Ақтоқтыдай аңыз тұлға (көрнекті актриса Шолпан ЖАНДАРБЕКОВА туралы)

Нағыз сахна саңлағы, өнердің патшайымы Шолпан Жандарбекова қазақ кәсіби театрының екінші буыны деуге болатын үркер топтың көрнекті өкілі. ҚазКСР және КСРО халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ұлағатты ұстаз, профессор Шолпан Жандарбекова 1922 жылдың 1 қаңтарында Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы, Майбұлақ ауылында дүниеге келді. Көрнекті жазушы-драматург Д.Исабековтің «…феодализмде жүн түтіп отырып, социализмге бірақ секіріп кеткен» кейіпкерінің ахуалын бастан кешкен тұлға. Дүние есігін қоғамдық формация революциялық жолмен, ауық-ауық қырғынмен өзгертілген шақта ашқан бұл буынның балалық шағы нәубетті жылдарға тап келді. Шолпанның туған елі Қарағандының мал шаруашылығымен айналысқан аудандарын ашаршылық жайлады. «Құдайдың құтты күні бір үйден адам намазы шықпай тұрмайтын. Ақыры ол қаза біздің үйді де тапты. Әкеміз Исабек көз алдымызда аштан өлді. Анамыз Нұржамал жан ұшырып тауып келген бір уыс тарының кебегін «мен бәрібір өлемін, одан да балалар жесін» деп көз жұмып еді әкеміз марқұм…

Анамыз бұрындары сойылған ірі қараның терісін тауып әкеліп, күн сайын шетінен алақандай ойып алып, қайнатып, сорпа етіп, үш баланы аштан өлтірмей алып шықты. Туып-өскен, жер жәннаты дерлік Қарқаралыдан тағдыр талайымен анамның төркіні Семейге көштік» дейді актриса өзінің бір естелігінде (С.Есенқұлов. Шолпан. «Қазақ әдебиеті», 7.12.2001жыл) Тағдыр талқысын ерте көрген ол ерте есейеді. Сергек те сезімтал болып өседі. Олар тұратын ауылға көшпелі цирк келіп, аяқ астынан ауырып қалған әртістің орнына, кішкене көлбақа рөлін ауыл балаларының арасынан еті тірі, ойы ұшқыр Шолпан ойнайды. Бұл – болашақ сахна жұлдызының өнер атты құдіретті әлемге алғаш сапары еді.

Жетінші сыныпты бітірген жылы ауылдарына Алматыдан Театр-Көркемсурет училищесінен өкіл келіп, оқуға шақырылғандардың алғашқысы Шолпан еді. Осы училищені 1942 жылы, ал, кейініректе Құрманғазы атындағы Өнер консерваториясын бітірді. Училищені бітірер жылы ұстазы Асқар Тоқпанов оны Қазақ Мемлекеттік драма театрының режиссері М.Гольдблатқа ертіп келеді. Жас актриса сахнаға алғаш рет Мұхтар Әуезовтің «Сын сағатта» драмасындағы 13 жасар бала Рәш ролімен шығады. Ол ойынына ұлы жазушының жақсы пікірін білдіреді. Өнер жолын осылайша бастаған Ш.Жандарбекова осы сахнада өмірінің соңына дейін үзіліссіз еңбек етті. Қазақ театрының алғашқы «самородок сары алтын» корифейлерімен әріптес бола, олардан тағлым ала білген актриса талантының ерекше жарқыраған тұсы өткен ғасырдың 50-60-70 жылдары қара шаңырақта қойылған ұлттық, әлемдік классика, заманауи драматургия шығармаларының көпшілігінде басты рольдерде ойнады. Ал, шығармашылығын біртұтас қарастырғанда ол қазақ қыздарының сан қырлы бейнелер галереясын жасады деу керек. Айталық, ұлттық классика мен заманауи драматургияда М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» Еңлік, «Қара қыпшақ Қобыландыда» Құртқа, «Абай» трагедиясында Тоғжан, «Айман-Шолпанында» Шолпан, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысында» Ақтоқты, «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Баян, С.Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында» Зейнеп, Ш.Құсайыновтың «Алдар көсесінде» Қарашаш, Т.Ахтановтың «Боранында» Жаңыл, «Антында» Фатима ханым, С.Жүнісовтің «Ажар мен ажалында» Ажар, Ш.Айтматовтың «Ақ кемесінде» Бекей, М.Мақатаевтың «Қош, махаббатында» Әже, Б.Римованың «Қос мұңлығында» Гүлбарам, Ф.Бөлековтің «Отыз ұлың болғанша…» комедиясында Бибіхан сияқты сахналық образдарды сомдады. Ал, әлемдік драматургияда Мольердің «Сараңында» Марианна, Шекспирдің «Отеллосында» Дездемона, «Ричард ІІІ» трагедиясында королева Елизавета, Н.Хикметтің «Фархад-Шырынында» Шырын, М.Каорудың «Шығыстағы бір бейбағында» Кей, М.Метерлинктің «Соқырлар» символикалық драмасында Соқыр әйел, тағы да басқа көптеген ролін атауға болады. Көрнекті актриса шығармашылығының алғашқы кезеңінде кейіпкерлерінің (Тоғжан, Еңлік, Баян, әсіресе, Ақтоқты) табиғатына және ұлттық сахнаның сол кезеңдегі ойын-өрнек бағытына орай лирикалық-романтикалық сипаты басым болды. Айталық, режиссер Я.Штейн театрдың «Абай» спектаклі 1952 жылы Мемлекеттік сыйлық алуына орай жазған мақаласында Ш.Жандарбекова орындаған Тоғжан ролі есте қаларлықтай әсерлі шыққаны, актрисаның жас, адал жанды, нәзік Тоғжанның сезімін жақсы беретініне назар аудартса, актриса орындаған Еңлік ролі туралы сыншы Қ.Қуандықов: «Ажарлы жүзді, әсем мүсінді Шолпан көруші көзіне Еңлікті ер азаматқа лайық асыл жар бейнесінде көрсетеді. Актриса ролінде нәзіктік, сыпайы мінез, әйелдік қасиет басымырақ» деп жазады.

Ш.Жандарбекованың бұл кезеңдегі рольдерінің ішінде ерекше аталатыны — «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклінде Ш.Аймановпен тандемде ойнаған Ақтоқты. «Шолпанда рольге қалай болса солай шыға салу деген болмайтын. Трагедиялық рольді де, комедиялық рольді де жақсы ойнайтын, – деп еске алады әріптес құрбысы Х.Елебекова.

– Шолпан-Ақтоқты той кезінде Жалмұқанға алып келгенде көйлегінің етегін жайып отыра қалатыны бар. Құдды бір оқ тиіп құлаған аққу сияқты еді. «Жақсы түстер, сәнді көштер бәрі Ақанды елестетер көз алдыма…» деп басталатын монологын айтқанда көзінен жас парлап кететін».

Актер атаулы уақытпен бірге өсіп, шеберлік шыңдап отыруы шарт. Ш.Жандарбекованың 70-жылдар белесінен кейінгі шығармашылығы реалистік-психологиялық пландағы кейіпкерлерімен ерекшеленді. Бұл ретте сахна шеберінің жоғарыда аталған Жаңыл, королева Елизавета, Бекей, Кей, Зейнеп, т.б. кейіпкерлері ойға оралады. Өмір шындығын өнер шарты биігімен өлшей білген актриса комедиялық кейіпкерлерін де (Шолпан, Марфуға, Бибіхан,т.б.) типтік деңгейге көтерді. Жалпы алғанда Ш.Жандарбекова шебер ойыны, табиғи дарынымен, өмірлік-өнерлік үлкен тәжірибесімен ұлттық сахна өнерінің өркендеуіне, ұлттық актерлік мектеп көкжиегінің кеңеюіне мол үлес қосты. Оның бұл еңбегі, өнері лайықты бағасын алып, ол ҚазКСР еңбек сіңірген әртісі (1957), халық әртісі (1959), КСРО халық әртісі (1982) құрметті атақтарына, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығына (1980) ие болды. Екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапаттады. Ш.Жандарбекова кино саласында да еңбек етті. Ол «Абай әндері», «Махаббат туралы аңыз», «Дала қызы», «Жолайырық», «Қанатты сыйлық», сондай-ақ «Ленфильмнің «Құнудың ізі», т.б. көркем фильмдерге түсіп, қызғылықты бейнелер жасады. Актриса еңбегінің елеулі бір саласы – ұлағатты ұстаздығы. Ол 1968 жылдан бастап жиырма шақты жыл бойы Құрманғазы атындағы Өнер институтын, кейінірек Т.Жүргенов атындағы Театр-Көркемсурет институтында (қазіргі Өнер Академиясы) оқытушы болып, сахна шеберлігінен дәріс оқыды. Бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп, профессор атанды. Олардың көпшілігі қазір республиканың театрларында табысты өнер көрсетіп жүр.

Жаны сергек, шыншыл, адамгершілігі жоғары жан Ш.Жандарбекова 2005 жылы дүние салды. Өмірінің соңына дейін белсенді позициясы бар тұлға болды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласты, ұзақ жылдар бойы М.Әуезов театрының Кәсіподақ ұйымының төрайымы болып, әсіресе, жас буынға көп қамқорлығын көрсетті. Екі мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды.

Ұлттық кәсіби театрдың, оның ішінде қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі Құрманбек Жандарбековтің өмір-өнер серігі болды, төрт бала тәрбиелеп-өсіріп, немере, шөбере сүйді. Сахнада да, өмірде де әсемдікті, әдемілікті, яғни үйлесім-жарасымды ту еткен; қазақ сахнасында көптеген ролі, әсіресе Ақтоқтысымен аңыз болып қалған үлкен шебер, көрнекті актриса, ұлағатты ұстаз, Шолпан Жандарбекованың өнері сан ұрпақтың рухани азығы.

Әлия БӨПЕЖАНОВА, сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.