң түгіл, кетсеңіз

жорғалаған тышқан құрлы көрмейді.

 

Біліп болмас дос пейілін, қас ойын,

Бұл өмірдің соңы –сойқан, басы –ойын.

Тіріңізде әулиесіз.

Өлсеңіз

әулиең де, әнбиең де әшейін.

 

Молайтуға бейіт тола беткейді

мола қазған сен бармай-ақ көп,- дейді.

Өліп «алған» алтыныңыз

Өмірдің

теріп алған теміріне жетпейді.

 

Кете көрме, сен кетті,- деп дұға ғып

дүрліккендер үлгереді жұбанып…

Жоқты қайтсін,

Бардың өзін бар,- деуге

бас ауыртып жатпайтұғын бұ халық.

 

ТЕГІН…

Қапелімде тегін келсе бірдеңе,

Қуанбаймын құт қонды,- деп іргеме.

Қашан оның қайтарғанша қарымын,

Сілем қатып, секілденем құр дене.

 

Көп нәрсем жоқ, көңіл атты көйлек кең,

Қол жетпейтін қонысыма ой жеткен.

Не келсе де келді маған қиыннан,

Не берсе де берді маған бейнетпен.

 

Жаңа ғана аяқтанған ботадай

бозым едім, нарға айналдым жотадай.

Маған мойын бұрған емес,

Басқаның

бақшасына қоған бақыт оп-оңай.

 

Бола алмасам бітімі зор білеу дөң,

Қолтығымнан көтеретін тіреу кем.

Дәметсе де біреу менен,

Дәнігіп

дәметпедім өзім, әсте, біреуден.

 

Берме түк те, берен көңіл тілесе,

Жетем өзім тағдырыммен тіресе.

Тегін заттан —

Терім төгіп төлейтін

қарыз маған жеңілірек мың есе.

 

ҚАРА КӨБЕЙТУ

Әлекке түссе әсірешілдік,

Әдібін үзер көркем ой.

Өлеңің, әне, басы кесіліп,

Көкпарға түскен серкедей.

 

Тартыста осы жеке түлемес,

Талайы соның жел-көбең.

Мақсаты — жұлып әкету емес,

Жұлғанға тұру көлденең.

 

Шабан да емес, жүрдек те емес,

Алдында тұсау, арты өре.

Дүбәраларға кіл көкте емес,

Дүрмекте жүру мәртебе.

 

Ал, халық болса, сұрапыл, мығым,-

дейді оны, дейді бір демде.

Ақынның өзі шын ақындықтың

не екенін білмей жүргенде.

 

Содан да болар ала қағазды

Айшықтағанмен түрлі «еңбек»,

Қара үзіп шыққан қаракөк аз да,

Қара көбейтіп жүрген көп.

 

Құтыла алмайсың сұрақтан неше,

Көбікті көл,- деп білгенде ел.

Құлагерді де құлатқан кеше

Қара көбейтіп жүргендер.

 

Шәлдірік бүгін шайырға күлмек,

Жыр қайда жалпақ жаядай?

Жақсы мен жаманды айырмадың,- деп,

Жабырқап кеткен Абай-ай…

 

Дарынды қайтсін дара төгілген,

Жүрегі жырға жадаулар.

Сен аман болшы,

Қара тобырмен

қаржасып жүрген қадаулар!

 

АРЫЛУ

Еңіс емес, биік болса шыққаным,

Соның оңай болмағанын аңғара

сезінетін жалғыз адам сен ғана,

Сезінгенің — жан сырымды ұққаның.

 

Жарияға жырым шықса жарқылдап,

Бұрынғыдан көп байыдың, көп өстің,-

деп қуанар сенен басқа жоқ ешкім,

Қуанғаның — самалды көл, салқын бақ.

 

Мен жалғызбын.

Жалғыз,- дейді ай, күнді,

Жал толқында жапырақ боп қалқыдым,

Жартасынан жараланды алқымым,

Сенен басқа кім ұғады қайғымды.

 

Таба алмадым медеу болар жұбаныш,

Тобылғымын тоңып тұрған тоңдағы.

Мен қуансам, қуанар ең сен-дағы,

Бірақ менде болған емес қуаныш…

 

Сақта Тәңір, алда-жалда сен ертең

алыс кетсең, саған ғана сүйеніп

келе жатқан жүрек пенен ми өліп,

Менің-дағы қалмас жерде көлеңкем.

 

КІСІ ҚАЙТСА…

 

Кісі қайтса көз жасы көзесінде,

Үлкендердің айтатын сөзі есімде.

«Өлі — тірінің азығы» — дейтін олар,

Басқа түссе баспақшыл, төзесің де.

 

Малсыз болсаң артыңды ашамын,- деп,

Ажал жетсе айтпассың қашамын,- деп.

Шапан-шақпыт, жаназа, підиясы

Біреулерге бұйыру аса міндет.

 

Қабірші бар, оқитын құраны бар,

Қаражатсыз бітпейді-ау, сірә, бұлар.

Кеткен жанға бәрібір.

Сынға түсіп,

солқылдаған соңында тірі аңырар.

 

Елеңдетіп құлағы түрік елді,

Ескі кетіп, жаңаның бүлігі өрді.

Өлген «азық» болсын-ақ.

Қайтеміз, ал,

Тірі азық етсе егер тірілерді?!

 

Басы анық өмірдің, арты жалған,

Жалғаныңнан жоқ бірақ тартынар жан.

Сәнге айналды бүгінде —

Біреулердің

адал малын біреу кеп тартып алған.

 

Сойыс үшін өз малын шала санап,

Жабысынан жарлының жал асамақ.

Шырылдаған шындықты сондай сәтте,

жатқандарды аз көрдік арашалап.

 

Ақылымен енді-енді озғанда адам,

Аяқасты ант атып тозған жаман.

Өлгеніңе өкпем жоқ.

Сені қайттім,

Тірі тірінің азығы болған заман?!

БІР-АҚ СӘТ

Өмір деген өте шығар бір-ақ сәт,

Ұққан бар ма бірақ оны құлақ сап.

Тамшы-тірлік талқан болар.

Абайсыз

тағдыр атты тас үстіне құлатсақ.

 

Мәңгі-бақи дәуірлеймін дегендер

не болғанын айтарында… бөгелді ел.

Іске мығым бір-ақ сәтте биіктеп,

Құс-көңілің бір-ақ сәтте төмендер.

 

Батырашы балағынан сайда іліп,

Бір-ақ сәтте баудай түсті сәйгүлік.

Бір-ақ сәтте бақыт кешкен жүректі

Бір-ақ сәтте кетері бар қайғы ұрып.

 

Қырсық шалса қақыратып құлпыны,

Иініңде қалатыны — жыртығы.

Жүз жыл түгіл, мың жылыңыз —

Білгенге,

Мәңгіліктің бір-ақ қаққан кірпігі.

 

Олай болса, аттың басын іркімей,

Тойла,

Ойна,

Бойла қосып күлкіге ой.

Уақыттың қорабынан суырған,

Адам да бір жанып-сөнер шырпы ғой.

 

БЕС КҮН

Күн дүйсенбі, жұмыс үні естілді,

Жұрт жұмылды жою үшін бес күнді.

Тез көруге жексенбі мен сенбіні,

Өзгеруге, өзгертуге ескіңді.

 

Сонан кейін айды жойып, ақша алмақ,

Ай жоюға апта жою — баспалдақ.

Тойған қарын төмендейді.

Өмірі

тоймайтұғын көңіл ғана аспандап.

 

Айды алған соң жылды барып жұтатпақ,

Ақ сәулесін балтасымен бұтақтап.

Өресінде құрт қалады жаюлы,

Сөресінде оқылмаған кітап қап.

 

Қолбалаңдай өткен күндер лепілдеп,

Қәзір жанып, қәзір сөнер секілді от.

Жыл кетеді.

Жылмен бірге жалғанның

бір бұрышы ол да солай кетілмек.

 

Күн дүйсенбі, жұмыс жеген кешкі үннен:

«Ең жақсы күн — сенбі»,- деген естілген.

Тағы да бір тәулік кетті.

Аптаның

екі күнін салыстырып бес күнмен.

 

Бір мүйнеті кие білсе құлпыдай,

Бір сағаты міне білсе жылқыдай…

Әр бес күнін қолаң ұстап,

Тағы өзі

«Бес күн жалған»,- деп налитын, жұртым-ай!

 

ҰШЫНУ

Майда жерде үміттенер іріден,

Мендейлерге табылмайды тіріде ем.

Арамдықтан қақсағанның емес-ау,

Адалдықтан ақсағанның бірі мен.

 

Ұры келіп ұрлайтынын білмеппін,

Қары келіп қырнайтынын білмеппін.

Өз үйіңдей өмір шіркін

Өң ғана

тазалықтан тұрмайтынын білмеппін.

 

Әрі жүрмей әуресі көп пендеден,

Әпендінің күйін кештім мен неден;

Сабыр күттім санасы жоқ сайқалдан,

Лағыл күттім лағыл-ойға кендеден.

 

Жүз пайызға адал болып, және одан

соны күткен мен секілді, кәне, адам?

Қараға ақ жүрмейді екен.

Білмеппін

болуды да арамдарға сәл арам.

 

Кірлі қоғам кесел,- деген сөз рас,

Қолдан келсе, қорысының көзін аш.

Ашамын деп ұшындым мен.

Ал, арам

ұшынбайды, өйткені, өзі лас.

АЛДАР

Бұл қазақты айтқан кім ақымақ,- деп,

Жағынуды ойлайды жатып ап, тек,

Бастығына бозаң түс ұнар болса,

Әкеледі әп-сәтте атын әктеп.

 

Түзді тәуір көреді үйден гөрі,

Ат әктеу де Алдардан үйренгені.

«Берерменге бесеу көп,

аларманға

алтау азды» айтудан жиренбеді.

 

Жегіп жүріп қыс шана, күз күймесін,

Жетіскенін көргенде ызғиды есің.

Біз сұрай кеп бұл-дағы

Ап кетеді

әлпештеген біреудің Бізбикесін.

 

Кешегінің Алдарын «есесі көп»,

Дей алмайсың,- қосы бай, кесесі көк.

Жалғыз еді жарықтық.

Ал, бүгіннің

көшесі көп, көшеде Көсесі көп.

 

Көз ақысын алатын көре қалып,

Қуаяқтан бір зауал келері анық.

Байыңды да алдайды,

жайыңды да,

Бұрынғыдай жатпайды бөле-жарып.

 

Ат-матыңа қарамай бүгінгі Алдар,

Көкті тінтіп, көліңнің түбін қармар.

Өтіп жатыр алдынан алтын артып,

Жүзіншісі ноғала… шұбырған нар.

 

Он тоналып жатса да, он ұрланып,

Ойланғанын көрмедік өңір налып.

Алдар атқа мініп тұр.

Ал, абайла,

Қожанасыр кейіптес, қоңыр халық.

 

ҚАҚПАҚЫЛ

(Таңғы тілек)

Ештеңе де қалыбында тұрмайды,

Емен болсаң дауыл келіп ырғайды.

Қарымтаға қат нәрсеңді әперіп,

Барымтада оны қайта ұрлайды.

 

Тау үгіліп, құрып тынар құм болды,

Құм бүгіліп, құмықтырар мұң келді.

Қарағайдың шортан шалып шырпысын,

Шорағайдың шұңғымасы шың болды.

 

Сақ та кетіп, ғұн да кетіп сар далам

сақиларын сүр қазыдай жалмаған.

Қаған-арба қаусап түскен,

Жегіні

босап кеткен кездерінде жармадан.

 

Көштім, өстім, әлі өсемін, қарақ,- деп,

қауқиғанмен діңі берік дарақ боп;

Мың-мың жылдан өткен қазақ қарасы,

Өзі шыққан тайпасынан сәл-ақ көп.

 

Қақыраудан әрең қалған іргесі,

Қара жердің қалқиған құр сүлдесі.

Түртіп қалсаң төбешігін,

Көрерің —

Төңкерілген хандықтардың мүрдесі.

 

Алысам,- деп алмай қоймас күштімен,

Талай-талай аударылып түсті дөң…

О, Тәңірім!

Жазғай ылғи көруге

қазағымды қара жердің үстінен.

ДӘМЕ…

Жазба сөзде жеке шапқан Құладай,

Жол бермеді жортқыштарға ұлы Абай.

Соны ғана ұлы,- дедік.

Соңынан

самғап ұшқан көпке көңіл құламай.

 

Тұрған жерін жібермей ме тау езіп,

Таудай болып шықты сонсоң Әуезов.

Оны дағы дана,- дедік.

Данадан

кете алмады іші күйген дау озып.

 

Алсаң егер кеңес кезін қаперге,

Ұлы емес-тін Ілияс та, Сәкен де,

Бейімбет те, Мағжан да…

Ұлылық

болды бүгін кие салар бәтеңке…

 

Қасиетке қастерлейтін пірім,- деп,

Қасынатын шығыпты ғой бір індет.

Ұлы түгіл,

Дарын,- деген сөзді біз

айтатынбыз дауысымыз дірілдеп.

 

Шыбжыңбайды шың,- деп білген шоқтығын,

Шықпыртатын шыбыртқы да жоқ бүгін.

Жауып қойып Мағжан мен Сәкенді,

Даналықтан дәметеді боқмұрын.

 

Теңізің кім, тентіреген тоған кім,

Түсінуге түйсік керек оған мың.

Танасы дөп,

Таңшолпаны жоқ елдің,

«Данасы» көп,

Санасы жоқ қоғамның.

 

ЖАЛҒАН

Дүние аз бір күн көрініс.

(Нахыл сүресі)

Бұл дүние бүгін бар да ертең жоқ,

Бет-ауызын бояғанмен көркемдеп.

Қорған болса, құм болып ол құламақ,

Орман болса, күл болып ол өртенбек.

 

Нақышымен көрінсе де көзге айқын,

Нәрсе бар ма нәрі кетіп тозбайтын.

Шие болса шілдеңізде шетінеп,

Түйе болса күн туады боздайтын.

 

Алты күнде анық болған жер мен көк,

Бейнетін де, зейнетін де берген көп.

Күн құлайды қою түнге бас ұрып,

Түн мұңайды,- тағы да күн келген,- деп.

 

Кезектесіп қоштасу мен қауышу,

Тірлік деген бірден бірге ауысу.

Қуарыстың қоңды сәтін қарсы алып,

Қуаныштың соңғы сәтін тауысу.

 

Жер үстінде мәңгілік,- деп,- мекенім,

Желігуің желмен жеткен бекер үн.

Өмір сүру,- дейді адам.

Өтуді

сол өмірдің түсіне алмай не екенін.

АБАЙ БОЛА АЛМАУ

«Қорқамын кейінгі жас балалардан»

(Абай)

 

Бір қызығы өмірдің ән екенін,

Дей алмаймын,- Абайша сән етемін.

Жалқы томнан ол құсап жылу таппай,

Алты томнан, апыр-ай, дәметемін.

 

Қалам алсам қайғыртып қаламақым,

Хас ақынның ұмыттым аманатын;

Өрсе ғой,- деп,- өгіз боп баспақ танам,

Желсе ғой,- деп,- семіз боп жаман атым.

 

Алаңдатып ар емес, айдар малым,

Ада болды қауым,- деп қайғы алғаным.

Осы болар «қорқытып» қарт ақынды,

«Кейінгі жас балаға» айналғаным.

 

Қарайлары еді оның Қасқабұлақ,

Біз жатырмыз жылғаны жастанып ап.

«Мен ішпеген у бар ма? — дегеннен соң,

Мен де іштім,

Менікі басқа бірақ…

 

Қанша айтса да заманға көпір тұлға,

Қонбай қойды кеңесі кекірт ұлға.

Кешегінің қан деуші ед бір-ақ ұрты,

Бүгінгінің қан боп тұр екі ұрты да.

 

Ойын арзан, ой маржан оған кілең,

Ал, мен болсам, не болса соған күлем.

Мың ісіне бір ісім үйлеспепті,

Абай бола алмауым содан білем.