Халық Конституциясы

Тұғыры мығым елдің тынысы кең

Халық Конституциясы тұғырына қонды. Енді өмірде не өзгереді? Елді елеңдеткен басты сауал – осы. Ата Заң мемлекеттік басқарудың соны тетіктерін айқындап, азаматтың құқығы, экономика, білім, экология секілді қоғамның күретамыр салаларына да тың талап қойып отыр. 

Сурет Ақорда

Құқық ұғымы шынтуайтында кез келген мемлекет үшін ұшқары түсінік еместігі баршаға аян. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституцияда адамның құқығы мен бостандығын қорғауға бағытталған бірқатар маңызды кепілдік бекітілді. Осыған байланысты, қылмыстық үдерісте адамның қорғаушы көмегіне жүгіну құқығы алғашқы мезеттерден бастап іске асады. Бостандықты шектеу сот бақылауында болады да, негізсіз ұстауға еш жол берілмейді. Адам өзіне немесе жақын туыстарына қарсы куәлік беруге міндетті болмайды. Кінәсіздік презумпциясы да конституциялық кепілдік ретінде сәтімен орнықты.

Ата Заңдағы тағы бір маңызды жаңалық – мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекетінен келген зиян үшін мемлекеттің жауапкершілігі. Азаматтың жағдайын ауырлататын немесе жауапкершілігін күшейтетін заңның кері күші болмайды. Уақыт өзгерді, құқықтық кеңістік те оңтайлы түрленді. Бүгінде кез келген тұлғаның дербес дерегі – жеке басының қол сұғылмайтын қастерлі шекарасы. Сондықтан, Конституция цифрлық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғауды, сондай-ақ, зияткерлік меншік құқығын да бекітеді. Дегенмен, құқық пен қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдік мәселесі барлығын ешкім жоққа шығармас. Ұлттық қауіпсіздікке байланысты құқықтарды шектеудің жекелеген негіздері де мұқият қарастырылды. Бұл теңгерімді тетіктердің азамат мүддесі мен мемлекет қауіпсіздігі арасындағы тепе-теңдікті қаншалықты сақтайтынын уақыт пен сот үдерісі айқындай жатады.

Ал, экономика саласы еркіндікке сүйенеді. Кәсіпкерге кең жол ашпай, берекелі бизнеске серпін беру қиын. Меншік қорғалмай, инвестициялық сенім қалыптаспайды. Халық Конституциясы осы қос мәселенің құқықтық негізін қалыптады. Заңды кәсіпкерлік қызметке мейлінше қолайлылық беріліп, мүлікті заң шеңберінде кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға кепілдік жасалды. Себебі, капитал ең алдымен тұрақтылықты көксейді. Меншік пен инвестицияның қорғалуына сенім артқан сайын елге келетін қаржының да көкжиегі кеңейе бермек. Ата Заңдағы тағы бір соны норма – жекелеген өңірлерге арнайы құқықтық режим енгізу мүмкіндігі. Конституциялық заң арқылы қаржы саласында ерекше тәртіп белгіленіп, тіпті, «жедел даму қаласы» режимі енгізілуі ықтимал. Оның аясында мемлекеттік басқару мен сот жүйесінің жұмыс істеуіне қатысты өзгеше тетіктер қарастырылуы бек мүмкін. Кәнігі сарапшылар мұны экономиканы әртараптандырудың тиімді құралы ретінде бағалайды. Демек, өңірлер арасындағы экономикалық бәсекені күшейтіп, жаңа өндіріс пен инвестиция тартатын нүктелер қалыптастыруға болады. Бірақ, сол мол мүмкіндікпен бірге жауапкершілік те назардан тыс қалмайды. Әсіресе, бюджет қаржысына келгенде. Білімге, медицинаға, инфрақұрылымға, халықты қолдауға бөлінген әр теңгенің тиімділігі енді бұрынғыдан да қатаң таразыға түспегі шүбәсіз шындық.

Табиғаттың тұмса қалпын ескермей, елдің ертеңін бажайлау – күрделі іс. Жердің тынысы, судың тазалығы, ауаның сапасы халықтың тұрмыс-тіршілігімен етене байланысты. Ата Заң табиғатты қорғауды мемлекет пен азаматқа ортақ жауапкершілік ретінде бекітті. Бұл, әсіресе, өндіріс пен ауыл шаруашылығы қатар дамыған облысымыз үшін айрықша мәнге ие. Көмір өндірілетін шахталар мен разрездер, мыңдаған гектар егістік пен жайылым, өзен-көлдер мен су көздері, қалалардың ауасы мен қоршаған ортасы  конституциялық жауапкершіліктің де нысаны екендігін баса белгілейміз.

Іргесі берік елдің ілкімді ісі көп.  Халық Конституциясы айқындаған  жолдың мәні де осында жатыр. Адамға – құқық, еңбекке – мүмкіндік, елге – жауапкершілік. Осы үштаған үғым орныққан мемлекет те мығым, сол халықтың болашағы да баянды болмақ.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
“Ortalyq Qazaqstan”

Фотоға түсініктеме: Ақорда

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button