Руханият

Бал дәуреннің жыршысы

Қазақ балалар әдебиетінің ғасырлар тереңіне бойлайтын тамыры ата-бабаларымыз тұлпар мініп, ту алып, күн түбіне жортқан сонау көне дәуірлерде дүниеге келген ертегілер мен аңыздарға, жаңылтпаштар мен жұмбақтарға, бәдік жырлармен тіркесіп жатса да, ұлттық рухани құндылықтар арасында кенжелеп дамығаны және күрделісі де – осы жанр.

 

Сурет «Ortalyq Qazaqstan» газетінің мұрағатынан

Қазақ поэзиясының ақиығы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы: «Көркем жырмен көңілін аулап, едіреңдеген еркекті де, бәлсініп бұлықсыған әйелді де алдауға болады. Сәби оқырманды алдай алмайсың! Жазғаныңнан фальшты аңғарса, баланың көңілі енді қайтып бұрылмайды», – дейді. Рас шығар. Балдырғанның тілімен сөйлеп, баланың періште көңілінен шығатын дүние тудыруға қалам ұстаған қауымның кез келгені тәуекел ете алмайды. Осы күрделі тақырыпқа жүрегі дауалап барған авторлардың бірі – Кәрім Сауғабай.

Алғашқы әріпті «Әліппеден» үйреніп, тілін «сындырған» қазақ баласы қазіргі ұялы телефон сияқты «ғасыр дерті» пайда болмай тұрғанда Кәрім Сауғабай сынды болмысы бөлек бал дәурен жыршыларының өлең-жырларын оқып, сәтті суреттерін санасына қондырып өскені күмәнсіз. Сол арқылы сан буынның бойында туған жерге деген құштарлық, Отанға деген махаббат сезімі қалыптасты. Себебі, балалар авторлары ұлттық тәрбиенің уызына жарыған таланттардың ғана арасынан суырылып шығады. Дәл солар тәрізді Кәрімнің де тұла бойында қозы-лағын қуалап, құлын-тайымен жарысып өскен еліне, кіндік қаны тамған Едірейі мен Үшқарасына, Арқалығы мен Балқантауына деген іңкәрлігі ерекше еді. Оны күнделікті күйкі тірліктің күйбеңінен жұлып алып, Алаштың Ақыны, ақырып теңдік сұрайтын Азаматы деңгейіне көтерген осы қасиет – туған топыраққа, ата-баба салтына, тіліне, діліне, төл мәдениетіне деген құрмет.

Кәрім Сауғабайдың балдырған оқырмандарға арналған шығармасының біріне көңіл аударайық:

Күннің алтын кірпігі Қонақтайды гүлдерге. Киіз үйдің сүйегі Жинаулы тұр іргеде. Машиналар тізбегі Жол бойымен шұбырған. Осы екен күз демі, Жан таппайсың қыдырған. Бірі қырман басында Ақ бидайды сапырған. Диқандардың қосында Күз – есепші отырған. Осы екен күз деген, Келеді еріп бізбенен. Жапырақтар ұшып жүр, Арадай гүл іздеген («Күз – есепші»), – дейді ақын сәбидің санасына еңбекке құрмет сәулесін түсіріп. Немесе:

Күн жылынып, төккен нұр, Көлдің беті – көктеңбіл. Ағаштарға бүр шашқан Көк көйлекті көктем жүр («Қай мезгіл?»), – дейді табиғат құбылысына баламен бірге сүйсіне қарап. Тағы да:

Киіпті тау бүгін Әжемнің жаулығын («Қыс»), – деп керім бояумен кестелі сурет сала қояды. Сәби оқырманның сезімін қысқа да нұсқа тіркестермен селт еткізіп, санасына сәуле түсіретін оқшау орамдар балажан ақынның соңында қалған мұрасының ішінде молынан кездеседі.

Жан-тәнімен сұлулыққа құштар, ізгілікке іңкәр ақынның ересектерге арналған шығармалары арасынан да жүрек қылын тербейтін шумақтар кезіге кетуі ғажап емес:

Жан едім көктем келсе, есі кеткен, Көктемнің, жас болмасаң, несі көктем?! Төбемнен сусып ұшқан аққулар ма, Әлде сол жастығымның көші ме өткен? – деген жолдар осының айғағы. Қамшы сабындай ғана қысқа ғұмырында өзі ғашық болып өткен Балқантау биіктеріне қарап:

Келген сайын ойға қалам не түрлі, Саумал самал жуып жатыр бетімді. Іркес-тіркес жоталанған таулары Алып жердің бұлшық еті секілді, – деп келісті көркемдікті керім жырына тебірене арқау етеді.

Ақынның сезім серпілісінен, көңіл бұлқынысынан туған өлеңдер қазіргі қазақ музыкасының сардары, зерделі өнер зерттеуші, сыршыл суретші, қуатты композитор, биыл ғана торқалы тоқсанын тойлаған маэстро Илья Жақановтың алпыс екі тамырынан тамшылаған сырбаз да сылқым сазбен қоса өріліп, қазақ ұлтының рухани әлеміне қайталанбас қазына болып қосылды. Бір басына жеті емес, тоқсан өнер тоғысқан: композитор, журналист, жазушы, зерттеуші һәм суретші Илья ағамыз өз шығармашылығында орны ерекше «Балқантау» әндер циклының дүниеге келуіне ақын Кәрім Сауғабайдың Сарыарқаға шақырған қолқасы қозғау салғанын сан мәрте қайталап, өнерсүйер қауымның санасына сіңіріп келеді.

Кәкеңнің қайтыс болғанына жыл толуына орай «Орталық Қазақстан» (№168 (19373), 21 қазан 2003) газетінде жарияланған еске алуында ақын Серік Ақсұңқарұлы: «Көз талды Балқантауға қарай-қарай» деп еді-ау қайран боздақ. – Балқантауға жаутаңдап біз де қараймыз. Кәрім – жоқ! Атом бомбасының азабын тартқан ел қалды Балқантаудың баурайында. Қаздауысты Қазыбектің ескерткіші қалды. Аудан жоқ… Қазақтың ғажайып азаматтарының бірі, әрі бірегейі Кәрім Сауғабай тұрған үй қалды. Иесі жоқ… Сол жерге Сауғабайдың аты-жөнін қалдырудың қарекетін жасауымыз керек», – деген еді. Содан бері ширек ғасырға таяу уақыт өтіпті. Бірақ, не аудандық, не облыстық деңгейде қозғалыс жоқ.

Дегенмен, соңында балдырғандар мен ересек оқырмандарға арналған мол рухани мұрасы қалған ақын Кәрім Сауғабайдың есімі ұмытылмайтыны күмәнсіз.

Есенбай САРЫМЫРЗА

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button