Бас тақырып

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Конституцияның ережелері мен баптарын бұзуға ешкімнің де хақы жоқ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізді. Жиында «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады.

Сурет akorda.kz

Президент бұл оқиғаны мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай деп бағалады.

– Кеше еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталғаны туралы мәлімет таратты. Ашығын айтқанда, бұл – мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай. Жалпы, заң бойынша тергеу мәселелерін жариялауға немесе ашып көрсетуге болмайды. Оның үстіне тергеу жұмысы да енді басталды. Алайда қазірдің өзінде мына нәрсені анық айтуға болады: бұл – біз «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын жариялап, оны Конституциямызда мемлекеттік басқару мен қоғам өмірінің басты қағидаты ретінде бекіткелі бері біртұтас жүйеге кіретін мемлекеттік компанияларда болып тұрған сыбайлас жемқорлыққа қатысты алғашқы ірі іс, – деп атап өтті.

Сонымен қатар, Конституцияның 15 наурызда жалпыұлттық референдумда қабылданып, 1 шілдеде заңды күшіне енгенін еске салды. Президент осы тұста Ата заңның ережелері мен баптарын бұзуға ешкімнің хақы жоқ екенін баса айтты.

– Конституцияның ережелері мен баптарын бұзуға, халқымыздың осы қасиетті құжатын келемеж жасауға, кемсітушілік көрсетуге ешкімнің де хақы жоқ. Конституция – мемлекетіміздің негізгі заңы, бұл – халқымыздың құқықтық төлқұжаты. Сондықтан Конституцияны күлкі қылу, оның негізгі ережелерін менсінбеу халқымызды кемсітумен бірдей. Ондай әрекет жасағандар «Заң мен Тәртіп» қағидатына сәйкес қатаң түрде жазаға тартылатын болады. Мәселе мемлекетіміздің абыройы, қоғамның ұлттық институттарға деген сенімі, Қазақстанның халықаралық беделі туралы болғанда біз, халық билік ету өкілдігін берген тұлғалар, ұлт мүддесін қорғау жолында аянбай еңбек етуіміз керек, сол үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бұл – азаматтық және саяси борышымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button