Бас тақырыпЖаңалықтар

Азаттықты аңсағанда жалындаған жиырмада еді

Осыдан 65 жыл бұрын, 1961-1962 оқу жылының басында Қарағанды педагогика институты, тарих және филология институтының бір топ жігіті өздері «Жас қазақ» деп атаған ұйымның ұлт азаттығы туралы идеясын қалада оқитын қазақ жастарына жаю үшін үнпарақ әзірлеп, таратады. Сол кезде осы оқиғаның бел ортасында жүрген Кәрім Сауғабай кейін төмендегідей естелік қалдырған екен:

Сурет автордан

«Бұл 1961 жылдың 10 қазаны болатын. Біз табан аудармастан он күн бойы әрқайсымыз 200 листовка-үнпарақ жазып, 2 қараша күні таңертең сағат 6.00-де қаладағы барлық институттардың аудиторияларына, киім ілетін жерлерге таратуды қолға алдық. Менің үлесіме Ленин даңғылы бойындағы, өзім оқитын оқу орны тиді. Институттың сыртқы есігі таңғы сағат 5.00-де ашылады. Үй сыпырушылар сағат 9.00-ге дейін барлық қабаттың едендерін жуып шығады. Мен №1 листовканы қолыма ұстап тұрып «О, Жасаған ием, өз рухым үшін өмір бойы күресуге барамын!» деген сөзді айтқанымда, көзімнен ыстық жас төгіліп кетті. Бірінші листовканы оқытушы отыратын үстелдің үстіне қойдым. Қалған 9-ын Мақсым айтқан, шенқұмарлар отыратын үстелге тастадым. Сөйтіп, бір сағаттың ішінде 200 листовканы таратып, жатақханаға қайттым».

Қарқаралы – Қарағанды өңірі – қазақ ұлт азаттығы күресі идеясының бесігі. Ол 1905 жылғы «Қарқаралы ғұзырхатынан (петициясынан)» басталып, кейін ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған «Алаш» ұлттық-демократиялық партиясына, одан соң ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағы бірден-бір легитимді билік Алашорда үкіметінің жұмысына жалғасады.

Коммунистік озбыр, көрсоқыр идеологияны ұстанған тоталитарлық-фашистік кеңес өкіметі ұлт зиялыларын отап кеткен 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннен кейін де Сарыарқада ұлт азаттығы идеясы 1940 жылдары ақын Бүркіт Ысқақов құрған «ЕСЕП» ұйымында жалғасты.

Қазақ жастарының дербестікті аңсау ойы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Қарағандыда қайта бой көтергенде аймақтың, республиканың коммунистік идеологиясын тізгіндеп отырған топ әбігерге түскені аян. Педагогика институтының Мақсым Омарбеков, Кәрім Сауғабай, Совет Әбдікәрімов, Аманжол Спайын бастаған студенттері кеңес билігі, коммунистік партия жүргізіп отырған ұлт саясатының әділетсіздігін, қазақтар туған жерінде азшылыққа айналып, тілі қолданыстан шығып, салт-дәстүрі ұмытылып, отаршылар тарапынан қиянат көріп келе жатқанын айтып, замандастарының санасын оятуға кіріскен.

Ұйым жетекшісі Мақсым Омарбеков Семей облысына қарасты бұрынғы Абыралы ауданының орталығы Қайнар орта мектебінде оқып жүргенде Оқу министрлігіне бір топ оқушы қол қойған хат жазып, ұлтшылдығын көрсеткен дүр. Қарағанды педагогика институтына түскен соң өзімен ниеттес жастардың қолдауымен ұйым құрады.

Топ мүшесі Кәрім Сауғабай бастаған топ ұлтты ояту үшін «Социалистік Қазақстан» газетіне қазақтың сол кездегі белгілі тұлғаларына Ашық хат жазып, қаланың оқу орындарына үндеу парақшалар таратады. Бірақ, көп ұзамай жас азаматтардың әрекеті әшкере болып, 1962 жылы 5 мамырда Қарағанды педагогика институтында комсомол белсенділері ұйымдастырған жабық жиналыс өтеді. Жиналыс төрағасы В.Мельник, оның командасында өктем ұлттың В.Гудзик, В.Токарь, С.Власюк, Л.Журба сияқты өкілдері болады.

Жиында Қарағанды қалалық комсомол комитеті хатшысы М.Достемесов:

– Бұл шын мәнінде жағымсыз оқиға. Егер мұндайға жеке басқа табыну кезінде жол берілсе, онда бұл адамдармен сөйлесіп, жиналыс жасап жатпай-ақ, бірден түрмеге жіберер еді. Омарбеков 7-8 сыныптарда оқып жүрген кезінде-ақ ұлтшылдық сипатқа бой алдырған, – деп қазақ жастарын отаршыл ниеттегілердің талауына тастай салады.

Тарих және филология факультетінің деканы Қ.Жуасов:

– Ұйым жетекшісі Омарбеков. Бұлардың әрқайсысы әрекеттеріне орай жазасын алуы керек. Ал, Сауғабаев болса, өзінің қабілетімен ерекшеленбейді. Ол тілге шорқақ. Онымен қоймай жыр жазады. Мұндай ұлтшылдық идеямен өмір сүруге болмайды. Ақын-жазушы дегеніміз адал, идеалды коммунист болуы тиіс, – деп, өз студенттерін кінәлаумен қатар, болашақтарын «болжап» береді.

Осы жиналыс нәтижесінде Мақсым мен Кәрім институттан шеттетіліп, еңбекпен түзету үшін жұмысқа жіберіледі. Осындай шешім шыққан кезде ойы ұшқыр, логикасы мықты Мақсым Омарбеков:

– Кеңестік жоғары оқу орны түзете алмаған менің санамды қара жұмыс түзете ме? Ең алдымен жергілікті ұлттың жағдайын түзету керек, – деп салған екен (замандасы, досы Серікбай Алпысовтың естелігінен).

Бірақ, озбыр да топас билік орынды сөзге құлақ сала ма, Мақаң мен Кәкеңді шалғайдағы Қу ауданына айдайды. Мұнда келген соң, іргелі кәсіпорны, кен өндіретін шахтасы жоқ өңірдегі ауыр жұмыс мал бағу деп, «күнәһарларды» қой соңында салпақтатып, саналарындағы «ұлтшылдық» ұшқынын өшірмек болады коммунистік партия. Дегенмен, денсаулығына байланысты мал бағудан босатылған Мақаң аудандық газетке корректорлыққа тағайындалып, Кәкең «Арқалық» совхозына көмекші шопан болып барады.

Көрнекті ғалым-зерттеуші, Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде журналистика мамандығының негізін қалаған Зарқын Тайшыбай айтады:

– Абай атындағы совхозда учаскелік инспектор болып жүргенімде Арқалыққа бара қалып едім, Шүрегей қыстағында қой бағып жүрген Кәрімді көрдім. Қыс түсіп қалған. Бұрын мал соңында жүрмеген бозбала Арқаның ақтүтек бораны мен аязында қалай жүреді? Аяп кеттім. Абайдағы мектеп директоры дос-жар адам еді, соған Кәрімнің жағдайын айттым. «Тіл мен әдебиет мұғалімі етіп ала алмаймын, дене шынықтыру пәніне келсін» деді. Сөйтіп, оқу жылының соңына дейін Кәрім Абай мектебінде қызмет жасады.

Сталиндік жеке басқа табыну кезінде ушыққан ұлт мәселесі тарихшылар Кеңес Одағына «жылымық» әкелді деп бағалаған Хрущевтің волюнтаризмі кезінде қазақтар үшін оңып кеткен жоқ: «тың және тыңайған жерлерді игеру» деген сылтаумен қазақтың ұлан-байтақ даласы жыртылып, мал шаруашылығы күйреді. Сырттан миллиондап келімсектер, көбінесе қылмыскерлер мен күмәнділер келді. Қазақстанның солтүстігіндегі бес облысты Ресейге қосудың амалы қарастырылды. Ұлт мектептері жабылып, қазақ тілінде білім мен тәрбие беру ісі күрделі жағдайда қалды. Осы мәселелер ұлт болашағына алаңдаған Мақсым Омарбеков пен Кәрім Сауғабай ағаларды үнсіз қалдыра алмаған еді.

Олар жоғары білімін куәландыратын дипломдарын курстастарынан бір жыл кейін алды. «Бас бұзар» студенттердің сол кездегі ұстазы Қ.Жуасов болжам жасауда біршама қателескен екен: Мақаң республикаға танымал журналист-жазушы, қоғам қайраткері болса, Кәкең тамаша лирик және балалар ақынына айналып, қазақ әдебиетінің тарихына есімі мәңгі жазылды.

Құдіретті табиғат тал бойына арманшыл жүрек, ақжарқын мінез сыйлап, Жамақтың мөлдір бұлағындай жүрдек қалам ұстатқан, балдырған буынның тілашары, сұлулыққа іңкәр пейілі қазақ әнінің қасқалдағы Илья Жақановқа сыршыл әуендер туғызған Кәрім Сауғабай жер басып жүрсе, бүгін 85 деген сеңгірден бой көрсетер еді. Ол осыдан ширек ғасырға жуық уақыт бұрын, 2002 жылы 25 қарашада бақиына көшіп кетті.

Кәрім Жұмабекұлы ІІ дүниежүзілік қырғын жүріп жатқан 1941 жылы 20 қазанда Қу ауданының Едірей ауыл кеңесінде жарық әлемге іңгәлап келген екен. Орта мектепті, Қарағанды педагогика институтын, 1972 жылы ҚазҰМУ-дың журналистика факультетін тәмамдап, шығармашылық еңбегін бұрынғы Егіндібұлақ аудандық «Ленин туы» газетінде әдеби қызметкерліктен бастаған ол осы басылымда бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, редактор, бұрынғы Талды аудандық «Шұғыла» – «Восход» газетінде редактор, «Орталық Қазақстан» газетінің Қарқаралы ауданындағы меншікті тілшісі қызметтерін атқарды. Өмірінің соңында Е.Бөкетов атындағы Ұлттық зерттеу университетінің журналистика кафедрасында дәріс оқыды.

Балаларға арналған «Мойындау» (1972) атты тұңғыш жинағымен әдебиет табалдырығын аттаған Кәрім одан соң «Көктем келді, алақай!» (1975), «Күдеріңді үзбе» (1977), «Ақша қар» (1980), «Балқантаудың басында» (1982), «Үлкендерден үлгі аламыз» (1983), «Үшқара оттары» (1985) деген поэзиялық кітаптарын, өлеңдері мен прозасы топтастырылған «Мәди» жинағын шығарды.

Қазақ рухани әлеміне дербес үлесін қосқан Кәрім Сауғабайдың есімі халық жадынан өшкен жоқ. Ақынның туғанына сексен жылдығы атап өтілген 2021 жылдан беріде Қарағандының поэзия сүйер қауымы мектеп оқушыларын қатыстыра отырып Кәрім оқуларын өткізіп келеді. Мемлекеттік деңгейде ұйымдастырылатын мәдени іс-шаралардан бастап ел ішінің қатардағы жиын-тойында Илья Жақановтың «Балқантау циклынан» әндер шырқалған сайын жұрт бірнеше әннің мәтінін жазған Кәкеңді еске алады. Көзі көргендер оның періште пиғылын, бала мінезін еске алады. Ақын рухы халқымен бірге жасап келе жатқанының нақты дәлелі осы болса керек.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button