Жаңалықтар

Қарағандыда «TAMYR» оқырмандар клубы ашылды

Қарағандыда «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы бастамасымен «TAMYR» оқырмандар клубы жұмысын бастады. Алғашқы кездесу Республика күні мен Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын дәріптеуге арналған «Ахмет айлығы» аясында өтті.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Жаңа клубтың мақсаты – кітап оқу мәдениетін дамыту, еркін пікір алмасуға мүмкіндік жасау және рухани құндылықтарды дәріптеу. Сонымен қатар қатысушылардың азаматтық ұстанымын нығайтып, қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға басымдық беріледі.

Алғашқы кездесуге ұстаздар, кәсіпкерлер, студенттер және қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын азаматтар қатысты. Олар «Ахмет. Ұлт ұстазы» тарихи сериалын талқылап, Ахмет Байтұрсынұлының ел болашағы үшін атқарған еңбегі мен азаматтық ұстанымы туралы ой бөлісті.

Әсіресе, ұлт ұстазының «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген сөзіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар бұл ұстанымның бүгінгі қоғам үшін де маңызын атап өтті. Елдің болашағы әр адамның жауапкершілігі мен нақты ісінен басталатыны айтылды.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар тарихи оқиғаларды бүгінгі өмірмен байланыстырып, өз көзқарастарын ортаға салды. Сондай-ақ клубтың алдағы жұмысы мен келесі кездесулерде талқыланатын тақырыптар жөнінде ұсыныстар айтылды.

«TAMYR» атауы да терең мағынаға ие. Ол адамның рухани негізін, өткенмен байланысын және өмірлік құндылықтарын білдіреді. Клуб жұмысы да осы ұстанымдарға сүйеніп, кітап арқылы ой-өрісті кеңейтуге және саналы пікір қалыптастыруға бағытталған.

Клуб «Өзіңді тап, өзегіңе орал» және «Сенімен оқу» бағыттарын біріктіреді. Алдағы уақытта мұнда әдеби шығармалар, тарихи туындылар, көрнекті тұлғалардың өмірі мен еңбегі және қоғам үшін маңызды тақырыптар талқыланады.

Ұйымдастырушылар «TAMYR» клубы кітап оқумен ғана шектелмей, ойлы азаматтардың басын қосатын, пікір алмасуға және жаңа бастамаларға жол ашатын ортаға айналады деп сенеді.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button