Жаңалықтар

Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі 50 жылдық мерейтойын атап өтті

Білім беру саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, талай маманның кәсіби жолына бағыт берген оқу орнының тарихы – тұтас бір дәуірдің шежіресі. Биыл Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің құрылғанына 50 жыл толып отыр. Жарты ғасыр бойы педагогикалық кадрлар даярлап келе жатқан білім ордасы мерейтойын атап өтіп, өткеніне көз жүгіртіп, болашаққа бағдарын айқындауда.

Суреттер ұйымдастырушылардан

1976 жылы негізі қаланған колледж уақыт өте келе кәсіби білім беру саласындағы тәжірибелі оқу орындарының біріне айналды. Осы жылдар ішінде мұнда білім мен тәрбие ұштасып, ұстаздық жолды таңдаған талай жас қанат қақты. Колледждің қалыптасу тарихы – еңбекпен өрілген дәстүрдің, кәсіби ізденістің және ұрпақтар сабақтастығының көрінісі.

Бүгінде оқу орны білім берудің қалыптасқан дәстүрлерін заманауи технологиялармен ұштастырып, еңбек нарығының сұранысына сай білікті мамандар даярлауға басымдық береді. Білім беру үдерісіне инновациялық әдістерді енгізу, студенттердің кәсіби дағдыларын дамыту және әр білім алушыға қолайлы орта қалыптастыру – колледж жұмысының маңызды бағыттарының бірі.

Мерейтой аясында оқу орнында директорлар кеңесінің отырысы өтіп, қонақтарға колледждің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен даму бағыттары таныстырылды. Шараға құрметті қонақтар мен ардагерлер қатысып, жарты ғасырлық тарихы бар білім ордасының жетістіктеріне назар аударды.

Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің директоры Гүлмира Уатаеваның айтуынша, биыл 50 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған білім ордасы жарты ғасыр бойы болашақ педагогтарды даярлау бағытынан айныған емес.

– Колледжіміздің тарихы 1976 жылдан басталады. Алғашында «Қарағанды педагогикалық училищесі» атанса, кейін педагогикалық колледж, гуманитарлық колледж болып өзгерді. 2020 жылдан бастап жоғары колледж мәртебесіне ие болды. Елу жылдық мерейтойымыз қарсаңында да оқу орнымызда бірқатар жаңашылдық жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, инклюзивті білім беруді қолдау бойынша ресурс орталығы ашылды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының мемлекеттік қайраткері, белгілі сазгер Ишан Сәрманқұлұлы Әміров атындағы конференц-зал мен оқу сапасын арттыруға бағытталған интерактивті видеостудия іске қосылды. Алдағы кезеңде оқу орнының алдында ауқымды міндеттер тұр. Соның бірі – цифрлық технологиялар мен заманауи білім беру әдістерін кеңінен енгізу арқылы республикадағы үздік педагогикалық колледждердің қатарына қосылу. Ұжым болашақта «Smart педагогикалық колледжі» атанып, білім беру саласында өзіндік орны бар, бәсекеге қабілетті оқу орны болуды мақсат етеді, – дейді Гүлмира Уатаева.

Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы, Суретшілер одағының мүшесі Айдархан Қалмаханов оқу орнының жарты ғасырлық тарихында жинақтаған тәжірибесі мен жетістіктерін ерекше атап өтті.

– Колледж республика көлемінде білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысатын базалық оқу орындарының бірі. Мұнда тәжірибелі ұстаздар мен жас мамандар бірлесе еңбек етіп, студенттердің сапалы білім алуына жағдай жасайды. Оқу орнының жетістіктері де аз емес. Осыдан он жыл бұрын архитектура және құрылыс бағыты бойынша халықаралық деңгейде марапаттар мен төрт медальға ие болған жетістіктеріміз бар. Мұның барлығы – ұжымның көп жылғы еңбегі мен кәсіби ізденісінің нәтижесі. Елу жылдық тарихы бар колледждің алар асуы әлі алда деп сенемін, – дейді Айдархан Қалмаханов.

Колледждің бұрынғы директоры Есжан Әмірoв оқу орнының жарты ғасырлық тарихына тоқталып, оның қалыптасуы мен дамуына қатысты естеліктерімен бөлісті. Оның айтуынша, колледж қиын кезеңдерді бастан өткерсе де, педагогикалық бағытынан айнымай, маман даярлау ісін жүйелі түрде дамытып келеді. Басшылық қызметке келген тұста оқу орнының материалдық жағдайы мәз болмаған. Ұжымның табанды еңбегі мен облыс басшылығының қолдауының арқасында ғимараттар жөнделіп, білім алушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік туған. Бұрын төрт мамандық бойынша 81 түлек даярланған болса, бүгінде мамандықтар саны 11-ге жуықтап, түлектер саны 300-ге жақындаған. Есжан Әмірoв бұл өсімді колледж дамуының маңызды көрсеткіші деп атап, оқу орнының басты ұстанымы – педагогикалық білім беру дәстүріне адалдық екенін жеткізді.

Мерейтой бағдарламасындағы маңызды бағыттардың бірі – инклюзивті білім беруді қолдау орталығының қызметімен таныстыру. Қонақтарға ұйымдастырылған экскурсия барысында Монтессори кабинеті, құм терапиясы кабинеті, көру қабілеті төмен білім алушыларды сүйемелдеу кабинеті, еңбек шеберханасы және интерактивті студия көрсетілді.

Аталған кабинеттердің әрқайсысы білім алушылардың жеке ерекшеліктерін ескеруге, олардың қабілеттерін дамытуға және оқу үдерісіне толыққанды қатысуына жағдай жасауға бағытталған. Орталықтың жұмысымен танысу арқылы қонақтар колледждің инклюзивті білім беруді дамытуға арналған тәжірибесін көріп, қолданылатын әдістердің мүмкіндіктеріне көз жеткізді.

Жарты ғасырлық мерейтой – тек өткенді еске алатын күн емес, жинақталған тәжірибені саралап, алдағы міндеттерді белгілеуге мүмкіндік беретін үлкен белес. Оқу орнының дамуына үлес қосқан ардагерлердің еңбегін бағалап, бүгінгі ұжымның ізденісін танытуға және келешекке ортақ мақсат қоюға негіз болатын кезең. Елу жыл ішінде талай өзгерісті бастан өткерген Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі үшін басты құндылық – білім сапасы мен ұстаздық еңбектің маңызын сақтау. Дәстүрге сүйеніп, жаңашылдыққа ұмтылған оқу орны алдағы уақытта да кәсіби білім беру ісіне үлес қосып, жаңа буын мамандарын даярлауды жалғастыра бермек.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button