«Мэйкер» ЖШС ұжымымен кездесті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған ауқымды бастамаларды халыққа түсіндіру мақсатында Құрылтай депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Вице-министрі Бахтияр Жазықпаев, облыстық Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының төрағасы, Қарағанды облысы бойынша Қазақстандық бочча федерациясының басшысы Нұркен Кобжанов пен Мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Бексұлтанов «Мэйкер» ЖШС ұжымымен кездесті.

Сонымен қатар, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Қарағанды облысы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, «Әділет» қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков, Қазақстан Халқы Кеңесінің мүшесі, Қарағанды қаласы Білім бөлімінің «Кәусар» оқушылар сарайының директоры Әйгерім Исбекова да болды. Кездесу барысында еңбек нарығының сұранысына сай жұмысшы мамандарын даярлау, тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы міндеттер де назардан тыс қалмады. Әсіресе, ауылдық жерлерге білікті мамандарды тарту мәселесі қызу талқыланып, қатысушылар тарапынан осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіруге қатысты ұсыныстар айтылды.

Асхат Аймағамбетов өз сөзінде Ұлттық қор қаражатын сақтау мен оны елдің бүгінгі қажеттіліктеріне тиімді бағыттаудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, Ұлттық қор ең алдымен болашақ ұрпақтың игілігіне арналған стратегиялық қаржы көзі болғанымен, қазіргі қоғамның да өзекті сұраныстарын ескерусіз қалдыруға болмайтынын баса айтты.

– Мемлекет басшысы Ұлттық қорды сақтау мен оның қаражатын ел игілігіне жарату арасында тиімді теңгерім қалыптастыруды ұсынып отыр. Біз қорды орынсыз жұмсамаймыз, керісінше, оның жинақ көлемін арттыруды жалғастырамыз. Қазіргі таңда алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтері рекордтық деңгейге жетті. Сонымен бірге алдағы жылдары Ұлттық қордан ауқымды халықтық құрылыс жобаларын жүзеге асыруға қаражат бөлінеді. Қазірдің өзінде бұл мақсатқа 6,5 триллион теңге қарастырылған. Халықтық құрылыс дегеніміз – ең алдымен әлеуметтік және мәдени маңызы бар нысандар. Олардың қатарында заманауи перинаталдық орталықтар, балалар ауруханалары, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталықтары, ауылдар мен қалалардағы жаңа мектептер, жастарға арналған ғылым орталықтары мен оқушылар сарайлары бар. Мұның бәрі – бүгінгі қоғамға аса қажет нысандар. Олардың құрылысы келесі жылдан бастап қолға алынады, – деді Асхат Аймағамбетов.

Құрылтай депутаты инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де арнайы тоқталды. Әлеуметтік нысандар салумен қатар, елді мекендердің инженерлік-коммуникациялық жүйелерін жаңғырту қажеттігін атап өтті.

– Көп жағдайда біз сырт көзге бірден байқалатын заманауи мектептер мен зәулім ғимараттарды көреміз. Алайда, инфрақұрылымның көзге көріне бермейтін бөлігіне мән бермейді екенбіз. Атап айтқанда, жылу электр орталықтары, инженерлік желілер мен кәріз жүйелерінің жай-күйі назардан тыс қалмауы тиіс. Өкінішке қарай, бұған дейін аталған салаларға жеткілікті көңіл бөлінбей, қажетті қаржы да қарастырылмады. Сондықтан, Мемлекет басшысы бүгінде екі бағытта қатар жұмыс жүргізуді міндеттеп отыр. Яғни, инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртумен бірге әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын да жалғастырамыз. Мұндай жобалардың тиімділігі тек жаңа нысандардың бой көтеруімен өлшенбейді. Оның экономикаға мультипликативті әсері бар. Құрылыс жұмыстары басталғанда цемент, металл өнімдері, түрлі құрылыс конструкциялары мен өзге де отандық материалдарға сұраныс артады. Бұл өз кезегінде өндіріс орындарының дамуына серпін беріп, ондаған мың жаңа жұмыс орнын ашуға, салық түсімдерін ұлғайтуға және жалпы экономикалық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл – Мемлекет басшысы алдымызға қойып отырған ауқымды әрі стратегиялық маңызы зор міндеттердің бірі, – деді Асхат Аймағамбетов.

Кездесу барысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру, елдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру, халықты жұмыспен қамту, еңбек адамдарының әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері кеңінен сөз болды.

Сондай-ақ, кәсіпорын қызметкерлері өздерін толғандырған сауалдарын ортаға салып, депутаттан нақты әрі тұшымды жауаптар алды.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz



