Қарағандыда Республика күні қарсаңында 50 қарағай отырғызылды
Республика күні қарсаңында Қарағанды қаласының экопаркінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында 50 қарағай көшеті отырғызылды. Игі бастама туған өлкенің табиғатын қорғауға, қаланың жасыл желегін көбейтуге және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.Конституцияда бекітілген қоршаған ортаны қорғау қағидаттары да осындай игі істердің маңызын айқындайды.

Іс-шараға Теміржолшылар мәдениет сарайының, Жаңа Майқұдық және «Молодежный» мәдениет үйлерінің шығармашылық ұжымдары, қалалық кітапханалардың және «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының қызметкерлері қатысты.

Қатысушылар экологиялық бастамаға үлес қосып қана қоймай, қоршаған ортаны аялаудың маңызын да көрсетті. Өйткені ағаш отырғызу – қаланың көркін арттырумен қатар, табиғи ортаны сақтауға және келешек ұрпаққа қолайлы өмір сүру кеңістігін қалдыруға бағытталған маңызды қадам.
Мұндай бастамалар тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, қоғамда экологиялық мәдениетті нығайтуға ықпал етеді. Әрбір отырғызылған көшет – қаланың жасыл болашағына жасалған қадам. Ал оны күтіп-баптап, өсіп-жетілуіне жағдай жасау – баршаға ортақ міндет.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар туған жердің тазалығын сақтауға, көгалдандыру ісін жандандыруға және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға үндейді.
Табиғатты қорғау әр адамның күнделікті ісінен басталады. Қарағандының жасыл желегін көбейтіп, таза әрі жайлы қала қалыптастыруға бағытталған мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



