Ақбөкен саны көбейді
Қазақ даласының сәніне айналған ақбөкен саны бүгінде 1,9 млн-ға артқан. Биылғы мамыр айындағы әуе санағының ақпаратына сай, оның 800 мыңға жуығы Бетпақдаланы мекендейді. Ал, 1,3 млн-ы – Орал, 39 700 бас – Үстірт популяциясына жатады. Ақбөкен енді тұқымы құрып бара жатқан, сирек кездесетін аң түрінен алынды. 2023 жылдың 11 желтоқсанынан бастап, киік «құрып кетудің аз алдында тұрған аң» санатынан «қауіп төніп тұрған аңдар» санатына өтті.

Әрине, мұнша өсім «Охотзоопром» мамандарының 20 жыл бойы қызғыштай қоруының нәтижесі. Киікті қорғау жолында қарағандылық қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің браконьер қолынан қаза тапқанын жұрт әлі ұмыта қоймады. Осынша қан мен тердің арқасында ақбөкен санының артқаны жағалай жұртқа жағымды жаңалық болды. Кей жерлерде, тіпті, ақбөкенді тиісті ұйымдардың аулауына рұқсат берілді. Бұл – заң жүзіндегі нұсқама.
Киік – дала сәні. Бір кездері оларды қорғаймын деп талай қорықшылар жанынан кешті. Ал, бүгінгі мәселе мүлде басқа. Халықтың жанайқайы, оның ішінде, жергілікті диқандардың қырауар шығыны осыған мәжбүрлеп отыр. Десек те, киікті аулау керек екен деп, оны екінің бірі бас салып атуға рұқсат жоқ. Ақбөкенді тек қана «Охотзоопром» инспекциясының өкілдері ғана аулай алады. Сонымен қатар, егінге зиянын тигізген Нұра аумағындағы киіктер ғана аулануда. Жалпы, киіктің 25 пайызын аумен, 75 пайызын атуға болады. Тағы да баса назарға ұсынып, айтарым қарапайым аңшыларға, олардың аңшылық куәліктері, аң атуға рұқсаттары болса да, киік атуларына рұқсат жоқ. Егер атқан, не аулаған жағдайда бұрынғыша заң алдында жауапқа тартылады.
Қызыл тізімнен алынғаны оның әсіре көбейіп кеткендігі болмаса керек.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz