Таңдау құқығы – баршаға ортақ
Бүгінгі саяси науқанға ерекше қажеттілігі бар азаматтар да қатысуда. Солардың бірі – Сләмия Саттаров атындағы мектеп-лицейде орналасқан №88 сайлау учаскесіне келген Александр Олейник. Есту қабілеті бұзылған жерлесіміз сайлау учаскесіне сурдоаудармашының көмегіне жүгіне отырып келді.

Александр Олейник сайлауға қатысуды азаматтық жауапкершілігінің бір көрінісі деп біледі. Елдегі саяси науқандардан шет қалмай, мүмкіндігінше дауыс беріп жүргенін жеткізді. Бүгін де өзінің конституциялық құқығын пайдаланып, ел өміріне қатысты маңызды іске үлес қосуды көздеген.

Сурдоаудармашы арқылы ойын жеткізген жерлесіміз өзге тұрғындарды да сайлауға қатысуға шақырды.
Әр азаматтың қоғамдық-саяси өмірге кедергісіз араласуына мүмкіндік жасау – инклюзивті қоғамның маңызды қағидаттарының бірі. Александр Олейниктің бүгінгі сайлауға қатысуы да осы құндылықтың өмірдегі нақты көрінісі.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



