Жаңалықтар

Ақ пен қараның айқасы

Зал – лық толды. Көпшіліктің қойылымды асыға күткені көрініп-ақ тұр. Жұрт шымылдық түрілгенше ананы-мынаны айтып, бүгінгі трагедияны талқылап әлек. Әрине, театр қызметкерлері үшін бұдан ғажап не бар дейсіз?! Бұл жолы театр ұжымы көпшілікке Халық жазушысы Әбіш КЕКІЛБАЕВ қазақшалаған көне заманның классикасына айналған Ласло ДЮРКОНЫҢ «Электра» трагедиясын ұсынбақ. Аталмыш қойылымның режиссері – Жұлдызбек ЖҰМАНБАЙ. Ал, қоюшы суретшісі – Жәлел САДЫРБЕКОВ. Жұлдызбек қарағандылықтарға жаңа спектакль ұсыну үшін Алматыдан арнайы келіпті. Трагедиялық шығарманың басты рөлдерін С.Сейфуллин театрының орта және жас әртістері мен белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат КЕМАЛОВ сомдады.

Шығарма негізінен біздің эрамызға дейінгі 400-ші жылдары грек драматургі Софоклдың қаламынан туған трагедия деседі. Сол күйінде заманға сай интерпретациясын жасаған венгер қаламгері – Ласло Дюрко. Міне, сонау заманнан құндылығын жоймаған шығарманы бүгінде қалам ұстаған жанның басым көпшілігі жақсы біледі. Ертеде грек елін Агамемнон патша басқарып тұрған дәуірде халқы тәуелсіз, бақуатты өмір сүріпті. Патша халқының сауатын ашып, таршылық көрмей өмір сүруі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған. Ал, көреген патшаға деген халықтың ілтипаты – шексіз еді. Алайда, сол заманның келмеске кеткеніне 15 жылдың жүзі болыпты. 15 жыл бұрын Агамемнон патшаны өлтіріп таққа Эгист келеді. Жесір қалған Клитемнестра патшайымды әйелі етіп, өзі өлтірген патшаның бар байлығын иеленеді. Ал, ол екеуінен тараған қызы Электраны анасымен қалдырып, ұлы Орестті жер аударып жібереді. Содан бері 15 жыл бойы Электра Эгист патшаның қорлығын көріп өсті.

– Эгист патшаның тұсында елдің әл-ауқаты күрт төмендеп, құлдық санаға түседі. Қасындағыларын қуыршаққа айналдырып, халыққа ойына келгенін істетті. Патшаның ерсі әрекетіне халық қанша көнбеймін десе де, қанап, аяусыз ұрып-соғып дегеніне көндіретін. Бірақ, есі кірген Электра патшаның бұл әрекетіне қарсы шығып, тәуелсіздікті талап етеді. Алайда, оның іс әрекеті қанша жерден дұрыс болса да, халқы қолдау көрсетіп, артынан ере қоймады. Себебі, халыққа залым патшаның озбырлығы өтіп кеткен еді. Тіпті, Электраға туған анасы да қол ұшын бермеді, – деді жас актер Ахай Жұмамұратов.

Күндердің күні бір жігіт Эгист патшаға жақсы жаңалығымен бөліспек болып, сарайға кіруге рұқсат сұрайды. Залым патша басқарған елде не жаңалық болсын?! Ол еш ойланбастан жігітті шақырып, не айтқысы келгенін білгісі келеді. Әлгі жігіт сарайға кіргенде алдынан патша мен Клитемнестра патшайым нөкерлерімен күтіп алады.

– Патшам, сізге жағымды жаңалығым бар. Осыдан 15 жыл бұрын жер аударып, қаңғытып жіберген ұлдарыңыз Орест көз жұмды, – деп жігіт басын иіп отыра кетті Әрине, мұндай суық хабар тұла бойы тұңғышынан тірідей айырылған ана үшін – ауыр азап. Әрі, патшаның қорлығын көріп жүрген әйелге бұл жаңалық жығылғанға жұдырық болмай қайтсін?! Тіпті, елестете алмайды да екенбіз. Бірақ, ананың бүйрегі бүлк етпеді. Суық хабарды естігенде көңіл күйі түскен сыңайлы кейіп танытып, артынша ұлының өлгенін жақсыға балайды. Сөйтті де ештеңе болмағандай, естімегендей өз жөнімен кете барды. Көрермен бұл сюжеттің бұлай боларын күтпесе керек. Залдың әр жерінен түрлі әңгімелер құлаққа бір естіліп, бір естілмей жатты. Бұл жағдайды көзбен көрген әлгі жігіт ана жүрегінің соншалықты тас болып кеткеніне күйінді. Жанын қоярға жер таппай, тауға да, тасқа да мұң шақты. Себебі, бұл осыдан 15 жыл бұрын анасына айырылған Оресттің дәп өзі еді. Елін осындай жағдайға, анасын осындай күйге жеткізген патшаны кіналап, кек тұтты. Алайда, өзінің Орест екенін ешкімге айтпады. Ал, біреу-міреулер білсе – басы кетеді. Анасына айтуға болмайды. Себебі, құлдық сананың қамытын киген анасының күйі анау. Бірақ, білуі тиіс бір адам бар. Ол – Электра. Дәп осылай ойлаған тек мен ғана емес шығар мына залда. Өгей әкесінен қорлық көріп жүрген Электра ағасын бірден бауырына басатыны анық. Сюжет те біз ойлағандай өрбіді. Орест осылай деп түйіп, Электраға туған ағасы екенін айтты. Ия, бұны естіген Электраның көңіл-күйін айтып жеткізу мүмкін емес. Ағалы-қарындас арасындағы осы бір сәтті актерлер көпшілікке керемет алып шықты. Әрине, бұл біріншіден режиссердің еңбегі деп білдік. Бұдан әрі Орест Эгист патшаны өлтіріп, таққа өзі отырады. Сонда Электраның: «Қаннан қорықпа, жалғандықтан қорық» дегені санамда әлі жаңғырып тұр. Қаншама жыл боданда болған халықты азат етіп, осы күнге жеткен халқы үшін шын қуанған сәті жүрегімді елжіретіп жіберді.

– Шығарма – күрделі. Зейін салып тыңдап, көрмесең түсінбей қаласың. Бұл жерде Электраның рөлі қиын. Олай дейтінім, қаншама жыл Эгист патшаның қорлығын көрсе де, өз дегенінен қайтпады. Қыз болса да барлық қиыншылыққа төтеп берді. Табандылығымен тәнті етті. Шындап қарасақ, қоғамның қазіргі күйін – Электра алып шықты, – деді қала тұрғыны Бектас есімді азамат.

Осы көріністен кейін спектакль тәмамдалды деп түйген едім. Алайда, қойылым шарықтау шегіне әлі жете қоймаған екен. Таққа отырған Орест халқына бостандық беріп, жоғын түгендеп, қатарға қосылуы үшін бар күшін жұмылдырады. Әкесі Агамемнон патшаның дәуірін қайтып әкелмекке бет бұрып, халқын бірлікке шақырады. Алайда, бұдан кейінгі көрініс тіпті, сіз ойлағандай емес. 15 жыл бойы халқына тәуелсіздікті алып бере алмай, Эгист патшамен күрескен Электра бұл жолы Орестке қарсы шығады. «Бұларға бостандық беруге болмайды. Мені осы уақытқа дейін қорлап келді» деп Орест патшаға қарсы келіп, дегеніне көнбейді. Ақыр соңында ағасын өз қолымен атып тынады.

– Спектакль әркімге әрқалай әсер еткені анық. Өз басым бұл қойылымнан айналамызда болып жатқан оқиғаларды байқадым. Басты идеясы – таққа талас. Яғни, тақтың адамды қаншалықты өзгертіп жіберетіні анық көрсетіліп тұр. Ақ пен қараның айқасы, – деді Зарина есімді көрермен. Лық толы зал сілтідей тынды да қалды. Ағасын атқан Электраны әлі түсіне алмай отыр. Тек, 15 жыл бойы Эгист патшаның идеологиясы, жаман қасиеттері сіңіп қалған деп күйінді көрермен. Жауыз емес, тек санасына зақым келгені деп топшылап жатты ана жақта біреулер. Не де болса елі үшін бәріне даяр Электра енді жоқ. Трагедия соңында қара халықтың рөлін сомдаған актерлер ауыздарын байлап, тізерлеп отыра қалды. Бұл Эгист патшаның дәуірі қайта келді деген көрінісі.

– Заманауи, қоғамға сай дайындадық. Ой қалдырардай, қоғамдағы күнделікті мәселелерге назар аудара отырып, көрерменге ұсынудамыз. Қарағанды театры – өнерге бай, көрермені де рухани дүниеге жақын. Менің ойымша, шетелдік туындыны қазақ тілінде сомдауымыз біздің өнер иелерінің кәсібилігі. Барлық актерлерге алғысым шексіз, – деді М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрының режиссері Жұлдызбек Жұманбай.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button