МедицинаБас тақырыпЖаңалықтар

Қарағандыда цифрлық реанимация жүйесі іске қосылды

Қарағанды облысында реанимация бөлімшелерін цифрландыру жұмыстары басталды. Жаңа жүйе медициналық құрылғылардан науқастың жағдайы туралы мәліметтерді автоматты түрде жинап, бірыңғай ақпараттық базаға жібереді. Бұл дәрігерлерге емделушінің өмірлік маңызды көрсеткіштерін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

Суреттер облыс әкімдігінен

Пилоттық жоба Қарағанды қаласындағы №2 Перинаталдық орталықта жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе шала туған нәрестелерге күтім жасайтын бөлімше үшін бұл жүйенің маңызы зор. Себебі олардың денсаулық жағдайы қысқа уақыт ішінде өзгеруі мүмкін. Сондықтан әр көрсеткішті үздіксіз бақылау қажет.

Облыстың цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Константин Ильницкийдің айтуынша, жаңа жүйе медициналық деректерді жинау және тіркеу тәртібін өзгертеді.

– Жан сақтау бөліміндегі әрбір орын датчиктері бар медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Олар жүрек соғу жиілігін, қандағы оттегі деңгейін, тыныс алу жиілігін және басқа да көрсеткіштерді тіркейді. Бұрын медицина қызметкерлері бұл мәліметтерді құрылғылардан өздері қарап, құжаттарға қолмен енгізетін. Енді ақпарат жүйеге автоматты түрде түседі, – деді Константин Ильницкий.

Электрондық жүйе әр науқастың жағдайын бақылау тарихын қалыптастырады. Дәрігерлер баланың қазіргі көрсеткіштерімен қатар, олардың уақыт өте қалай өзгергенін де көре алады. Сонымен бірге жүйе көрсеткіштердің динамикасын талдап, науқас жағдайының нашарлау қаупін алдын ала анықтауға көмектеседі.

Алайда цифрлық технология дәрігердің орнын алмастырмайды. Науқастың жағдайын бағалау және емдеу бойынша шешім қабылдау медицина мамандарының құзырында қалады.

Қазір жоба №2 Перинаталдық орталықта сынақтан өтуде. Алдағы уақытта оны облыстағы тағы 14 медициналық ұйымға енгізу жоспарланған. Нәтижесінде 179 реанимациялық орын цифрлық бақылау жүйесімен жабдықталмақ.

Жобаға облыстық клиникалық аурухана, Кардиологиялық орталық, Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Саран және Приозерск қалаларындағы көпбейінді ауруханалар, сондай-ақ аудандық медициналық ұйымдар қосылады.

Облыс әкімдігінде өткен цифрландыру мәселелеріне арналған кеңесте Ермағанбет Бөлекпаев жаңа технологиялардың медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталуы керектігін айтты.

– Цифрлық технологиялар адамдарға нақты пайда әкелуі тиіс. Медицина саласында бұл, ең алдымен, науқастардың жағдайы туралы ақпаратты жедел алу, дәрігерлерге уақытылы шешім қабылдауға көмектесу және медициналық көмектің сапасын арттыру мүмкіндігі, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Жаңа жүйе дәрігерлердің құжат толтыруға кететін уақытын азайтып, пациенттерге көбірек көңіл бөлуіне жағдай жасайды. Ал медициналық көрсеткіштерді тәулік бойы бақылау науқастың жағдайындағы өзгерістерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button