Қасым жырын қастерлеп…
Қарағанды гуманитарлық колледжінде дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 115 жылдығына арналған облыстық байқау өтті. Бұл – Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының қолдауымен жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын байқау. Биылғысы – бесінші.Салтанатты ашылу рәсіміне алыс-жақыннан арнайы шақыртылған құрметті меймандар қатысты.

Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының басшысы Бақытгүл Әбдікерова Қасым ақынның шығармашылығы жас ұрпақты отаншыл етіп тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын айтты.
– Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру ісіне келсек, мектеп бағдарламасына Қасым Аманжоловтың шығармалары енгізілді. Оның «Ақын өлімі туралы аңыз» секілді іргелі туындыларында жігіттің рухын оятып, еңсесін тіктейтін, көзінде от жағатын жасынның жарқылы бар. Музыка пәнінде де мұғалімдер оқушыларға Қасымның әндерін шырқатады. Қасымның өлеңдері қандай өміршең болса, әндерін де халық шын ықыласпен тыңдап, шын ықыласпен шырқап келеді. Бірақ, біз Қасымды насихаттауды бәсеңдетпеуіміз керек, – деді Бақытгүл Әбдікерова.
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бағдат Мүбәрак Қасымның насихатталуына қатысты пікірін білдірді.
– Мұқағали секілді Қасым республикалық деңгейде дәріптеліп жатқан жоқ. Мұқағали оқулары еліміздің түпкір-түпкірінде өтіп жатыр. Қасым болса, осы өңірдің аумағынан шыға алмай қалды. Сіз болып, біз болып осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек, – деді Бағдат Мүбәрак.
Тағылымды іс-шараға Қасым ақынның ағасы Ахметжанның немересі Рымжан Рақымжанов та арнайы қатысты. Сонымен қатар, Қасым Аманжоловтың қызы Жанна Қасымқызы мен ақынның ағасы Тайжанның немересі Дәмегүл Рақымжанованың бейнежазбасы көрсетілді. Олар дауылпаз ақынның сәулелі бейнесі мен ақын жайлы естеліктерін айтты.
– Арғы атамыз Рақымжанның Нығметжан, Ахметжан, Тайжан және Қасым есімді төрт ұлы болған. Әкеміз бізге Қасым атамыз туралы көп айтатын. Оның айтуынша, Қасым атамыз асық, тоғызқұмалақ ойындарына шебер, зейінді болған екен. Музыкалық талантты, тіпті, бөлек әңгіме. Қасым атамыз домбыраны арқасына қойып шертіпті. Әрі ақын, әрі композитор. Гитара, домбыра, сыбызғы, фортепиано сияқты аспаптарды меңгергені туралы әкеміз сүйсіне әңгімелейтін. Оның айтуынша, Қасым атамыз ағайындарына өте қамқор, бауырмал жан болған. 1941 жылы Тайжан атамыз майданға аттанып, хабар-ошарсыз кетеді. Сол кезде Қасым атамыз ағасының отбасына қамқорлық жасаған. 1950 жылы Семей қаласында өткен әкімнің тойына арнайы келген екен, – деді Дәмегүл Рақымжанова.
Сарыобалы ауылының тұрғыны, ақын мұрасын насихаттаушы Дәулетқазы Егізбаев Қасым ақынның шыққан тегіне тоқталды. Қарқаралы ауданына қарасты Қасым Аманжолов ауылындағы №19 тірек мектебінің директоры Мақсат Оспанқұлов та құрметті меймандардың қатарында. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының өңірдегі филиалын басқарып отырған Жанат Жаңқашұлы Қасым Аманжолов атындағы республикалық деңгейдегі жыр мүшәйраларының жетістіктерімен бөлісті.
Байқау 4 номинация бойынша өтті. Бірінші номинация – «Барым да, бақытым да – осы өлеңім». Бұл бағытта қатысушы ақынның 5 өлеңін жатқа оқыды. Екінші номинация «Ей, тәкәппар дүние! Маған да бір қарашы…» деп аталды. Мұнда колледж қабырғасындағы жас ақындар Қасым Аманжоловқа арнаған авторлық туындыларын ұсынды. «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ…» аталымында ақынның ғұмыры мен шығармашылығы қамтылған TEDx форматындағы монологтарын оқыды. «Ұстазым, сенсің ұланымның ертеңі!» аталымында ұстаздар эссе жазды.
Биылғы байқауға 70-тен астам студент қатысты. Ұйымдастырушылардың сөзінше, байқауға қатысушылардың саны жыл өткен сайын артып келеді.
Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»



