Атбегілікке атүсті қарамайық!
Қазақтың жылқыға деген ықыласы – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан айнымас құндылық. Бабаларымыз үшін жылқы елдің еркіндігі мен рухының, азаматтың мәртебесі мен даланың сәні болған. Бүгінде елімізде жүз жылқының арасынан жүйрікті жазбай таныған сыншылар мен тұлпардың тамырын тап басқан атбегілердің өзіндік мектебі қалыптасты. Бүгінде сол дәстүрдің жібі үзілген жоқ. Керісінше, ұлттық ат спортына қызығушылық танытқан жастардың қатары көбейіп, ат баптау өнері еліміздің әр өңірінде қайта түлеп келеді. Бұл үрдістен Қарағанды облысы да шет қалған жоқ. Өңірлік бәйге федерациясының жүйелі жұмысы арқасында жарыстардың тәртібі реттеліп, ат дайындау мен бәйге өткізудің талаптары бірізденіп келеді. Жастардың ат спортына деген қызығушылығының артуы да осы атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Қазір жүйрік баптап, бәйгеден жүлде алып жүрген жас атбегілердің қатары артқан. Алайда, ұлттық ат спортының дамуы туралы сөз қозғалғанда, Қарағандыдағы ипподром мәселесі тағы да алдымыздан кесе көлденең шығады…

Атбегілердің ең көп шоғырланған өңірі – Қарағанды
Қарағанды облыстық бәйге федерациясы осыдан үш жыл бұрын жеке аккредиттеуден өтіп, дербес ұйым ретінде жұмысын бастаған. Содан бері өңірдегі ат спортының ұлттық түрін жүйелеуге және бәйге мәдениетін жаңа талаптарға сай қалыптастыруға басымдық беріп келеді. Өткен жылдан бастап федерация маусымашар және маусымжабар бәйгесін, Қала күніне орай ұйымдастырылған жарыстарды, сондай-ақ төрт жылда бір өтетін «Ақ бидай» фестиваліне іріктеу турнирлерін тұрақты түрде өткізіп келеді. Бүгінде Қарағанды өңірінде өтетін барлық бәйге федерацияның келісімі мен бақылауынан өтеді.
Бүгінде федерацияға Руслан Зорбасов жетекшілік етіп отыр. Федерация басшысы өзі де ат баптап, жүйрік жаратып жүрген атбегі. Қазір бабы мен бағы қатар толысқан бес тұлпары бар. Олардың арасында аламан бәйгеге шабатын жүйріктер де, құнандар да кездеседі. Жүйрік баптау да өнер. Осы орайда федерация басшысы бәйгелерге ат баптаудың да өзіндік тәсілдерін айтып берді.
– Қыста аттың жілік майын толтырып, жемдейміз. Содан кейін бір ай бойы шоқалақтап, желіп, жеңіл шабысқа дайындаймыз. Одан кейін барып тыныс жұмыстары басталады. Үш айдан соң аттың майы кетіп, қазысы тарқап, тер ала бастайды. Тер алу дегеніміз – салмаққа жұмыс істеу. Аттың әбден ащы тері кеткенде ғана бәйгеге қосамыз. Тер алған кезде төрт-бес мәрте терлетеміз. Аққан тері мөлдірленіп, терісі жұмсарған кезде ғана ат бәйгеге жарайды. Тайды бір айда дайындап шығаруға болады. Ал, құнанды екі айда жаратуға болады. Бірақ, қазақта дөненді жүгіртпеген. «Құнанында құртпа, мін, құмға байла. Еті піссін. Дөненінде бір жыл жібер. Қарны толсын. Бестісінде дайындап, бәйгеге қос» деген тәмсіл бар, – деді Руслан Мұратұлы.
Арқа өңірінде, жалпы, ат баптауды кеш бастайды. Себебі, алты ай қыс. Ал, оңтүстіктегілер қаңтардан ат жаратуға кіріседі. Сол кезден-ақ сынақ жарыстарын өткізіп, бабын байқап отырады. Ал, бізде сәуірде қар еріп, жер аяғы кеңіген шақта ғана мүмкіндік туады.
Федерация жетекшісінің айтуынша қазіргі уақытта өңірдегі аттардың дені – ағылшын, арабтың таза қанды жылқылары. Бұрынғы қазақы жылқылар азайған. Таза қанды аттарды дайындау үшін арнайы жолақ жасап, жерді тегістеп, жыртып қою қажет. Бүгінде аламан өтетін жерлерді алдын ала дайындап, шеңбер жасап қояды. Әдетте сәуір-мамыр айларында ғана аттарды тынысқа түсіріп, шабысқа баули бастайды.
– Қазіргі таңда өңірде таза қанды көп. Сәйгүліктердің шамамен 95%-ының жылқы қаны таза. Таза қанды деп, негізінен, ағылшын және араб тұқымдарын айтамыз. Сонымен қатар, бізде таза қанды ат тұқымына жататын Қостанай жылқылары да бар. Оларды да осы қатарға қосамыз. Себебі, Қостанай тұқымды сәйгүліктер араб және ағылшын аттарынан бәйгеде кем түсіп жатқан жоқ. Нәтижелері де жақсы. Одан бөлек, қазір қолтума аттарды өсіруде баса ден қойылып келеді.Шетелден әкелінген таза қанды аттар уақыт өте келе, жергілікті бәйгеге жарамай қалуы мүмкін. Тұяқтары да жергілікті жағдайға шыдамай, әлсіреп жатады. Кейін сол тұқымдардың аталығы мен аналығын жергілікті жерге бейімдеп, солардан тараған жылқыларды «таза қанды қолтума аттар» деп атаймыз. Қазір бұл бағыттағы селекцияны дамытып жүргендер көп. Бұл үрдіс тек бір өңірде емес, еліміздің басқа аймақтарында да кеңінен қолға алынып келеді. Оған өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы нәтижелерді мысал етуге болады. Бәйгенің барлық түрінен Қазақстан атынан қатысқан сәйгүліктер жүлделі орындардың басым бөлігін иеленді. Тек жорға жарысында ғана жүлдеге іліне алмадық. Өйткені, жорға бізде әлі толық жолға қойылмады. Атбегілердің ең көп шоғырланған өңірдің бірі – осы Қарағанды. Алайда, бізде ипподром жоқ. Бұл мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Бүгінде негізінен ас бәйгелерімен шектеліп отырмыз. Оның өзі шаң-тозаңды жерде өтеді. Бұл да зиян. Соған қарамастан, бәйгеге халық көп жиналады. Егер Қарағандыда заманауи ипподром болса, ірі турнирлердің басым бөлігі осы өңірде өтер еді, – деді ол.
Сондай-ақ, жастардың бәйгеге деген қызығушылығы да өте жоғары екендігін атады. Былтырғымен салыстырғанда биыл бәйгеге тіркелетін аттардың саны айтарлықтай артқан. Мәселен, былтыр сынақ бәйгелеріне небәрі 10 ат қатысса, биыл олардың саны 30-ға жеткен. Ал, ас бәйгелеріне 70-ке дейін жүйрік жиналады. Жыл сайын өтетін «Алтын құнан» турниріне биыл тіркелгендердің саны 300-ге жетіпті. Одан бөлек, тек Қарағанды облысының өзінде жыл сайын орта есеппен 1500-ге жуық ат бапталады екен.
– Атқа қызығушылығы бар азаматтар қымбатқа жүйрік сатып алып, оны жаратып, бәйгеге қосып жүр. Алайда, олардың көбі аттарын жаттықтыру үшін қолдан жасалған алаңдарға жүгінеді. Мұндай жерде шапқан аттың аяғына салмақ түсіп, жарақат алу қаупі артады. Егер ипподром болса, жағдай мүлде басқаша болар еді. Ат иелері жүйріктерін арнайы алаңға әкеліп, сонда жаттықтырып, бабында ұстауға мүмкіндік алар еді. Бұл әрі аттың жарақат алу қаупін азайтып, әрі жүйрік баптау ісін кәсіби деңгейге көтерер еді, – деді Руслан Зорбасов.
Жаппай көкпарға шектеу қажет
Қолтума жылқы өсіріп, жүйріктеріне сұраныс артқан атбегінің бірі – нұралық Нұрлан Намысов. VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан намысын қорғаған «Ақжүрек» атты сәйгүлік те осы Нұрлан Намысовтікі. Өзі 2013 жылдан бері көкпар тартып келген. Ал, 2017 жылы көкпардан бәйгеге біржола бет бұрады. Сол жылы таза қанды, аяғынан ақау шыққан бие сатып алып, одан құлын алып, содан бері қолтума жылқы өсіріп, жүйрік жаратып келеді. Бүгінде оның аттары талай доданың алдын бермей, бес мәрте көлік жеңіп алған. Солардың қатарында «Нұрақаста» сәйгүлігі 12 турнирге қатысып, барлығында да бірінші болып мәре сызығын кескен. 2023 жылы Ақжалда өткен 35 шақырымдық аламан бәйгеде топ жарып, көлік жеңіп алған. «Бақнұр» атты жүйрігі де жеті турнирге қатысып, жеті рет бірінші келген. Оның ең ірі жетістігінің бірі – Таразда өткен «Ұлы Алтын тай» республикалық біріншілігінде топ жарып, көлік ұтып алуы. Ал, «Желкиік» тайы Қарағандыда өткен «Алтын тай» бәйгесінде алдына қара салмаған. Былтыр «Қарақыз» Жаңаарқада ұйымдастырылған «Алтын құнан» жобасында жеңімпаз атанса, «Көкшоқай» Жарылғап батырдың асында аламан бәйгеде топ жарған.

Нұрлан Намысовтың атқа деген әуестігі бала кезінен басталған. Ат баптауды, жүйрік жарату тәсілдерін де өз бетімен үйренген. Содан бері қолтума жылқы өсірумен айналысып келеді. Сәйгүліктердің бірде-бірі бәйгеден осалдық танытқан емес. Қазірдің өзінде үш қора қолтума жылқы ұстап отыр. Оның жүйрік сатып алып, бәйгеге қосып жүргендердің алды бүгінде олжалы. Тіпті, Қарағанды өңіріндегі талай атбегінің тақымындағы жүйріктердің арасында Нұрлан Намысовтың қолтумасынан тараған аттар да бар.
– Атты таңдағанда, ең алдымен, басына қарайсың. Басының бітімі көңілге қонбаса, басқа мүшелеріне қараудың да қажеті жоқ. Содан кейін қабырғасына, шабына, сауырына, тұяғына, омырауына, тірсегіне, асық жілігіне мән бересің. Аттың жанына барып, көзбен көріп, жан-жақты байқамасаң, оның бабын да, болмысын да білу қиын. Мендегі аттардың бәрі – қолтума. Шетелден қыруар ақшаға жылқы сатып алып, соны жаратып жүрген жоқпын. Өзім осы күнге дейін көкпарға да, аламанға да ат жаратып келемін. Бұған дейін «Барыс қасқа» мен «Ардакүрең» атты көкпарға баптап, ұстап отырдым. Алайда, көкпаршылардың дені аттарды жаппай көкпарға алады. Яғни, бойы аласа жылқыларға көбірек сұраныс бар. Ал, мен жаратып жүрген аттар командалық көкпарға арналған. Олардың бойы 1 метр 70-72 сантиметр шамасында. Бірақ, мұндай аттарды сатып алу үшін қомақты қаржы шығаруға көпшіліктің құлқы жоқ. Сөйтіп, көбіне жаппай көкпарға арналған жылқыларды алады. Ал, менің аттарымды оңтүстіктен келіп, алып кетіп жатқандар да бар, – деді ол.
Атбегінің айтуынша, жылқы баптауда, ең алдымен, қатаң режим қажет. Жүйрікті жазда таңғы сағат алтыда, ал, қыста жетіде суғару керек екен. Оның қолтума биелермен қатар, бәйге мен көкпарға арналған аттар да бар. Осыншама жылқыны бабында ұстап, күтіп-баптаудың оңай еместігін атбегі де жасырмайды.
– Әр жылқының өзіндік күтім ерекшелігі бар. Соның бәріне көп уақытымыз кетеді. Мақсат Ақаев деген ағамыз: «Ат сатып алып, бәйгеге қосқанның бәрі – атбегі емес. Нағыз атбегі тұлпарды өз қолымен құлындатып, өзі жаратып, өзі бәйгеге алып шығып, нәтижесін көрсеткен адам ғана нағыз атбегі» дейді. Мен де осы пікірмен келісемін. Қазір шетелден 15 мың АҚШ долларына асыл тұқымды ат әкеліп, бәйгеге қосып жүргендер көп. Бірақ, олардың бәрін атбегі деп айта алмаймыз. Негізінде қазақ аламан бәйгеге шабатын атты оның сүйегіне қарап таңдаған. Аламанның аты сүйегі жеңіл, ақ етті болуы керек. Ал, көкпар аты керісінше, көкірегі кең, мойны ұзын болғаны дұрыс. VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпар құрамамыздың финалда жеңіліп қалуына да осы жағдайдың әсері болды деп ойлаймын. Өйткені, бізде жаппай көкпарға қызығушылық көбейді. Соның салдарынан командалық көкпардың аясы тарылып барады. Қазір көп нәрсе кәсіпке, ақшаға келіп тіреледі де, жұрт жаппай көкпарға ауысып кетті. Егер жаппай көкпарға шектеу қойып, командалық көкпарға көбірек көңіл бөлінсе, бұл спорт түрі әлдеқайда қарқынды дамыр еді, – деді Нұрлан Намысов.
Жүйрік ат тұяғының дүбірі – қазақ даласының үні. Ал, сол дүбірдің бәсеңдемей, керісінше, алысқа естілуі үшін жүйрікті танитын сыншы да, жарата білетін атбегі де, шабатын сәйгүлік те, бәйге өткізетін лайықты алаң да қатар керек.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



