Поэзия

Ақынның Алтайға келуі

«Жаңғырып Алтай тауы саласынан…»

Сұлтанмахмұт ТОРАЙҒЫРОВ.

Ұлар тектес ұлт едім,

Будақ-будақ бұлт едім,

Түмен-түмен Түркі елінің тағдырын,

Түгел қашап жазып қойған

Күлтегін – 

Алтай дейтін біздің алтын аймаққа,

Біздің алтын айлаққа,

Түйсігінен тұманды ойлар түртетін –

Уланбаған – Ұлт Үні,

Қуланбаған – Құлқыны

Бұлттан шыққан жай отындай күркірі,

Ғайса құсап көктен қолын созды да,

Ақын түсті бір күні…

Түсе салып құламауға бекіген!

Жүрегі де жүрек емес – жетіген,

Құз жартастың жүрді ол кілең шетімен.

Бағиланы * сүйді ол барып қолынан,

Бұқтырманы** сүйді ол барып бетінен.

Адам емес о-дағы,

Періште еді…

жерге түсті – обалы!

Ақындардың болмайды өкпе-бауыры,

Болса жалғыз жүрек қана болады.

Алтай да оны біледі,

Шәңгіштай* да, шалғай да оны біледі.

… кейін ақын көшер кезде Алтайдан,

Көшпей жалғыз қалып қойды жүрегі.

Тіл ұшына түпсіз дүние толатын,

Арқар құсап ауып келген сол ақын.

Үлпершектей Үлп-үлп еткен, үлбірдей,

Өн-бойының бір бөлшегін білдірмей –

Бағилаға тастап кеткен болатын.

… Алтай дейтін біздің алтын аймақта,

Біздің алтын айлақта,

Аңыз аз ба не түрлі,

Сұлу аз ба кекілді?

Бағиланың біразы өсіп жетілді.

Бірақ қайтып соқпай кетті әлгі ақын,

Құс боп көкке ұшып кеткен секілді,

Көктен жұлдыз түсіп кеткен секілді!

… Тау қыраны шаңқ етті түу биікте,

Бұқтырмаға шайып тұр ем бетімді.

«Жаңғырып Алтай тауы саласынан…»

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Бағила* – ақынды Алтайға алып келген Әбдікәрім болыс тың қызы

Бұқтырма* – Алтайдағы өзен.

Шәңгіштай*– ақын келіп түскен қазіргі Шыңғыстай ауылы.

Басқа материалдар

Back to top button