АймақБас тақырып

Қарағанды облысында әлеуметтік қорғау саласының үздіктері марапатталды

Қарағанды облысында Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекенің басты сәттерінің бірі – әлеуметтік салада үздік нәтиже көрсеткен мамандарға облыс әкімінің жыл сайынғы сыйлығын табыстау.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Биыл бесінші рет ұйымдастырылған рәсімге мемлекеттік органдардың өкілдері, әлеуметтік сала қызметкерлері, әкімдердің мүгедектігі бар адамдармен жұмыс жөніндегі кеңесшілері және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Облыс әкімінің сыйлығы 10 номинация бойынша табысталды. «Үздік әлеуметтік қызметкер» аталымында Ақтоғай ауданында 26 жыл еңбек еткен Бақытгүл Абдрасилова жеңімпаз атанды.

«Әлеуметтік қорғау саласындағы үздік үкіметтік емес ұйым» номинациясы Теміртаудағы «Мейрім» жеке мекемесіне бұйырды.

1993 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ұйым 12 мыңнан астам жалғызбасты қарт адамға көмек көрсеткен.

Сондай-ақ «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының үздік қызметкері» аталымында Дарын Аубакиров, «Еңбек мобильділігі орталығының және оның филиалдарының үздік қызметкері» номинациясында Екатерина Усольцева марапатталды.

«Рухы биік тұлға» атағына параби бойынша халықаралық жарыстардың жеңімпазы әрі жүлдегері Айгүл Балмағамбетова ие болды.

Бұдан бөлек, «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үздік қызметкері» номинациясы Айгүл Омароваға, «Белсенді өмірді насихаттау үшін» аталымы Назира Какетаеваға, «Әлеуметтік осал топтармен жұмыс бойынша үздік маман» атағы Анар Алкеноваға берілді. «Жомарт жүрек» номинациясын «ARMAN-ASU» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Елдар Егинбаев иеленсе, «Мамандығына адалдығы үшін» марапаты Надежда Алексееваға табысталды.

Салтанатты рәсімде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ведомстволық наградалары да тапсырылды.

«Еңбек ардагері» төсбелгісі Майраш Оспановаға берілсе, «Салаға қосқан үлесі үшін» наградасымен Наталья Курганникова, Елдос Тілеуқабыл және Асулан Мекентай марапатталды.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button