Бас тақырыпОблыс әкімі

Ақтоғай – Балқаш: жол сапасы жақсарады

Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Ақтоғай ауданына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында облыс әкімі бірқатар нысандарды аралап, халықпен кездесті. Аудан тұрғындары ең маңызды мәселелерін атап, Ақтоғай мен Балқаш арасындағы жол учаскесін соңына дейін жөндеуді сұрады.

Аймақ басшысы бүгінгі таңдағы жолдың жай-жапсарына тоқталды. Ақтоғай-Балқаш жолының ұзындығы 211 шақырымды құрайды. Жол толығымен дерлік жөнделіп, енді 50 шақырымы қалды. Жолдың бұл бөлігін екі жыл ішінде толық жөндеп, мәреге жеткізу жоспарланып отыр. Келесі жылы 25 шақырымы жөндеуден өтеді. Жолдың қалған бөлігі 2021 жылы аяқталуы тиіс.

Тұрғындарды толғандырған проблемалардың қатарында ұялы байланыс жайы да бар. Мәселен, Ақтоғай ауданының 14 елді мекенінде интернет, ал 9 елді мекенде ұялы байланыс жоқ. Аудан әкімі Салтанат Әбеуованың айтуынша, интернет аудан орталығы мен Сәуле ауылында желтоқсан айында қолжетімді болады.

– Қазір интернет пен ұялы байланыссыз өмірді елестету мүмкін емес. Бұл барлығына, оның ішінде, оқушыларға, мұғалімдерге, дәрігерлерге қажет. “Қазақтелеком” өкілдерімен келіссөздер жүргіземіз және біз бұл мәселені шешеміз деп ойлаймын. Интернет пен байланыс мәселесін мен жеке бақылауға аламын, – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс басшысы кезекте тұрғандар үшін салынған жаңа үйлерді аралап көрді. Жыл соңына дейін Ақтоғай ауданында 18 пәтерлі 2 үй пайдалануға беріледі. Бүгінде тұрғын үй кезегінде 479 азамат тұр. Біртіндеп бұл көрсеткіш жаңа тұрғын үй құрылысы есебінен қысқарады деп жоспарлануда. Келесі жылы мұнда 11 пәтерлі үй салу жоспарлануда. Сондайақ, 16 пәтерлі тағы төрт үйдің құжаттары – дайын. Ал, 2021 жылы жоспар бойынша жаңа тұрғын үйлердің шағын ауданы пайда болуы тиіс.

Жергілікті билік облыс әкіміне әлеуметтік нысандарды, оның ішінде, 30 жылдан астам уақыт бұрын салынған Сарытерек ауылындағы мектепті көрсетті. Онда 87 бала оқиды, 34 мұғалім жұмыс істейді. Жеңіс Қасымбектен жөндеу жұмыстарын жүргізуді қаржыландыруға көмектесуді сұрады.

Аудан әкімінің орынбасары Абылай Аманжоловтың айтуынша, Ақтоғай ауданында апатты жағдайдағы немесе үш ауысымды мектептер жоқ. Ауданның барлық 23 мектебінде шатыры, кейбір терезелері мен есіктері ауыстырылды. Бірақ, проблемалар да бар. Алты мектептің терезелерін ауыстыру керек, тағы бірнеше мектепте кәріз және дәретханаларға қатысты мәселелерді шешу қажет.

– Біз “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы бойынша қаражат бөлуге өтініш бере аламыз. Осы қаражатқа мектептерде жөндеу жұмыстарын жүргізу керек, – деді Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар, облыс әкімі ауданда шаруа қожалықтарына субсидия төлеу мәселесі бар екенін айтты. Бұл мәселені жақын арада шешу жоспарлануда. Ол үшін облыстық бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button