Жаңалықтар

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет»

Задында әр хаттың ар жағында нақты адам, әрбір өтініш астарында ұкілі үміт барлығын бір сәтке де естен шығармаймыз. Өрен-жаранның билікке жолдаған сауалы жауапсыз қалмауы, ал берілген жауап құрғақ ресмилікпен шектелмей, мәселенің байыбына баратын нақты кері байланысқа ұласуы – өркениетті қоғамның мәнді алғышарты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында осы ұстанымды атқарушы биліктің маңызды міндеттерінің бірі ретінде айқындады. Мемлекеттік органдар өкілдерінің ұтқыр бастамалар көтеріп, дербес шешім қабылдауға бейім болуы да осы жауапкершіліктің  лайықты көрінісі.

Сурет Ақордадан

– Мемлекеттік аппарат қағазбастылықтан толық және біржола арылуы қажет. Шешім қабылдауға, яғни дамуға кедергі келтіретін барлық рәсімді қысқарту керек. Мемлекеттік қызметшілер кәсіби білікті, озық маман болуға тиіс. Өкінішке қарай, әзірге мұндай деңгейге жеттік деп айту қиын. Сондықтан мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеген жөн. Мемлекеттік қызметші, ең алдымен, Конституция талаптарын басшылыққа алып, Отанына және халқына адал қызмет етуге тиіс. Бұл жерде жекелеген өзгерістер туралы сөз болып отырған жоқ. Бізге шынайы реформа қажет. Көзбояушылыққа жол беруге болмайды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Әкімшілігіне 2027 жылғы 1 маусымға дейін мемлекеттік басқаруды реформалаудың кешенді жоспарын ұсыну тапсырылды. Яғни өзгеріс бір бұйрықпен бітпейді. Бірақ бағыт айқын: қағаз аз, шешім тез, жауапкершілік нақты, әдеп жоғары. Мәселен, e-Otinish арқылы былтыр бес миллионнан астам өтініш түскен болса, оның төрт миллионға жуығы азаматтардан, миллионға жуығы компаниялар өкілдерінен тіркелген екен. Былайша, жолданған хаты бірден тиісті мекеме өкілдігі қабыл тұтады. Хат иесі тиісінше нөмір қабылдайды. Жауаптың қай кезеңде тұрғанын адам өзі көре алады. Ал облыстағы  еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласының ресми түсіндірмесінде әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 76-бабы еске салынады. Атаулы мәселеге қатысты заңнамада  өзгеше мерзім бекітілмесе, өтініш тіркелген күннен бастап 15 жұмыс күнінде қарасытырады. Сауал-сұрақты қосымша зерделеу қажеттігі туындаса, мерзім ұзартылады. Бірақ екі айдан аспайды. Өтініш беруші мәселесін сандық жеке кабинетінен  бақылай біледі.

Тұрғынның тағдыры әлдебір әкімнің көңіл-күйіне емес, жария тәртіпке байланбағы ләзім-ді. Кім қабылдайды, қай мерзімде жауап қатады, не істелгені қайда жазылады?  Осы үш қарапайым сауалға нәтижелі жауап келсе, демек, істің қайырлысы осы болар дейтін игі ойға қаламыз. Әлбетте, халық болған соң ел ішіндегі қаріп-қасердің де бұйымтайы ескерілмегі абзал іс. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындарды жеке мәселесі бойынша жүйелі қалыпта қабылдап келетінін көзі қарақты жандар көріп жүр. Облыстық әкімдік өкілдері жеке қабылдау үдерісін қаймана халық пен ресми билік арасындағы ашық әрі тиімді кері байланыстың маңызды тетігі деп атайды.

Аймақ басшысының өткен жұмаларда Нұра ауданында болған кезекті сапарында инфрақұрылым, жол, ауызсу, жылу және абаттандыру мәселелері қаузалған еді. Ермағанбет Бөлекпаев өз кезегінде былай деп тіл қатты жұртшылыққа.

– Әр жердегі мұқтаж жандарға үй салып беру жеткіліксіз шара. Құрылыстың сапасы жұмыстың алғашқы кезеңінен бастап нысан пайдалануға берілгенге дейін қатаң бақылауда болуы керек. Тұрғын үйдің сапасы жоғары деңгейде болуы тиіс, – деді.

Әкім сөзі Президент баса белгілеген «Халықтық құрылыстың» жергілікті тәржімесіндей. Өткен жылы ғана Нұрада екі модульдік қазандық салынып, оған он көпқабатты үй іргесі сәтімен қосылған. Мұнда бұқара бұйымтайы жерде қалмады. Президент айтқан «шешімге кедергі рәсімді қысқарту» осы жерде өңірде іс жүзінде көрініп жатады. Яғни, кез келген тұрғын ежелгідей бес мекеменің табалдырығын тоздырмай, бір залда әкімді, басқарма басшысын және аудан әкімін бірден көріп, сауал ұзата алады.

Ойымызды түптей келгенде, ел сенімін арқалаған әрбір басшы мен маман үшін ең үлкен баға – қарапайым тұрғынның көңіл көзінде қалған ризашылық. Нәтижесіз тауы шағыларлық келеңсіз күндердің көлеңкесі сейіліп келетіні қуантады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты шынайы өміршең мәнге ұласты.

Ерқанат Кеңесбекұлы
“Ortalyq Qazaqstan”

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button