Аңқау елге арамза алаяқ
Бұқар жырау аудандық полиция бөліміне 25 жастағы жергілікті тұрғын арызданып, өзінің алаяқтың құрбанына айналғанын хабарлаған. Арызданушы жүргізуші куәлігін алуға көмектесетін белгілі бір адамның бар екенін естіп, тиісті құжатты алу үшін 190 мың теңге қаражат аударған. Делдалдың өзін сенімді ұстағаны сонша, ауыл тұрғыны оған көрсетілген соманы ойланбастан берген. Ал біраз уақыттан кейін ол байланысын үзіп, ізін жасырған.
Жедел іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері Қостанай облысының 28 жастағы тұрғынын ұстады. Күдікті қылмысын бірден мойындады. Сонымен қатар, полиция күдіктінің осыған ұқсас тағы 16 қылмысқа қатысы барын анықтады. Ол жүргізуші куәлігін алуға ғана емес, сондай-ақ шетелде тіркелген көліктерді қайта тіркеуге де көмектесемін деп талай адамнан ақша алған. Ал көрсеткен қызметі үшін 160 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін «тариф» белгілеген. Күдіктіден Қарағанды облысымен қатар Астана, Ақмола және Қызылорда облыстарының тұрғындары да жапа шеккен.
Аталған факті полицияда тіркеліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.