Ұлттық қауіпсіздік комитеті екі ірі компания басшысының ұсталғанын растады
Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғанын ресми түрде растады.

ҰҚК мәліметінше, қос азамат сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген. Қазіргі таңда істің мән-жайын жан-жақты анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде. Комитеттің ресми хабарламасында:
– Олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген. Қазір істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – делінген
Айта кетейік, бұған дейін Нұрлан Жақыповтың ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Алайда, «Самұрық-Қазына» қорының баспасөз қызметі уәкілетті органдардан ресми мәлімет алынғанға дейін және оқиғаның мән-жайы анықталғанша түсініктеме бермейтінін жеткізген.
Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ



