ЖаңалықтарРуханият

Бұқар жырау ізімен – Бұхара төрінде

«Бұхара – таң қаламын барғаныма,
Өкіндім оқи алмай қалғаныма!
Дүниеден құр алақан мен барамын,
Жете алмай бұ жалғанда арманыма!» – дейді, Бұқара Шәрифке үш мәрте барып білім алған Мәшһүр Жүсіп.

Иә, Бұқар жырау жолымен бізде Бұқараға барып Мәшһүр Жүсіп айтқандай аң-таң болдық. Сарыарқа мен Бұқараның арасын жалғаған білім керуені жолымен жүріп көрдік. Бабалар салған жол адастырмас, қазақтың небір мықты зиялы қауым өкілдеріне білім беріп, көкірек көздерін оятқан мықты ұстаздар дәл осы Бұқарадан білім алғандар. Бұқара Орта Азияның көне шаһары, Бұқара талай әміршілерге арман болған қала. Бұқара Ислам әлемінде ерекше құрметке ие жеті қасиетті қаланың (Мекке, Мәдина, Иерусалим (Құддыс), Бағдат, Дамаск, Мазари-Шариф және Бұхара) бірі ретінде танылды. Қалада атақты ислам ғұламалары (мысалы, Имам әл-Бұхари, Баһауаддин Нақшбанд) өмір сүргендіктен, мұсылмандар арасында бұл шаһарға «Бұхара Шәриф» деп құрмет көрсету дәстүрге айналған. Яғни, «Қасиетті Бұқара» атауына ие болды.

Суреттер автордан

Қарағандыдан жолға шыққан керуеніміз Нұх пайғамбардың кемесіне жан-жануарларды жұп-жұбымен іріктеп алғанындай, Бұқар бабамыздың айналасына топтасқан сайдың тасындай іріктелген игі жақсылардан құралды. Қазақта «Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан» деген нақыл бар, сапарымыздың мәнін үйлестіріп Өзбекстан мен Қазақстан арасында мәдени байланысқа бастамашы болып жүрген Амантай Акишев жолбасшымыз. «Бұқар жыраудың он бір тілегін» өмірлік кредосына айналдырып, аудан, облыс, республика көлемінде іс-шаралар өткізіп, енді міне халықаралық деңгейдегі тағылымды бастамаға себеп болды. Амантайдың соңына ілескен 15 адамнан құралған тобымыз Бұқара Шәрифке аттандық. Тобымызда Абылай ханның ақылшысы болған Бұқар жыраудай, Амантайдың ақылшысы әрі ел ағасы – Асхат Сағадиұлы да бар.

Ең алдымен, Ташкент қаласына табан тіреп, Төле би бабамыздың рухына тағзым етіп, зиярат жасадық. Одан кейін Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Елшілігіне арнайы бас сұғып, Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ералы Тоғжановпен жүздесіп, пікір алмастық. Ол кісінің ақ батасын алып, сапарымызды әрі қарай жалғастырып, кешегі бабаларымыз жүріп өткен көне керуен жолымен Бұқараға бет алдық. Жолай жер-жаһанды дүбірлеткен әйгілі қолбасшы Әмір Темірдің Самарқандтағы мәңгілік мекеніне – Гүр-Әмір кесенесіне ат басын бұрып, тағзым еттік. Сол жердегі тарихи кешенмен таныстық. Самарқанның көк тасын, мешіттің көне мінберін, ағаш ұстынды ұстап тұратын сүйенішті көріп тамсандық.

Таң біліне Бұқараға жеттік. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Ғажап жай Бұхараның рикстаны» деген сөзі еріксіз еске түседі. Шынымен де, ортағасырлық келбетін бүгінге дейін жоғалтпай, көне сәулет өнерінің сырын сақтап қалған Бұхара қаласы бізді алғашқы сәттен-ақ, өзіне баурап алды. Көше бойындағы негізінен екі қабатты үйлер мен ғимараттар шаһардың тарихи болмысымен әдемі үйлесім тапқан. Ал, алыстан көз тартатын көне күмбездер, мұнаралар мен медреселер қаланың еңсесін асқақтатып, оның ғасырлар қойнауынан жеткен айрықша сәулеттік келбетін айшықтай түседі. Бұхараның әрбір көшесі мен әрбір ғимараты тұтас бір тарихтың шежіресін шертіп тұрғандай әсер қалдырды.

Мәшһүр Жүсіп бабамыз өз жазбаларында суреттегендей:

«Көрінер көз ұшынан сағымданып,
Әрік пен Масхыд каллан мұнарасы.
Дүние-ақырет қызығы Бұхарада,
Ондай жай саған қайда бұл арада?!»

Бұхара алыстан-ақ Калян мұнарасы мен көк күмбездері арқылы көз тартады. Осынау көріністі тамашалай отырып, Мәшһүр Жүсіп бабамыз көрген Бұхараның бүгінгі күнге дейін сол бір сәулетін жоғалтпай жеткеніне тәнті боласың.

Сонымен, Бұқараға барудағы басты мақсатымыз – конференция өткізу және Көкілташ медресесіндегі екі құжырадан мұражай бұрышын ашу болды. Осы мақсатты толықтай жүзеге асыруды қолға алып, екі ел арасында елшілік міндетін атқарып жүрген Амантай Нұртайұлының бастамасымен Азия халықаралық университетінде қазақ және өзбек ғалымдарының басын қосқан конференция өтті. Жиынға бізден бөлек Ақмола облысынан «Абылай ханның қара жолы» атауымен Өзбекстан жерін аралап жүрген экспедиция мүшелері де келіп қосылды. Экспедиция жетекшісі – Мұрат қажы, бас ғалымы – Жамбыл Артықбаев ағамыз. Конференция модераторлары – Айтбай Жұмағұлов пен Анвар Буранов.

Жиынымызды топты бастап келген ел ағасы Асхат Сағадиұлы ашып, Бұқар жырау ауданы өкілдерінің Бұхара шаһарына сапарлаудағы негізгі мақсаты мен көздеген міндеттері туралы сөз қозғады. Сапардың тарихи-танымдық және рухани маңыздылығына тоқталып, алдағы әңгімемізге бағыт-бағдар берді.

Қазақ пен өзбекті біріктіріп тұрған басты нысан ол – Көкілташ медресесі. Барлық баяндамашылар Көкілташ медресесінің маңыздылығын, жалпы, Бұқараның діни орталығында оқыған қазақ зиялылары туралы сөйледі. Біздің топтан Қаршыға Мұқыш пен Ернар Кейкі баяндама жасады. Біз өз баяндамамызда Бұхара қаласының тарихи маңыздылығын екі қырынан атап өттік. Біріншіден, оның Орта Азиядағы ірі діни-ағартушылық орталықтардың бірі болғанына тоқталдық. Екіншіден, Меккеге қажылық сапарға аттанған жолаушылардың жолай аялдап, діни білімдерін толықтырып, сауаттарын арттыратын маңызды рухани бекет қызметін атқарғанын сөз еттік. Ал, Жамбыл ағамыз зерттеуші ғалым ретінде өз ой-пікірімен бөлісіп, Өзбекстан мұрағаттарында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тарих қойнауында жатқан Бұхара қаласына қатысты тың деректерді іздестіріп, ғылыми айналымға енгізудің маңыздылығына тоқталды. Конференцияны  Бұқар жырау мұрасын зерттеуші, жыршы Қалиасқар Шыныбектегі ағамыз Бұқар жыраудың «Әлемді түгел көрсе де» толғауымен түйіндеді. Екі ел арасындағы достық пен өзара сыйластықтың белгісі ретінде қонақтарға естелік сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, аудан әкімінің атынан Алғысхаттарды Бұқар жырау аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мейрлан Қали салтанатты түрде тапсырды.

Конференцияны басынан аяғына дейін Айтбай Ботпайұлы Бұқар жыраудың тағылымды толғауларымен сабақтастыра отырып, мазмұнды әрі әсерлі жүргізді. Әр сөзін жырау мұрасымен үндестіріп, жиынның рухани мәні мен көркін аша түсті.

Бұқарадағы іс-шарамыздың екінші бөлімі Көкілташ медресесінде жалғасты. Ең алдымен, Бұқар жырау ауданының атынан берілген аста бас қосып, дәм таттық. Асқа Бұқар жырау ауданының делегациясы, Ақмола облысынан келген экспедиция мүшелері, өзбек елінің зиялы қауымы мен жергілікті қазақ жастары қатысты. Көкілташ медресесінде білім алған қазақ зиялыларының рухына Құран бағышталып, ақжарма тілектер айтылды. Қазақтың қара домбырасы мен қобызы күмбірлеп, ұлттық өнеріміздің үні жаңғырды. Әсіресе, Ақжан Қалиасқарұлының Бұқар жырау толғауын қобыз үнімен сабақтастыра орындауы жиынның көркін қыздырды. Астың берілуіне қолдау көрсетіп, игі іске ұйытқы болған Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Бейсембайұлына және қаржылай көмек көрсеткен ауданның барша арда азаматтарына және  «Руханият» ҚББО, ЮНЕСКО клубы ұжымының басшылығына шынайы алғысымызды білдіреміз.

Аруақтарға Құран бағыштап, дұға жасағаннан кейін негізгі іс-шарамызға көштік. Көкілташ медресесінде 100-ден астам құжыра бөлмесі бар. Соның екі бөлмесі қазақтың көрнекті зиялыларына арналып, мұражай ретінде жабдықталған. Бұл игілікті істің бастамашысы Амантай Нұртайұлы оны жүзеге асыру үшін бұған дейін де екі-үш мәрте арнайы келіп, бар күш-жігерін жұмсағанын да айта кету керек.

Ең бір қызығы, биыл 11 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Бұқара қаласына жасаған сапарында Көкілташ медресесін де аралап көріп, осы бөлмелерге бас сұққан болатын. Міне, бүгін сол игілікті бастаманың жалғасы ретінде екі құжыраның ресми ашылу салтанаты өтті.

Салтанатты рәсімде арнайы лента қиылып, «Бісміллә» деп мұражай бөлмелерінің табалдырығын аттадық. Бірінші құжыра Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына арналса, екінші бөлмеден Көкілташ медресесінде білім алған Бұқар жырау бастаған бірқатар қазақ зиялыларының мұраларына арналған жәдігерлер орын алды.

Іс-шараның тағы бір маңызды сәті – үш бірдей кітаптың тұсаукесері болды. Атап айтқанда: «Бұқарада оқыған қазақ зиялылары» – авторлары Ж.Артықбаев пен А.Амантай, аудармашысы Хуршида Абдуллаева. Кітап қазақ, өзбек және шағатай тілдерінде жарық көрген. «Бұқар жырау тағылымы» – авторлары Ж.Артықбаев пен А.Амантай, аудармашысы Хуршида Абдуллаева. Бұл еңбек те қазақ, өзбек және шағатай тілдерінде ұсынылған. «Бұқар жырау» кітабының авторы – А.Жұмағұлов. Кітаптың жарық көруіне «Он бір бағыттағы – он бір қадам» жобасының авторы Амантай Акишев демеушілігімен шыққан.

Осы іс-шара барысында «Бұқар жырау асыл мұрасы» қоғамдық қорының төрағасы Амантай Нұртайұлы бірқатар азаматты «Бұқар жырау асыл мұрасы» медалімен марапаттап, төсбелгіні өз қолымен кеуделеріне тақты. Өзбекстан тарапынан Жамшид Халилов – Бұқара мемлекеттік музей-қорығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары, Фахриддин Хайдаров – Бұқара әдебиеті тарихы музейі филиалының меңгерушісі, Умиджон Шокирович – Азия халықаралық университеті «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының меңгерушісі, Хазна Колбаева – Бұхара облысы Қазақ ұлттық мәдениет орталығының төрайымы, Анвар Буранов – Нақты және әлеуметтік ғылымдар университетінің «Алтаистика және түркология орталығының жетекшісі», филология ғылымдары бойынша философия докторы (PhD) марапатқа ие болды. Ал, қазақ елінен Бұқар жырау ауданы әкімінің кеңесшісі – Асхат Сағадиұлы, «Бұқар жырау жаршысы» газетінің редакторы – Алия Саятқызы және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі, Қазақстан Көркемөнер академиясының корреспондент-мүшесі, «ТС» «СХК» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы – Қалмаханов Айдархан Сейтмаханұлы марапатталды.

Іс-шарамыз өз мәресіне жетті. Бұқар жырау жақсы әйелдің қадір-қасиетін жырына арқау еткен. Сапар барысында біз де ибалы мінезімен, парасатымен, кең пейілімен айналасына шуақ шашып жүрген осындай аяулы апайларымызбен бірге болдық. Олар: Мүгүлсім Шибаева – Бұқар жырау ауданының құрметті азаматы, Майгүл Асқарова – жазушы, Бұқар жырау мұрасын зерттеуші Сандуғаш Құсбекова – Бұқар жырау ауданының тумасы, Астана қаласындағы №43 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, филолог Әлия Саятқызы – «Бұқар жырау жаршысы» газетінің редакторы. Бұл кісілердің әрбір тағылымды сөзі мен ақыл-кеңесін көңілге түйіп, қажет жерінде түртіп алып отырдық. Өйткені, әрбір әңгімесінің астарында өмірлік тәжірибе, терең таным мен ұрпаққа берер өнеге жатты.

Сонымен қатар, әрбір басқосуымызда батасын беріп, үлкендігін танытып жүрген Бұқар жыраудың ұрпағы Қалкен Зейнединов мен оның немересі Рауан Асылбекұлы да сапарымыздың мән-маңызын арттыра түсті. Рауан Асылбекұлы сапар бойы мобилограф ретінде әдемі сәттерімізді таспаға түсіріп, естеліктерімізді есте қаларлықтай етіп жеткізуге үлес қосты.

Екі күн болған Бұқараны қимай қоштастық, Мәшһүр Жүсіп айтқандай:

«Адамы Бұхараның – меруерт, маржан,
Жаманға қат, жақсыға бәрі де арзан» – демекші Бұқараның халқы да мейірман, ортағасырлық аурасы да ерекше тәнті етті. Тағы да Мәшһүр Жүсіп айтқандай: «Бұхара барғаны – жұпар барғаны» демекші, осынау қасиетті шаһарға сіздермен бірге сапарлап, тарихтың тереңіне бойлап, оның рухани жұпарын сезініп қайту мен үшін үлкен мәртебе болды.

Бұқар жыраудың туған жері – Бұхара шаһарына бір аунап, «Ат айналып қазығын табар» дегендей, тарихи сапарымызды аяқтап, туған елге қарай жол тарттық. Артымызда тағылымы мол күндер, рухани әсерге толы кездесулер мен ұмытылмас естеліктер қалды.Жазбамызды Мәшһүр Жүсіп сөзімен аяқтасақ:

«Арқаға қайта шықтық аяқ тайып,
Көлден шөлге ұшқандай қанат жайып.
«Бұхарай-Шәріфтің нанын тат!» -деп,
Уыз батаң берсейші бір қол жайып.

Ернар КЕЙКІ,
ҚарҰЗУ-дың оқытушысы, географ-өлкетанушы,

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button