Тұмауға қарсы вакцинация 15 қыркүйекте басталады
Күз мезгілінің келуімен жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ), тұмау және COVID-19 коронавирус инфекциясының таралу қаупі артады. Осыған байланысты 2026–2027 жылдардағы алдағы эпидемиялық маусымда аурудың алдын алуға бағытталған профилактикалық шараларға ерекше мән беру қажет.

Тұмау – жай ғана маусымдық суық тию емес, жұқпалылығы жоғары әрі асқынуы мүмкін инфекциялық ауру. Вирус адамнан адамға, әсіресе халық көп шоғырланатын жерлерде тез таралады. Мұндай орындарға мектептер, балабақшалар, еңбек ұжымдары, қоғамдық көлік және басқа да жабық ғимараттар жатады. Сондықтан эпидемиялық маусым кезінде жеке гигиена талаптарын сақтау, адам көп жиналатын орындарда сақтық шараларын ұстану және аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда дер кезінде медициналық көмекке жүгіну маңызды.
Тұмауды кез келген жастағы адам жұқтыруы мүмкін. Жас балалар, жүкті әйелдер, егде жастағы адамдар және созылмалы аурулары бар адамдар неғұрлым осал болып табылады. Тұмаудың негізгі белгілеріне дене қызуының жоғарылауы, әлсіздік, бас ауруы, жөтел, тамақтың және бұлшықеттердің ауыруы жатады. Тұмау ауыр асқынуларға, соның ішінде пневмонияға, сондай-ақ созылмалы аурулардың асқынуларына әкелуі мүмкін.
Тұмаудың алдын алудың негізгі шараларының бірі уақытылы вакцинация жүргізу болып табылады. Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 26 тамыздағы № 11-ПГСВ қаулысына сәйкес, 2026 жылғы 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакцинация басталады.
Вакцинация профилактикалық егулер жүргізілуге тиіс халықтың топтары арасында, сондай-ақ жоғары қауіп тобына жататын адамдар арасында жүргізіледі. Оларға созылмалы аурулары бар адамдар, мектеп оқушылары, жүкті әйелдер, егде жастағы адамдар, жас балалар, сондай-ақ жабық үлгідегі мекемелерде және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мекемелердегі адамдар жатады. Вакцинация ақпараттандырылған келісім алынғаннан кейін жүргізіледі.
Уақытылы вакцинация тұмаумен ауыруды, аурудың ауыр өтуін және асқынулардың даму қаупін төмендетеді. Қала тұрғындарына медициналық ұйымдарға уақытылы жүгініп, тұмауға қарсы вакцинациядан өту ұсынылады. Ұйымдар мен кәсіпорындардың басшыларына қызметкерлерді маусымдық тұмауға қарсы жұмыс берушілердің қаражаты есебінен вакцинациялау мүмкіндігіне назар аудару қажет.
Алдағы эпидемиялық маусымда қаланың медициналық ұйымдары тұмау, ЖРВИ және COVID-19 инфекциясымен жүгінетін пациенттер санының артуына дайын болады. Медициналық персоналдың, дәрілік заттардың қажетті дайындығы, сүзгілердің жұмысы және эпидемияға қарсы режимнің сақталуы қамтамасыз етіледі. Аурушаңдық өскен жағдайда қосымша инфекциялық төсектерді уақтылы орналастыру көзделген.
Жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Ауру белгілері болған жағдайда олар үшін үйге шақыртулар бірінші кезекте қызмет көрсетіліп, медициналық бақылау және көрсетілімдер болған жағдайда уақтылы ауруханаға жатқызу қамтамасыз етіледі. 2026 жылғы 1 қазаннан бастап медициналық ұйымдарда медицина қызметкерлері үшін маска режимі енгізіледі.
Мектептер мен балабақшаларда оқушылар мен қызметкерлердің күнделікті қатысу мониторингі, сондай-ақ ЖРВИ, тұмау және COVID-19 белгілері бар балаларды анықтау үшін таңертеңгі сүзгі жүргізіледі. Ауру белгілері бар балалардың білім беру ұйымына баруына жол берілмейді. Егер ауру белгілері күн ішінде пайда болса, бала ата-анасы келгенге дейін оқшауланады. Қолжетімді орындарда тері антисептигі бар санитайзерлер орнатылады.
Аурушаңдықтың өсу кезеңінде қосымша шаралар қарастырылады. Бір сыныптағы немесе топтағы балалар арасында ЖРВИ 20 пайыздан 30 пайызға дейін анықталған жағдайда, байланыста болған адамдарға жеті күнтізбелік күн мерзімге медициналық бақылау белгіленеді. Жалпы білім беретін ұйымдарда оқушылардың күн ішінде кабинеттер арасында ауысуы тоқтатылады және соңғы науқас анықталғаннан кейін инкубациялық кезең ішінде сыныптарға жаңа балаларды қабылдау шектеледі.
Сынып немесе топ оқушыларының 30 пайызы және одан да көп ауырған жағдайда балалар қашықтан оқытуға ауыстырылады. Мектепке дейінгі ұйымдарда аурушаңдықтың осындай деңгейінде соңғы ЖРВИ-мен ауырған адам анықталған сәттен бастап бір инкубациялық кезеңге оқу процесін уақытша тоқтату көзделеді.
Ата-аналарға есте сақтау маңызды: егер балада дене қызуының көтерілуі, жөтел, мұрыннан су ағу, тамақтың ауыруы, әлсіздік немесе респираторлық инфекцияның басқа да белгілері пайда болса, оны мектепке немесе балабақшаға жібермеңіз. Баланы үйде қалдырып, медициналық көмекке жүгініңіз.
Тұмаудың, ЖРВИ және КВИ-дің алдын алу үшін қарапайым ережелерді сақтау маңызды: мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын жерлерге, әсіресе жабық үй-жайларға бармау, науқастармен қарым-қатынасты шектеу, қажет болған жағдайда медициналық маскаларды пайдалану. Әсіресе қоғамдық орындар мен қоғамдық көлікке барғаннан кейін қолды сабынмен үнемі жуыңыздар. Жөтелгенде және түшкіргенде ауыз бен мұрынды майлықпен немесе шынтақтың бүгілген жерімен жабыңыздар. Үй-жайларды желдетіп тұрыңыздар, ылғалды тазалауды үнемі жүргізіңіздер, ұйқы және демалыс режимін сақтаңыздар, дұрыс тамақтаныңыздар және дене белсенділігін сақтаңыздар.
Ауру белгілері пайда болған кезде үйде қалып, уақытылы медициналық көмекке жүгініңіздер. Антибиотиктерді өз бетінше қабылдамаңыздар. Олар вирустарға әсер етпейді және тек дәрігердің тағайындауы бойынша қолданылуы мүмкін. Тұмауға қарсы вакцинациядан уақытылы өтіңіздер, профилактикалық шараларды сақтаңыздар және денсаулықтарыңызға мұқият қараңыздар.
С.ИРИСТАЕВ
Шахтинск қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері



