Жаңалықтар

Құрылысқа серпін – өндіріске сұраныс

Құрылыстың қарқыны тек бой көтерген ғимараттармен өлшенбейді. Оның ар жағында отандық өндіріске тапсырыс, кәсіпкерге мүмкіндік, жұмысшыға табыс тұр. Сондықтан да, мемлекет қаржысына салынатын әрбір нысан ел экономикасын өркендетуге қызмет етуге тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында көтерілген «Халықтық құрылыс» бастамасының негізгі мәні де осында. Ауқымды инфрақұрылымдық жаңғырудан өндірісі өркендеген Қарағанды өңірі де тыс қалмақ емес.

Сурет ЖИ арқылы жасалды

Мемлекет басшысы Жолдауында ел көлемінде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық берді. Осы мақсатта 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланған. Президент құрылыстың игілігін халық көруімен қатар, оған қажетті материалдар мен жабдықтарды елімізде өндіруге айрықша мән берді. Өйткені қомақты қаржының отандық кәсіпорындарға тапсырыс болып оралуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, өңдеу өнеркәсібінің дамуына және импортқа тәуелділіктің азаюына ықпал етпек.

Өнеркәсіп өрісі кеңеюде

Бұл міндеттерді жүзеге асыруда Қарағанды облысының өндірістік әлеуеті айрықша. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы тоғыз айда өңірде 4,2 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өсім 4,9 пайызды құраған. Өңдеу өнеркәсібіндегі көрсеткіш 6,4 пайызға артты. Алайда құрылыс саласында қарқын бәсеңдеген. Есепті кезеңде 411,1 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылып, оның нақты көлемі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 16 пайызға төмендеген. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі де 28,2 пайызға азайып, 291,6 мың шаршы метрді құрады. Демек, Жолдаудағы ауқымды бастама өңірдегі құрылыс белсенділігін арттырып қана қоймай, жергілікті өндірістің мүмкіндігін тиімді пайдалануға жол ашуы тиіс.

Бұл бағытта нақты жобалар да жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, жуырда Саран индустриялық аймағында тас мақта өндіретін жаңа зауыт іске қосылды. Жобаға 67 млрд теңге жеке инвестиция тартылған. Кәсіпорын жылына 1,2 млн текше метрге дейін жылу оқшаулағыш материал шығаруға қауқарлы. Мұнда 186 жұмыс орнын ашу көзделген. Ал қосалқы қызмет көрсету салаларында тағы 1,5 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту мүмкіндігі қарастырылған.

Жаңа өндіріс тұрғын үй, әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандардың құрылысына қажетті материалдарды отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған. Зауытта жергілікті шикізат, соның ішінде Балқаш маңындағы кен орнынан алынатын тау жыныстары пайдаланылады. Кәсіпорынның ашылуында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Халықтық құрылыс» бастамасы отандық материалдарға сұранысты арттырып, жаңа өндірістердің дамуына серпін беретінін атап өтті.

Өңірде құрылысқа қажетті өзге де өнім түрлерін шығару жолға қойылып келеді. Атап айтқанда, «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы Silumin of Qazaqstan зауыты алюминий және биметалл жылыту радиаторларын өндіруге маманданған. Құны 20,6 млрд теңге болатын жобаның жылдық қуаты 5 млн секцияға есептелген.

Ал Теміртаудағы Qarmet компаниясының жаңа сортты прокат кешені жылына 540 мың тоннадан астам дайын металл өнімін шығаруға мүмкіндік бермек. Мұнда құрылыс саласына қажетті беріктігі жоғары арматура, швеллер және өзге де металл бұйымдарын өндіру жоспарланған. Жаңа өндірісті жыл соңына дейін іске қосу көзделіп отыр. Бұл ішкі нарықтағы импорттық өнімдердің үлесін азайтуға бағытталған маңызды қадам болмақ.

Қаржының қайтарымы – нақты нәтиже

Өндірістік әлеуеттің артуы өңірдегі инвестициялық жобалардың ауқымымен де сабақтас. Облыс әкімдігінің мәліметінше, Қарағанды өңірінде 2032 жылға дейін жалпы құны 7 трлн теңге болатын 186 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде 36 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Бұл бастамалар өңдеу өнеркәсібін өркендетуге, шикізатты терең өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім түрлерін көбейтуге бағытталған.

Әйткенмен, жаңа кәсіпорынның ашылуы оның мемлекеттік тапсырыспен бірден қамтылатынын білдірмейді. Ендігі мәселе – өндірілген өнімге тұрақты өткізу нарығын қалыптастырып, жергілікті компаниялардың ауқымды құрылыс жобаларына қатысу мүмкіндігін кеңейту. Өйткені мемлекет қаржысына салынған нысанның экономикалық қайтарымы оның құрылысына қанша қаражат жұмсалғанымен ғана емес, сол қаражаттың қаншалықты бөлігі отандық өндіріске бағытталғанымен де өлшенеді.

Мемлекет басшысы ұсынған «Халықтық құрылыс» бастамасының түпкі мәні де осында. Жаңа мектеп пен аурухана ел игілігіне жарап, қажетті құрылыс материалы отандық кәсіпорында өндіріліп, жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылса, ауқымды бағдарламаның шынайы нәтижесі сол болмақ. Ендеше, құрылыс қарқынын арттыру мен өндіріс өрісін кеңейту – бірін-бірі толықтыратын, ел экономикасының келешегіне қызмет ететін ортақ міндет.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button