Ел болашағына үн қосты
Қарағанды қаласындағы №33 сайлау учаскесінде Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері Ғазиза Смағұлова мәслихат депутаттарын сайлауда дауыс берді.

Ғазиза Смағұлова – Қарағанды облысы қазақ тілі мен мәдениетін дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі, Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкері. Білім мен мәдениет саласында еңбек етіп жүрген ол өңірдің қоғамдық өміріне де белсене араласады. Оның айтуынша, мәслихат депутаттарын сайлау – аймақтың алдағы даму бағытына ықпал ететін маңызды саяси науқан. Мәслихат жұмысы жергілікті мәселелерді көтеру, тұрғындардың мүддесін қорғау және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты шешімдер қабылдаумен тығыз байланысты. Депутаттық мандатқа ие болатын азаматтардың кәсіби білімі, тәжірибесі мен жауапкершілігі маңызды.
– Мен бүгін мәслихат депутаттарының сайлауына қатысып, аймағымызды дамытуға үлес қосатын азаматтарға даусымды бердім! Қазыналы Қарағанды – бұрыннан республика көлемінде өндірісі мен экономикасы мықты аймақ. Осы ресурстарды халық игілігіне жұмсау көшбасшы азаматтар арқылы, олардың іскерліктері негізінде қамтамасыз етіледі! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биліктегі, ел тізгінін ұстайтын азаматтардың адал, отаншыл, бастамашыл, елге қызмет жасайтын, қабілет-қарымы мықты тұлғалар болуына ерекше назар аударуда! Халқына адал қызмет жасайтын, білімді жандарға дауыс бердім! Ел сенімін ақтайды деген ойдамыз! – деді Ғазиза Смағұлова.
Сонымен қатар, ол ел басқару ісінде адалдық пен отаншылдықтың, халық алдындағы жауапкершілік пен іскерліктің маңызына назар аударды. Өңірдің мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, халықтың сұранысына сай жұмыс жүргізу үшін әрбір шешім ел мүддесіне бағытталуы керек.
Қоғам өкілі ретінде Ғазиза Смағұлова азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуын да маңызды санайды. Оның өзі сайлау учаскесіне келіп, дауыс беру арқылы өңірдің болашағына қатысты азаматтық таңдауын білдірді.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



