АймақБас тақырып

«Тұлпар мініп, ту алған» жыр бәйгесі алғаш рет әскерилер арасында өткізілді

Қарағандыда әскерилер арасында алғаш рет ұйымдастырылған «Тұлпар мініп, ту алған» жыр бәйгесінде 6505 әскери бөлімінің жауынгері Мұхамедәлі Әбдуәлі үздік атанды. Жеңімпаз «Bolashaq» академиясының білім грантын иеленді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Елімізде алғаш рет пилоттық режимде өткізілген зияткерлік сайысқа 500-ден астам жас сарбаз қатысуға ниет білдірді. Жобаны ҚР Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығы мен ҚР Қорғаныс министрлігінің «Астана» өңірлік қолбасшылығы қолдады. Сондай-ақ 100-ден астам әскери жетекші сайысқа қатысушыларды дайындауға атсалысты.

Байқаудың мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту және әскери қызметшілердің зияткерлік әлеуетін дамыту. Қатысушылар Қанжығалы Бөгенбай батырдың ерлігі жырланған эпосты жатқа айтып, өзара бақ сынады.

Сайыста І орынды иеленген 6505 әскери бөлімінің жауынгері Мұхамедәлі Әбдуәлі «Bolashaq» академиясының білім грантын жеңіп алды. ІІ орын – 6505 әскери бөлімінің жауынгері Ермек Жуминге,  ІІІ орын – 5451 әскери бөлімінің жауынгері Әлішер Сайлауға бұйырды.

Жүлдегерлер мен оларды дайындаған әскери жетекшілерге ақшалай сыйлықтар табысталды. Шара аясында Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығы, Қорғаныс министрлігінің «Астана» өңірлік қолбасшылығы және бастамашылар арасында үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Әлібек Әлденейдің айтуынша, «Тұлпар мініп, ту алған» жыр бәйгесі бұдан былай жас сарбаздар арасында тұрақты түрде ұйымдастырылады.

Ал биыл күзде әскерге шақырылған жастар ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне ұсынылған «Алпамыс батыр» эпосын жаттап, келесі кезеңде бақ сынайды.

Бұдан бөлек, алдағы уақытта жас сарбаздар арасында «Кітап оқитын ұлт» додасын өткізу және әскери дайындық бағдарламасына ұлттық спорт түрі – қазақ күресін енгізу жоспарланып отыр.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл бастамалар әскери тәрбиені ұлттық құндылықтармен ұштастыруға, сарбаздардың рухани және физикалық дамуын жетілдіруге мүмкіндік береді.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button